Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір батырмамен банк қызметтерін басқаруға болады": Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар талқыланған Halyk OIY Tech IT-конференциясы Алматыда екінші рет өтті

Фото: Евгений Морозов

29 қазанда Алматыда екінші жыл қатарынан Halyk OIY Tech IT-конференциясы өтті. Жиынға ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық өнімдер саласында жұмыс істейтін 500 маман жиналды. Конференцияда банк жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, клиенттерге қызмет көрсетуді жетілдіру, алаяқтықпен күресу және қаржы саласындағы технологиялардың болашағы талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстан-Британ техникалық университетінде өткен шараға Halyk Bank мамандарымен қатар Visa, Amazon Web Services, Plug and Play және Ymatrix компанияларының өкілдері қатысты. Конференцияда 30 спикер баяндама жасап, банк саласындағы технологиялық өзгерістер мен халықаралық тәжірибе туралы пікір алмасты. Бұл технологиялық алаңның ұйымдастырушысы – Halyk Bank, ал оның стратегиялық серіктесі – халықаралық Visa төлем жүйесі.

Фото: Евгений Морозов

Биыл конференцияда жасанды интеллектінің банк жұмысындағы мүмкіндіктеріне басымдық берілді. Атап айтқанда, бұл технологияның қызмет көрсету сапасын қалай жақсартатыны және клиенттерге қажет өнімді таңдауға қалай көмектесетіні талқыланды. 

Жасанды интеллект банктің қай бағыттарында қолданылады?

Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары, Тәуекел-менеджмент басшысы Роман Машчык жасанды интеллектіні қай бағыттарда қолданып жатқанын және оны дамыту жоспарын түсіндірді. Оның айтуынша, банк жасанды интеллектіні үш негізгі бағытта пайдаланып отыр:

  • Біріншісі – несие беру кезінде деректерді талдау. Банк жеке адамдар мен шағын және орта бизнестің несие алу өтініштерін бағалауда машиналық оқытуды пайдаланады. Енді бұл технологияны ірі компанияларға несие беру кезінде де қолдана бастады.
  • Екінші бағыт – банк ішіндегі жұмысты жеңілдету. Генеративті жасанды интеллект құжаттарды өңдеуге, көп көлемдегі ақпаратты талдауға және қызметкерлерге көмектесетін цифрлық көмекшілерді әзірлеуге пайдаланылады. Мұның бәрі күнделікті жұмысты жылдам орындауға мүмкіндік береді.
  • Үшінші бағыт – тапсырмаларды өздігінен орындай алатын жасанды интеллект агенттері. Олар берілген міндетке қарай ақпаратты талдап, белгілі бір әрекеттерді орындай алады. Алайда мұндай жүйелерді қолданғанда банк клиенттердің жеке деректерін қорғап, олардың мүддесін сақтауға басымдық береді.

Роман Машчыктың айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту тек бағдарламалық жасақтамамен шектелмейді. Оған қуатты есептеу инфрақұрылымы мен қомақты инвестиция қажет. 

“Меніңше, жасанды интеллектіні қолданудың өзі – жоғары технологиялық процесс. Мұндай шешімдерді енгізу үшін инфрақұрылымға қомақты қаражат салу қажет. Мысалы, үлкен тілдік модельдерге негізделген агенттік жүйені іске қосу үшін қуатты графикалық процессорлар (GPU) мен тиісті есептеу инфрақұрылымы керек. Оған миллиондаған инвестиция жұмсалуы мүмкін. Дегенмен клиенттер бұл өзгерістерді бірден байқай бермейді. Себебі заңнамада жеке деректерді қорғауға және шешім қабылдау үшін жауапкершілікті сақтауға қатысты талаптар қойылады. Сондықтан жасанды интеллект шешімдері клиенттермен байланыс орнатудың қолданыстағы арналарына біртіндеп енгізіледі”, – деді Роман Машчык. 
Фото: Евгений Морозов

Роман Машчыктың айтуынша, жасанды интеллектіні енгізу клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттырып, әр адамның қажетіне сай ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, банк белгілі бір қызметке қызығушылығы бар клиенттерді анықтап, оларға арнайы ұсыныс жібере алады.

