"Дәрігермен танысқаным үшін 20 мың теңге төледім бе?": Қазақстандықтар жекеменшік клиникалардағы қайта қабылдау ақысына наразы
Әлеуметтік желіде жекеменшік клиникадағы дәрігер қабылдауы мен қосымша медициналық қызметтердің ақысына қатысты мәселе көтерілді. Желі қолданушысы алғашқы консультацияға 15–20 мың теңге төлегенін, кейін дәрігердің анализ тапсыруға жолдама жібергенін, тапсырған соң қабылдауға қосымша ақы жұмсауға тура келгенін жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдай туралы Threads желісінде Замиржан Жанбақиев есімді қолданушы жазды.
“Маған мынаны түсіндіріп беріңіздерші. Ақылы клиникаға барасың, дәрігердің қабылдауына 15–20 мың теңге төлейсің. Дәрігер бес минут тыңдап, 50 мың теңгеге талдау тапсыруға жібереді. Сосын нәтижелерді көрсету үшін қайтадан қабылдауға жазыласың. Ол үшін тағы 15 мың теңге төлейсің. Сонда, алғашқы 20 мың теңгені не үшін төледім? Дәрігермен танысқаным үшін бе?”, – деп жазды ол.

Осы жазбадан кейін басқа да желі қолданушылары наразылықтарын білдірді.
Қолданушылардың бірі қайта қабылдау ақысы да қымбат екенін, бұл емделуді қиындататынын жеткізді.
“Қайта қабылдауға алғашқы жолғыдай ақша төлеу дұрыс емес деп ойлаймын. Осындай жағдайдан кейін кейбір адамдар емін бастамай қояды. Біреулер жақсы дәрігерге қаралу үшін ауылдан немесе ауданнан келеді. Бірақ бірнеше рет қабылдауға жазылып, талдау тапсырған соң қалтасы көтермейтінін түсінеді. Бірнеше жыл бұрын әпкем дәрігерге 15 мың теңге төлеп барды. Қабылдау небәрі 10 минутқа созылды. Соған қарамастан, клиникадан “саумын” деген қорытындымен шықты”, – деп жазды желі қолданушысы.
Бір қолданушы мұрын қуысын шаю үшін жекеменшік клиникаға барғанын айтады. Алайда процедураны жасатпас бұрын дәрігердің қабылдауынан өтуі міндетті болған.
“Бірде гайморитім асқынып кетті. Мұрын қуысын шаю процедурасын жасау үшін жекеменшік клиникаға бардым. Мұндай процедураны білетіндер түсінеді. Бірақ маған алдымен дәрігерге қаралу керегін айтты. Ол кезде қабылдау құны 10 мың теңге еді. Мен дәрігерге емес, процедураға келгенімді айттым. Бірақ дәрігердің рұқсатынсыз жасамайтынын жеткізді. Амалсыздан қабылдау ақысын төледім. Дәрігерге кірсем, ол: “Сізде гайморит бар, мұрынды шаю процедурасын жасау керек” деп айтты”, – деп жазды бірі.

Тағы бір қолданушы дәрігердің қабылдауына 18 мың теңге төлегенін, алайда талдау нәтижесі дайын болған соң тағы да ақылы қабылдауға жазылғанын жеткізді.
“Дәрігердің қабылдауына 18 мың теңге төледім. Ол жағынды талдауын алып, нәтижесі дайын болған соң ем тағайындау үшін тағы ақы төлеуім керегін айтты. Неге талдау нәтижесімен бірге емдеу бойынша ұсыныстарды жібере салмайтынын сұрадым. Дәрігер жақтырмаған кейіп танытып: “Бізде тәртіп солай” деп жауап берді. Наразылығымды білдіргеннен кейін ғана нәтижені жіберуге келісті. Сонда 18 мың теңгені не үшін төледім? Бірнеше минут дәрігердің алдында отырғаным үшін бе?”, – деп жазды ол.

Денсаулық сақтау министрлігі не деді?
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінен мән-жайды сұрады. Министрлік жекеменшік клиникалардағы медициналық қызметтердің бағасын медициналық ұйымдардың өзі белгілейтінін түсіндірді.
“Кәсіпкерлік кодекстің 116-бабына (Кәсіпкерлік субъектілерінің бағалары мен тарифтерін мемлекеттік реттеу) сәйкес, заңда арнайы көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлер қызмет бағасын өз бетінше анықтайды. Сондықтан жекеменшік клиникалар дәрігер қабылдауының құнын өздері белгілеп, оны бекітілген прейскурантта көрсетуге құқылы. Медициналық ұйымдар қызмет түрлері мен олардың бағасы туралы ақпаратты пациенттерге қолжетімді етуге міндетті. Ақылы медициналық қызметтер шарт негізінде көрсетілуі керек. Ал медициналық көмек сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар барлық жағдайда сақталуы тиіс”, – делінген жауапта.
Министрлік мәліметінше, дәрігер қабылдауының ұзақтығы да белгіленген нормативтерге сай болуы керек.
“2022 жылы 27 сәуірдегі Денсаулық -37 бұйрығына сәйкес, консультация уақыты дәрігердің мамандығы мен көрсетілетін қызмет түріне қарай белгіленеді. Медициналық қызметтің сапасы мен көрсетілу тәртібіне қойылатын талаптарды министрлік реттейді. Ал нақты бағасын клиникалар белгілейді”, – делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеру жүргізуді тапсырғаны туралы жазған едік. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалап, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады.
"Шөгіп, сынып жатыр": Алматылықтар жаңадан төселген тротуарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне шағымданды