Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы жинағын жеке компанияларға тапсыру: Қазақстандықтар басқарушы компанияны қалай таңдай алады

Зейнетақы
Фото: shutterstock.com

Енді қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100 %-ын жеке компаниялардың басқаруына бере алады. Яғни ақшаны кім басқаратынын және оны қалай инвестициялайтынын азаматтардың өзі таңдайды. Бірақ жинақты сеніп тапсыратын компанияны қалай дұрыс таңдауға болады? Сарапшылар түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz порталына сілтеме жасап  хабарлайды. 

Бұрын зейнетақы жинағын тек Ұлттық банк басқарды. 2021 жылдан бастап азаматтарға белгілі бір шартпен ақшасының бір бөлігін жеке компанияларға беру мүмкіндігі ұсынылды. Ал 2023 жылы бұл мүмкіндік кеңейтіліп, ерікті жарналардан жиналған ақшаны толықтай жеке басқаруға беруге рұқсат етілді.

Жаңа өзгерістен кейін жеке компанияларға ақша аударуға қызығушылық артқан. Мысалы, 2026 жылдың 1 қаңтары мен 6 қыркүйегі аралығында 44,2 мың адам 69 миллион теңгеден астам қаражатын жеке басқаруға берген. Ал 7 қыркүйек пен 14 қазан аралығында тағы 32,9 мың салымшы 92,2 миллион теңге аударған.

Жалпы, 2026 жылғы 31 тамыздағы мәлімет бойынша, зейнетақы жинағын жеке компанияларға аудару саны 180,5 мыңға жеткен. Ал аударылған ақшаның көлемі шамамен 179 миллиард теңге болған. Бұл мүмкіндікті пайдаланған адамдар саны 2021 жылы 2,4 мың болса, 2026 жылы 42,6 мыңға өскен.

Басқарушы компанияны қалай таңдау керек?

Жеке компанияларға ақша аударуға қызығушылықтың артуы түсінікті. Өйткені енді азаматтар зейнетақы жинағын кім басқаратынын және ақшаны қалай инвестициялайтынын өздері таңдай алады.

Алайда компания таңдағанда тек табысына қарау жеткіліксіз. Зейнетақы жинағы ұзақ жылға жиналатындықтан, компанияның қаржылық жағдайын, ақшаны қалай басқаратынын және қандай тәуекелге баратынын да ескеру маңызды.

Жеке инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) – арнайы лицензиясы бар және адамдардың зейнетақы жинағын инвестициялайтын компания. Яғни ол заң талаптарын сақтай отырып, сеніп тапсырылған ақшаны көбейтуге тырысады.

Қазір азаматтар бес басқарушы компанияның бірін таңдай алады:

  • BCC Invest;
  • "Сентрас Секьюритиз" (Centras Securities);
  • Alatau City Invest;
  • Halyk Finance;
  • Tansar Capital.

Салымшылар зейнетақы жинағын бір ғана емес, бірнеше басқарушы компанияға бөліп бере алады. Бұл ақшаны әртүрлі жолмен инвестициялауға мүмкіндік береді. Жеке компанияны таңдаған адам табысы жоғары болуы мүмкін стратегияға ақша сала алады. Бірақ мұндай инвестицияның тәуекелі де бар. Оның үстіне жеке компаниялардың табысы Ұлттық банктен үнемі жоғары бола бермейді. Нәтиже нарықтағы жағдайға және таңдалған инвестиция түріне байланысты.

Ұлттық банк ақшаны барынша сақтықпен басқарады. Ал жеке компаниялар табысты көбірек алуға тырысып, тәуекелі жоғары инвестицияларға да бара алады. Дегенмен олардың барлығы заң талаптарын сақтауға міндетті. Сондықтан басқарушы компанияны тек табысына қарап таңдауға болмайды. Оның қаржылық жағдайы мен ақшаны қалай инвестициялайтынына да назар аудару керек.

Басқарушы компанияны қалай таңдау керек?

Жеке басқарушы компанияны таңдағанда оның соңғы бір айдағы немесе бір жылдағы табысына ғана қарауға болмайды. Өйткені жоғары табыс уақытша болуы немесе тәуекелі көп инвестицияның нәтижесі болуы мүмкін. Ең бастысы – компанияның ұзақ уақыт бойы тұрақты жұмыс істей алуы.