“Мысалы, Алматыда тұратын, талғамы мен сұранысы бірдей он клиентке арналған арнайы ұсыныс бар делік. Банк сол ұсынысты дәл осы он клиентке ғана жібере алады. Қалған тұтынушыларға бұл ұсыныс көрсетілмейді. Демек біз көпшілікке бірдей ұсыныс таратудың орнына, әр адамға қажет қызметті ұсынуға тырысамыз”, – деді ол. 

Сонымен қатар Роман Машчык тағы бір маңызды бағытқа тоқталып өтті. Ол – банктің ішкі процестерін жеделдетуге арналған агенттік жүйелерді әзірлеу.

“Жасанды интеллект банктің ішкі процестерін жеделдетуге де көмектеседі. Соның бірі – ірі компанияларға несие беру кезінде қажет деректерді талдау. Ол үшін компанияның қаржы есебі, банкпен қарым-қатынасына қатысты мәліметтер мен ақша аударымдары туралы деректер зерттеледі. Ал қазір дәл осындай жұмыстарға жасанды интеллектіні қолдану арқылы процесті жеделдетуге тырысып жатырмыз. Жүйе қажет деректерді талдап, қорытынды құжаттардың бастапқы нұсқаларын дайындауға көмектеседі. Кейін бұл материалдар несие беру туралы шешім қабылдайтын комитетке ұсынылатын құжаттарды әзірлеуге қолданылады”, – деді Роман Машчык.

"Halyk Bank цифрлық көмекшіні 200 мың клиентке ұсынды"

Конференцияда банк клиенттеріне арналған жаңа цифрлық көмекші де таныстырылды. Оны Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Кирил Бачваров таныстырды. 

“Қазір цифрлық көмекшінің екі негізгі қызметі жұмыс істейді. Біріншісі – пайдаланушылардың сұрақтарына жауап беру. Екіншісі – телефонның байланыс тізіміндегі адамға ақша аудару. Мысалы, клиент “Жұбайыма ақша аудар” деп тапсырма бере алады”, – деді Кирил Бачваров.
Фото: Евгений Морозов

Оның сөзінше, цифрлық көмекші болашақта банк қызметтерін пайдаланудың негізгі құралына айналуы мүмкін. Қазір көптеген мобильді қосымшада пайдаланушы қажет қызметті табу үшін түрлі бөлімдерге кіріп, бірнеше қадамнан өтуі тиіс. Ал цифрлық агенттің көмегімен бұл процестерді жеңілдетуге болады.

“Болашақта клиент бір батырманы басу арқылы, өзіне арналған цифрлық агентпен сөйлесіп, мәселесін шеше алады. Ол тұтынушының қаржы жағдайын, бұрынғы операцияларын және қажетін жақсы білуі керек. Мұны әр науқастың ауру тарихын білетін жеке дәрігермен салыстыруға болады”, – деді Кирил Бачваров.

Оның айтуынша, енді клиенттер ақша аудару, несие алу немесе депозит ашу үшін қажет бөлімдерді іздеп әуре болмайды. Мұндай тапсырмаларды бір цифрлық агент немесе өзара байланысқан бірнеше агент орындай алады.

“Цифрлық көмекшіні SuperApp қосымшасының “Көмек” бөлімінен таба аласыз. Ол кей тұтынушылардың қосымшасының басты бетінде де баннер түрінде көрсетіледі. Бұл – жасанды интеллект көмекшісінің клиентке қолжетімді бола бастағанын білдіреді”, – деді Кирил Бачваров.

Банк операцияларын жеделдетуге 70-тен аса ЖИ агенті көмектеседі

Halyk Bank деректер офисінің басшысы Рүстем Мұратбеков жаңа технологияларды енгізу банктің ішкі жұмыс процестерін де өзгертіп жатқанын жеткізді. 

