Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 11 жастағы қыз ойын-сауық орталығындағы жасанды жартастан құлап, мертігіп қалды

скалодром
Фото: Pexels

Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде 11 жастағы қыз жасанды жартасқа өрмелеп жүріп, биіктен құлап кетті. Салдарынан баланың омыртқасы зақымданып, ауыр жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 28 қазанда болған. Куәгерлердің айтуынша, қыз жасанды жартасқа өрмелеп, ең биік жеріне жеткен кезде төменге құлаған. Ол жерге бірден қатты еденнің үстіне түскен. Зардап шеккен бала Алматыдағы №1 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір ол нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер қыздың омыртқасы мен жұлыны зақымданғанын анықтаған.

Аурухана директорының орынбасары Тоқтар Құрметбек баланың қандай жарақат алғанын түсіндірді.

"Науқастың денесінің бірнеше жерінен жарақат анықталды. Омыртқасы мен жұлыны жабық жарақат алған. Сондай-ақ бел омыртқасының үшінші сүйегі үшінші дәрежеде қысылып сынған", – деді Тоқтар Құрметбек.

Дәрігердің айтуынша, қызға шұғыл ота жасалған. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Денсаулығында жағдайының нашарлағанын көрсететін өзгерістер байқалмағаны хабарланды.

Алматы қалалық полиция департаменті де оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Қазір полиция оқиғаның қалай болғанын және ойын-сауық орталығында қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтап жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде төрт жасар бала қолын ауыр жарақаттап, ауруханаға түскен еді. Анасының айтуынша, ұлының төрт сүйегі сынып, алақаны терең тілінген. Балаға ота жасалған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, орталықта қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын тексере бастаған.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 30 Қазан, 2026 16:28