Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2027 жылы зейнетақы қаншаға өседі

Зейнетақы
Фото: magnific.com

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр. Бюджет жобасында ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңге, ал ең жоғары мөлшері 259 795 теңге болады деп көрсетілген. Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін қаражатқа қатысты да болжам бар. Stan.kz алдағы жылы зейнеткерлерге қанша ақша төленуі мүмкін екенін түсіндіреді.

2027 жылы зейнеткерлер қанша ақша алады?

2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға өсуі мүмкін.

Құжатта ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңге, ал ең жоғары мөлшері 259 795 теңге деп көрсетілген. Дегенмен бұл сандар әзірге жоспарлы көрсеткіштер. Бюджет жобасы қаралып жатқандықтан, төлемдердің түпкілікті мөлшері әлі бекітілмеген. Зейнеткердің нақты алатын ақшасы оның еңбек өтіліне, бұрынғы табысына және қандай зейнетақы төлемдеріне құқығы бар екеніне байланысты.

Зейнетақы қандай бөліктерден тұрады?

Қазақстанда зейнеткердің алатын ақшасы бірнеше төлемнен құралуы мүмкін. Олардың әрқайсысының есептеу тәртібі бөлек.

  • Базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай тағайындалады.
  • Ынтымақты зейнетақы азаматтың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі мен есепке алынатын табысына байланысты есептеледі.
  • Ал жинақтаушы зейнетақы адамның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотында жиналған қаражаттан төленеді.

Сондықтан зейнеткерлердің алатын ақшасы бірдей емес. Бір адамның еңбек өтілі ұзақ болуы мүмкін, ал екіншісінің зейнетақы жинағы көбірек болуы ықтимал.

БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы қанша болады?

Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыдан бөлек, азаматтар БЖЗҚ-дағы жинақтарынан да ақша алады. Бұл төлемнің мөлшері адамның жеке шотындағы қаражатқа байланысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2027 жылы қордан төленетін ең төменгі ай сайынғы төлем 40 063 теңге болады деп жоспарланған. Алайда бұл сома барлық зейнеткердің алатын ақшасы осындай болады дегенді білдірмейді. Жинағының көлемі әртүрлі болғандықтан, азаматтардың БЖЗҚ-дан алатын төлемі де өзгеше болуы мүмкін. Сондай-ақ қордан төленетін жинақтаушы зейнетақыны мемлекеттік бюджеттен берілетін базалық және ынтымақты зейнетақымен шатастырмаған жөн.

Қазір Қазақстанда орташа зейнетақы қанша?

2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда орташа жиынтық зейнетақы 157 843 теңгені құраған.

Оның 103 931 теңгесі ынтымақты зейнетақыға, ал 53 912 теңгесі базалық төлемге тиесілі.

Ал 2026 жылы жасына байланысты ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге, ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 35 596 теңге болған.

Бұл көрсеткіштерді салыстырғанда, ең төменгі зейнетақы, базалық төлем және орташа жиынтық зейнетақы әртүрлі ұғым екенін ескеру керек. Мысалы, базалық төлем – зейнеткер алатын ақшаның бір бөлігі, ал орташа жиынтық зейнетақы бірнеше төлемнің жалпы сомасын көрсетеді.

Қазақстанда зейнеткерлер саны қанша?

2026 жылғы 1 қазанда Қазақстанда 2 601 046 зейнеткер тіркелген. Ал 2026 жылғы 1 ақпанда олардың саны шамамен 2,538 миллион болған. 2022 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 2,253 миллионға жуықтаған. Сонымен бірге елдегі зейнеткерлер санын 60 жастан асқан тұрғындардың жалпы санымен шатастыруға болмайды. Бұл екі көрсеткіш әртүрлі санаттарды қамтиды.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың басында Қазақстанда 60 жастан асқан 2 923 472 адам тұрған. Бұл ел халқының 14,2%-ын құраған. Олардың арасында зейнетақы алып қана қоймай, жұмысын жалғастырып жүрген азаматтар да бар. Мәселен, 2026 жылдың екінші тоқсанында 60 жастан асқан 465 302 қазақстандық еңбек еткен.

Зейнеткерлердің басым бөлігі – әйелдер

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, Қазақстанда зейнетақы алушылардың 64%-ы әйелдер, 36%-ы ерлер. 60 жастан асқан тұрғындар арасында да әйелдердің үлесі жоғары. 2026 жылдың басында осы жас санатындағы әйелдер саны 1 760 202 адамға, ал ерлер саны 1 163 270 адамға жеткен.

Қазақстандағы ең қарт зейнеткер нешеде?

Қазақстанда жасы 100-ден асқан 44 зейнеткер бар. Бұл туралы “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының мәліметінде айтылған. Елдегі ең қарт зейнеткер Шымкент қаласында тұрады, жасы 106-да. Ал зейнетақы алатын ең қарт ер адам 104 жаста.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын әртүрлі активтерге инвестициялау қажеттігін түсіндірген еді.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 17:16