“Бұрын бір технологиядан екіншісіне көшу үшін бір немесе бір жарым жыл қажет болатын еді. Қазір мұндай жұмысты екі-үш айда аяқтауға мүмкіндік бар. Оған жасанды интеллектінің көмегімен ақпаратты жылдам талдау, мамандардың жұмысын жеңілдету және кейбір процестерді автоматтандыру ықпал етеді”, – деді Рүстем Мұратбеков. 

Рүстем Мұратбеков банк ішінде бизнес процесіне көмектесетін 70-тен астам жасанды интеллект агенті бар екенін айтты. 

“Бұрын қымбатқа түсетін әрі арнайы мамандарды қажет ететін деректерді талдау құралдарын қолдану мүмкіндігі де кеңейіп келеді. Әрине мұндай технологиялардың тұтынушыларға да берер пайдасы мол. Біріншіден, операциялар жылдам орындалады. Екіншіден, жұмыс процестерінің тұрақтылығы артады. Үшіншіден, мобильді қосымшадағы қажет функциялар мен қызметтерді табу жеңілдейді”, – деді ол. 

Оның айтуынша, технологиялық өзгерістердің маңызды мақсатының бірі – банк ішіндегі тәжірибе мен білімді қоғамға тарату. Осы тұрғыдан алғанда, конференция IT мамандары мен студенттерге саланың даму бағытын түсінуге және жаңа жобалармен танысуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект алаяқтықпен күресте қалай қолданылады?

Конференцияда жасанды интеллектінің қауіпсіздік саласындағы мүмкіндіктері де талқыланды. Бұл туралы ашығырақ Chief data science кеңсесінің team lead data scientist-i Динара Жаңабергенова айтып берді. Оның сөзінше, банк күмәнді операцияларды анықтау үшін болжауға негізделген жасанды интеллект модельдерін пайдаланады.

“Мұндай модельдер транзакциялар туралы деректерді талдап, алаяқтық айла-шарғы белгілерін дер кезінде анықтауға көмектеседі. Себебі банк операцияларының көлемі үлкен болғандықтан, барлық деректі жылдам өңдеу және күмәнді әрекеттерді байқау маңызды”, – дейді Динара Жаңабергенова.

Сонымен қатар ол алаяқтықтың алдын алумен арнайы бөлімдер айналысатынын жеткізді. 

“Күмәнді әрекеттер анықталған жағдайда, тиісті мамандар қажет шараларды қабылдайды. Бұдан бөлек, банкте генеративті жасанды интеллектіні дамытумен айналысатын арнайы топ бар. Бұл технология құжаттарды қарау мен өңдеуде, несие процестерге қажет қорытындыларды дайындауда және заңдық мәселелерге қатысты құжаттарды талдауда қолданылады”, – дейді Chief data science кеңсесінің team lead data scientist-i. 

Динара Жаңабергенованың сөзінше, жасанды интеллект клиенттің банк қызметтерін пайдалану жолын оңтайландыруға да көмектеседі. 

Фото: Евгений Морозов

Халықаралық тәжірибе мен технологиялық серіктестік

Halyk OIY Tech 2026 конференциясына Amazon Web Services, Plug and Play, Ymatrix және Visa компанияларының өкілдері қатысты. Олар қаржы саласындағы жаңа технологиялар мен өз тәжірибелерін таныстырды.

Amazon Web Services өкілдері генеративті жасанды интеллект пен өздігінен тапсырма орындай алатын жүйелердің мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. Plug and Play мамандары жаңа технологияларды дамытуға және инновациялық жобаларды қолдау тақырыбына тоқталды. Ал Ymatrix өкілдері компанияларға деректерді талдауға көмектесетін платформалар жөніндегі тәжірибесін бөлісті.

Фото: Евгений Морозов

Halyk OIY Tech конференциясы алғаш рет 2025 жылы өткен. Былтыр жиында Halyk SuperApp пен Onlinebank платформаларының жұмысы, ірі цифрлық жүйелерді дамыту және қаржы саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды. Биыл өткен конференцияда да осы тақырыптар жалғасын тапты. Алайда басты назар жаңа технологияларды банк жұмысына енгізуге және клиенттерге көрсетілетін қызметті жақсартуға аударылды. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 30 Қазан, 2026 12:04