Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде адамдар бірін-бірі таптап кете жаздады: 8 адам зардап шекті (видео)

сұмдық

Фото: Видеодан скрин

10 қазан күні Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті өтті. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион алдында адамдар бірін-бірі таптап кете жаздады. Салдарынан  бірнеше адам зардап шекті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде концерт кезінде түсірілген видеолар тарады. Кадрдан жиналған топтың бірін-бірі итеріп, айғайлап жатқанын көруге болады. Салдарынан осы топ арасында 18 жастағы қыздың жүрегі тоқтап, ол қыз жансақтау бөлімінде жатыр.

Мұны бойжеткеннің жақыны Threads парақшасында жазды. 

“Шымкенттегі Қайрат Нұртастың концертіне барған адамдардың әрекеті сұмдық.  Адамды жерге құлатып, ес-түссіз жатқанша таптауға қалай дәттерің барады. Сіңлімді тепкілегендерің не сұмдық?! Қайрат деп сонша есіргендерің не? Ұйымдастыру жұмысы да масқара. Сіңлім алты сағаттан бері жансақтау бөлімінде, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Қазір отбасымыз үшін өте ауыр”, – деп жазды ол. 
пікір
Фото: Threads скрин

Ал енді бірі концертке тіпті билеті жоқтар кіріп кеткенін жазды. 

“Ұят болды! Білдей Қайрат Нұртастың концерті, бірақ ұйымдастыру деңгейі өте төмен. Бір-бірімізді итеріп, таптап, өліп кете жаздадық. Сонда билет сатып алғанымыз не үшін?! Қасымдағы екі жігіттің “Брат, тегін кіру деген осы ма” деп мәз болып тұрғанын естідім. Олар да біз сияқты Golden аймағына кірді. Сонда билет сатып алған біз ақымақпыз ба? Ақша төлеп билет алған адамның құқығы қайда қалды? Мұндай ұйымдастыруды қалай ақтауға болады? Адамдардың қауіпсіздігіне кім жауап береді?”, – деп жазды бірі. 

“Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертіне барғаныма өкінемін.  Ұйымдастырушылардың жұмысы сұмдық болды. Қайрат Нұртас сахнаға шығар кезде кіреберістегі қақпаны жауып тастады. Жанымыздан өткен еріктілер “Қайта беріңіздер, қақпаны ашпайды” деп айтып жатты. Сонда біз билет алып не үшін келдік? Қақпаны 20 минуттай жауып ұстап, жұрт айқайлаған соң ғана бір жағын ашты. Сол сәтте адамдар жаппай жүгіріп, бір-бірінің үстіне құлап жатты. Көз алдымда бір қыздың жүрегі тоқтап қалды. Осыншама адамның арасында жүкті қыз да қысылып қалып, жылап жатты. Адамдардың қауіпсіздігін ойламағаны ма? Мұндай жағдайға жол беруге болмайды”, – деп жазды бірі. 

 

Дәрігерлер не дейді?

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, медициналық көмекке сегіз адам жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйіне жіберіліпті.

“Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды. Қазір оның жағдайы ауыр, бірақ біртіндеп жақсарып келеді. Қазір қыз дәрігерлердің бақылауында, оған қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – делінген жауапта. 

Freedom Aфиша не дейді?

Freedom Афиша өкілдері қазір істің мән-жайын анықтап жатқанын жеткізді.

“Оқиға салдарынан зардап шеккендер бар екені туралы ақпарат бізді де алаңдатып отыр. Қазір жағдайдың мән-жайын анықтап жатырмыз. Оқиғадан зардап шеккен болуы мүмкін көрерменнің амандығына алаңдаймыз. Бұл ретте адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі – басты назарымызда”, – делінген хабарламада. 

Оған қоса Freedom Афиша өкілдері концерттің ұйымдастырушысы – Show Service компаниясы екенін мәлімдеді.

“Freedom Афиша ұйымдастырушы белгілеген квота аясында билеттерді сатты. Сонымен қатар алаңда билеттерді тексеру және білезіктер тарату үшін еріктілердің жұмысын ұйымдастырды. Ал концерт өтетін орынды дайындау, көрермендерді кіргізу тәртібі мен күзетті ұйымдастыру Freedom Афишаның жауапкершілігіне кірмейді. Біз оқиғаның барлық мән-жайын объективті әрі ашық анықтауға мүдделіміз”, – делінген жауапта. 

Freedom Афиша өкілдері іс бойынша құқық қорғау органдарына қолдау көрсететінін айтты. 

“Осыған байланысты құқық қорғау органдарына толық қолдау көрсетуге және қолымыздағы барлық ақпаратты, соның ішінде іс-шараға дайындық барысы мен командамыздың алаңдағы жұмысына қатысты деректерді ұсынуға дайынбыз. Болашақта осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін оқиғаның себептерін анықтап, тиісті қорытынды жасау маңызды. Біз болған жағдайды бірлесіп талқылауға және бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру стандарттарын жетілдіруге үлес қосуға дайынбыз”, – деп жауап берді Freedom Афиша. 

Егер сіз осы оқиғадан зардап шексеңіз немесе оқиғаға қатысты ақпаратыңыз болса, +7 771 936 53 53 нөміріне немесе [email protected] электронды поштасына хабарласуыңызды сұраймыз.

Полиция не дейді?

Шымкент қаласы полиция департаменті қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

“Адамдардың шамадан тыс көп жиналуына байланысты келушілердің бірі зардап шекті. Қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында. Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Қазір сотқа дейінгі тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр”, – делінген полиция хабарламасында.

Ведомство өкілдері ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін және тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Қаза тапқандар туралы ақпарат жалған

Әлеуметтік желіде Қайрат Нұртастың концерті кезінде бірнеше адам қаза тапқаны туралы хабарлама тарады.

Алайда Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 11 Қазан, 2026 12:03