Ақтөбеде 42 мың теңге зейнетақы алатын әке балаларын өзіне қалдыру үшін соттасып жүр
Ақтөбе облысының тұрғыны Бауыржан Қайсиев екі қызын өз асырауына алу үшін соттасып жатыр. 63 жастағы ер адам 11 және 13 жастағы қыздарымен ескі саман үйде тұрады. Ай сайынғы зейнетақысы – 42 мың теңге. Екі жыл бұрын әйелі отбасынан кеткен. Кейін сот қыздарды анасымен қалдыру туралы шешім қабылдаған. Алайда ер адамның айтуынша, бұрынғы жұбайы балалардың тәрбиесіне араласпайды екен. Соған қарамастан, ол қыздарын ешкімге бергісі жоқ дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Соғалы ауылының шетіндегі шағын үйде Бауыржан Қайсиев екі қызымен бірге тұрады. Үйдің бар тірлігі ер адамның мойнында. Ол қыздарына тамақ дайындайды, киімдерін жуады, шаруашылықты жүргізеді. Таңертең мектепке шығарып салып, кешке күтіп алады.
Екі жыл әйелі үйден кетіп, басқа ер адаммен бірге тұра бастаған. Бауыржанның сөзінше, содан бері бұрынғы жұбайы қыздарының жағдайын сұрап та келмеген. Әйтсе де сот балаларды анасының тәрбиесіне беру туралы шешім шығарған. Енді әке қыздарынан айырылып қалудан қорқады.
“Қобдадан келіп, қорқытып, қоқан-лоқы көрсетеді. Олармен бірге полиция да жүреді. “Қыздарыңды алып кетеміз” дейді. Ал қыздарымның киімін өздері киіп, тамағын өзім беріп, бар жағдайын жасап отырмын”, – дейді ол.
Бауыржан үшін ең қиыны – қаржы тапшылығы. Жазда зейнетке шыққан ер адамның ай сайынғы табысы 42 мың теңгеден аспайды. Атаулы әлеуметтік көмек алуға да өтініш білдірген. Десе де отбасының табысын есептегенде үйіндегі қой мен ешкі де ескеріліп, жәрдемақы тағайындалмаған.

Отбасы екі бөлмелі ескі үйде тұрады. Үй пешпен жылытылады, ас газ баллонымен әзірленеді. Ауызсуды ұңғымадан тасиды. Тұрмыс жағдайы жұпыны болғанымен, Бауыржан қыздарына осы үйде өзімен бірге тұрған әлдеқайда жақсы деп есептейді. Өйткені анасы балалардың тәрбиесіне көңіл бөлмейді.
Аудан әкімдігі де отбасының жағдайынан хабардар. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, Бауыржан ішімдік ішпейді, қыздарын өзі бағып-қағып отыр. Оған балаларды интернатқа орналастыру ұсынылғанымен, әкесі бұған келіспеген.
Қобда ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Күлбергеновтің айтуынша, Бауыржанның зейнетақысының аз болуы еңбек өтілінің жеткіліксіздігіне байланысты. Дегенмен отбасыға белгілі бір деңгейде қолдау көрсетіліп келеді.
“Білім бөлімі жыл сайын әр балаға оқу жылына дайындалу үшін 50 мың теңгеден бөледі. Сонымен қатар 2025 жылы жағдайы төмен отбасы өтініш білдіріп, 100 АЕК көлемінде, яғни 393 мың теңге біржолғы қаржылай көмек алды”, – деді әкімнің орынбасары.
Отбасына ауылдастары да қол ұшын созып жүр. Бірі азық-түлікпен көмектессе, енді бірі қыздарға киім-кешек әкеледі.
Ал Бауыржанның материалдық жағдайын жақсартудан бұрын шешкісі келетін бір мәселесі бар. Ол – екі қызын өз жанында қалдыру. Қазір ер адам сот шешіміне қарсы шағымданып, балаларды өзі тәрбиелеу құқығын қайтаруға тырысып жүр. Әкенің айтуынша, қыздары да анасымен емес, өзімен бірге қалуды қалайды.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана үйіне кіре алмай отырғаны туралы жазған едік.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