Сондықтан ИПБ таңдағанда оның қаржылық жағдайына, жұмыс тәжірибесіне және ақшаны басқару мүмкіндігіне назар аударған жөн.
Компанияның қаржылық жағдайын оның активтері мен меншікті капиталы арқылы бағалауға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, активтер – компанияның иелігіндегі қаражат пен мүлік, ал меншікті капитал – өзіне тиесілі қаржы.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, активтерінің көлемінен BCC Invest компаниясы басқа басқарушылардан алда тұр. Оның активтері 171,8 миллиард теңгеге жеткен. Бұл екінші орында тұрған компанияның көрсеткішінен 2,5 есе көп. Тіпті қалған төрт компанияның активтерін қосқандағы сомадан да жоғары.

Басқа компаниялардың активтері:

  • Alatau City Invest – 65,9 миллиард теңге;
  • Halyk Finance – 64,5 миллиард теңге;
  • Tansar Capital – 22,4 миллиард теңге;
  • Centras Securities – 10,2 миллиард теңге.

Қазір Қазақстанда лицензиясы бар 20 инвестициялық компания жұмыс істейді. Бірақ соның бесеуі ғана азаматтардың зейнетақы жинағын басқаруға өтінім қабылдай алады.

Меншікті капитал көлемі бойынша да BCC Invest бірінші орында. Компанияның өз капиталы 91 миллиард теңгеден асады. Қалған басқарушылардың көрсеткіштері:

  • Halyk Finance – 46,9 миллиард теңге;
  • Alatau City Invest – 41,9 миллиард теңге;
  • Tansar Capital – 10,3 миллиард теңге;
  • Centras Securities – 9,2 миллиард теңге.

Сонымен қатар бес компанияның барлығы қаржылық тұрақтылық пен тәуекелге қатысты міндетті талаптарды орындап отыр. Бұл талаптар пруденциялық нормативтер деп аталады.

Демек, басқарушы компанияны таңдағанда оның қанша табыс тапқанына ғана емес, қаржылық мүмкіндігіне де қарау керек. Активтері мен өз капиталы компанияның жұмыс ауқымы мен қаржылық әлеуетін бағалауға көмектеседі.

 Қай компания көп пайда тапқан?

Басқарушы компанияны бағалағанда оның қанша пайда тапқанына ғана емес, қолындағы ақшаны қаншалықты тиімді пайдаланатынына да қарау керек. Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында бес компанияның ішінде ең көп пайда тапқан – BCC Invest. Оның пайдасы 9,5 миллиард теңге болған.

Қалған компаниялардың көрсеткіштері:

  • Halyk Finance – 5,9 миллиард теңге;
  • Alatau City Invest – 2,9 миллиард теңге;
  • Centras Securities – 849,9 миллион теңге.

Ал Tansar Capital керісінше, 477,4 миллион теңге шығынға ұшыраған. Компанияның жұмысын бағалауда рентабельділік деген көрсеткіш те маңызды. Қарапайым тілмен айтқанда, ол компанияның өзіндегі ақша мен мүлікті пайдаланып қаншалықты пайда табатынын көрсетеді. Мұнда үш негізгі көрсеткіш бар:

  • ROE – компанияның өз капиталы қаншалықты пайда әкелгенін көрсетеді;
  • ROA – компанияның барлық активін пайдаланып қанша пайда тапқанын көрсетеді;
  • ROS – компания кірісінің қанша бөлігі пайда болып қалғанын көрсетеді.

Зейнетақы жинағын жеке компанияға беру табысқа кепілдік бермейді. Инвестициядан түсетін пайда алдын ала белгіленбейді: бір кезеңде табыс жоғары болса, басқа уақытта төмендеуі немесе шығын болуы мүмкін.

Мемлекет зейнетақы жинағына қатысты белгілі бір қорғау тетігін қарастырған. Егер инвестициялық табыс заңда белгіленген ең төменгі деңгейден төмен болса, айырмашылықты өтеу қарастырылған. Бірақ бұл тетік салымшыны кез келген шығыннан қорғамайды және міндетті түрде пайда табатынына кепілдік бермейді.

Сондықтан зейнетақы жинағын жеке компанияға бермес бұрын оның қаржылық жағдайын, инвестициялық стратегиясын, портфеліндегі қаржы құралдарын және бұрынғы нәтижелерін мұқият зерттеген жөн. Ең жоғары табыс көрсеткен компанияны таңдау жеткіліксіз. Ең бастысы – ақшаның қалай басқарылатынын және қандай тәуекел барын түсіну.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылы зейнетақы қаншаға өсетіні туралы хабарлаған едік. Бюджет жобасында ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңге, ал ең жоғары мөлшері 259 795 теңге болады деп көрсетілген. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 30 Қазан, 2026 17:34