Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конституциялық сот тұрғын үй төлемдерін неге екінші рет алуға болмайтынын түсіндірді

Тұрғын үй
Фото: Pexels

Қазақстанда тұрғын үй төлемін үй сатып алу үшін бір рет қана пайдалануға болады. Конституциялық сот құқық қорғау органының қызметкеріне төлемді екінші рет тағайындаудан бас тартудың заңдылығын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Конституциялық сот “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңдағы тұрғын үй төлемдерін баспана сатып алуға бір рет қана пайдалануға мүмкіндік беретін норманың Конституцияға сәйкестігін қарады. Бұған құқық қорғау органында қызмет ететін азаматтың өтініші себеп болған. Ер адам бұған дейін ипотекалық несие мен тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, бір бөлмелі пәтер сатып алған. Несиесін толық өтегеннен кейін оған берілетін төлемдер тоқтатылған. Кейін ол екі бөлмелі пәтер алу үшін жаңа ипотека рәсімдегенімен, тұрғын үй төлемдерін қайта тағайындаудан бас тартылған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бұл шешімді заңды деп таныған. Алайда өтініш иесі тұрғын үй төлемдерін қайта алуға қойылған шектеу азаматтардың баспанамен қамтылу құқығына және заң алдындағы теңдік қағидатына қайшы келеді деп есептеген.

Конституциялық соттың түсіндіруінше, тұрғын үй төлемдері қызметтік баспананың орнына азаматтардың жекелеген санаттарына бюджет есебінен беріледі. Оны жеке меншікке үй сатып алуға пайдалануға болады. Алайда заңда бұл құқықты бір рет қана жүзеге асыру қарастырылған.

Сот өтініш иесінің тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, пәтер сатып алу мүмкіндігін бұрыннан қолданғанын атап өтті. Ипотекалық несие толық өтелген соң төлемдер уақытша тоқтатылмаған, мүлде тоқтатылған. Ал заңнамада сол елді мекеннен қайтадан баспана сатып алу үшін төлемдерді қалпына келтіру тәртібі жоқ.

Сонымен бірге сот қызметкердің отбасы құрамын ескере отырып, қызметтік баспана алуға құқығы сақталатынын түсіндірді. Егер ол қызмет бабымен басқа өңірге ауысса, тұрғын үй төлемдерін жалға алған баспанасының ақысын төлеуге пайдалана алады.

Конституциялық сот заңның тұрғын үй төлемдерін беру шарттарын белгілеуі және оларды баспана сатып алуға бір рет қана пайдалануды көздеуі өздігінен азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзбайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстанда жалдамалы баспана бағасы түсті.

Айнура Дарибаева
Жұма, 30 Қазан, 2026 10:03