"21 күн қолым гипсте болады": Әділет министрлігінің қызметкері басшысын өзіне қол көтерді деп айыптады
Әділет министрлігінің қызметкері басшысымен болған жанжал кезінде соққыға жығылғанын айтып, әлеуметтік желіде жарақаттарының суретін жариялады. Оның сөзінше, оқиға министрлік ғимаратының ішінде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
29 қазанда Threads әлеуметтік желісінде өзін Астана қаласының тұрғыны әрі Әділет министрлігінің қазіргі қызметкері ретінде таныстырған қыз жазба жариялады. Ол басшысымен арада жанжал туындап, соңы қол жұмсауға ұласқанын айтқан.
"19 қазан күні сағат 16:50 шамасында, жұмыс орнымда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ғимаратында маған тікелей басшым шабуыл жасады. Жұмыстағы келіспеушіліктер мен қызметкерге қатысты сын-ескертпелер еш жағдайда күш қолдануды ақтай алмайды. Алдағы 21 күн бойы қолым гипспен жүреді. Әлі күнге дейін денем ауырады. Түнде ұйықтай алмай жүрмін, болған жағдайды ауыр қабылдап жатырмын", – деп жазған ол.
Қызметкер сөзін растау үшін қолындағы тырналған жерлердің суреттері мен медициналық құжаттың фотосын жариялаған. Оның айтуынша, оқиға салдарынан мойны мен сол жақ білегі жарақаттанып зақымданған. Сондай-ақ білегінде жаралар пайда болған.
Ал осы жағдайдан кейін әріптестері де онымен амандасуды қойған. Әйел өз құқығын қорғауға тырысқаннан кейін қысымға тап болғанын айтады.
"Мен әлі де Әділет министрлігінде жұмыс істеймін. Бірақ үндемей қалмай, өз құқығымды қорғауға тырысқаным үшін жұмыс чатынан шығарып тастады. Әріптестерім де амандасуды қойды. Неге бұлай болғанын түсінбеймін", – деп жазды ол.
Ол полиция қызметкерлеріне де шағымданды. Оның сөзінше, оқиғадан кейін аудандық полиция бөліміне арыз жазғанымен, өтініші белгіленген тәртіппен тіркелмеген. Сондай-ақ арыздың қабылданғанын растайтын талон да 24 сағат ішінде берілмеген. Әзірге полиция бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
"Егер сенің жоғары лауазымың, таныстарың немесе ықпалың болмаса, өз құқығың бұзылса да үндемей, әділетсіздікке көніп жүруің керек пе? Өз құқығыңды қорғау айып па? Менің бар тілегім – мені естісе екен. Әділдік саған зиян келтірген адамның лауазымы мен таныстарына тәуелді болмаса екен?" – деп сұрақ қойды ол.

Сонымен қатар кейінгі пікірлерінің бірінде ол басшысын жаман адам деп санамайтынын, оның эмоциясын басқара алмаған болуы мүмкін екенін де айтқан.
Осы жағдайға байланысты Әділет министрлігіне ресми пікір білдірді.
"Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шешім қабылданады", – делінген министрлік жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі адам ұрлады деген күдікпен ұсталған еді. Дереккөздің болжамынша, ол бұл әрекетте Самбо федерациясының бірінші вице-президентімен бірге орындаған. Олар ер адамды қала сыртына алып кетуге тырысқан.
Алматылықтар автобус мен метродағы адамдар кептелісіне шағымданды: Әкімдік мәселені қалай шешпек