Декреттік төлем 4,3 миллион теңгеге жетеді: 2027 жылы қазақстандық аналар қанша ақша алады
Stan.kz 2027 жылы ең төменгі жалақы өссе, декретке шығатын әйелдер мен бала күтіміндегі аналардың қанша теңге алатынын есептеп көрді. Есепке сәйкес, жүктілік пен босануға берілетін ең жоғары төлем 3,2 миллион теңгеге, ал арнайы радиациялық аймақтарда тиісті талаптарға сай келетін әйелдер үшін 4,4 миллион теңгеге жуықтауы мүмкін. Бірақ бұл соманы кімдер ала алады және қолға нақты қанша ақша тиеді?
Биыл 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменге жалақы мөлшесін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Осы өзгеріс жүзеге асса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін ең жоғары әлеуметтік төлемдер, соның ішінде жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемі де артады.
Ал Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарын көрген, заңда белгіленген аумақтарда тұратын әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты ұзартылған демалыс беріледі. Мұндай жағдайда төлем 4 миллион теңгеден асуы ықтимал.
Алайда декретке шыққан әр әйелдің қолына бірдей сома түспейді. Біржолғы төлемнің мөлшері соңғы 12 айдағы табысқа, ал бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем соңғы 24 айдағы табысқа байланысты есептеледі. Бұған қоса, есептелген сомадан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады.
2027 жылы ең жоғары декреттік төлем қанша болады?
2026 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 000 теңге. Әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде айлық табыстың ең жоғары шегі ең төменге жалақы мөлшерінің (ЕТЖ) жеті еселенген мөлшерімен шектеледі. Демек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік аударымдар ең көбі 595 000 теңге табыстан есептеледі.
Алайда мұнда бір маңызды ерекшелік бар: зейнетақы жарналары есептелетін табыс пен әлеуметтік аударымдар есептелетін табыс бірдей емес. Егер зейнетақы жарналары есептелетін айлық табыс 661 200 теңге болса, әлеуметтік аударымдар үшін белгіленген шекті мөлшер бәрібір 595 000 теңгеден аспайды. Сондықтан декреттік төлемді есептеу кезінде нақты жалақының толық сомасы емес, заңда белгіленген шек пен соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар ескеріледі.
Егер 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілсе, есепке алынатын табыс шегі 770 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Қалыпты босану кезінде жүктілік пен босануға байланысты демалыс 126 күнге созылады. Төлемді есептеу үшін орташа айлық табыс 4,2 коэффициентіне көбейтіледі.
Осыған сәйкес, 2026 жылы ең жоғары есептік төлем 2 миллион 499 мың теңге болады. 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталғаннан кейін әйелдің қолына 2 миллион 249 мың 100 теңге түседі.
Ал 2027 жылы есепке алынатын айлық табыс 770 мың теңгеге жетсе, 126 күнге есептелетін төлем 3 миллион 234 мың теңге болады. Зейнетақы жарнасы ұсталғаннан кейін әйелдің қолына 2 миллион 910 мың 600 теңге түсуі мүмкін.

Ең төменгі жалақы алатын әйелдің төлемін де есептеп көрейік. Мұнда әйелдің соңғы 12 ай бойы ай сайын 85 мың теңге табыс тауып, әлеуметтік аударымдары толық жасалғаны болжанады.
2026 жылғы есеп:
- Орташа айлық табыс – 85 000 теңге.
- 126 күнге есептелетін төлем: 85 000 × 4,2 = 357 000 теңге.
- Міндетті зейнетақы жарнасы: 357 000 × 10% = 35 700 теңге.
- Әйелдің қолына түсетін сома – 321 300 теңге.
Егер 2027 жылы әйелдің орташа айлық табысы 110 мың теңгеге жетсе, есеп мынадай болады:
- Декреттік төлем: 110 000 × 4,2 = 462 000 теңге.
- Міндетті зейнетақы жарнасы: 46 200 теңге.
- Қолына түсетін сома – 415 800 теңге.
Яғни, осы екі мысалды салыстырғанда, әйелдің қолына түсетін біржолғы төлем 94 500 теңгеге артады. Дегенмен осы есептерде 2026 және 2027 жылдардағы табыс тиісінше 85 мың және 110 мың теңге болып, әлеуметтік аударымдар толық төленеді деп алынды. Нақты төлем тек жалақыға емес, есептік кезеңде әлеуметтік аударымдар жасалған табысқа байланысты анықталады.
Есеп бойынша, жүктілік және босану бойынша біржолғы төлем 2 499 000 теңгеден 3 234 000 теңгеге, ал бала күтіміне арналған ай сайынғы төлем 238 000 теңгеден 308 000 теңгеге дейін өсуі ықтимал. Екі төлемнен де 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады.
Еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша ең жоғары төлемдер 430 950 теңгеден 557 700 теңгеге, ал жұмысынан айырылу бойынша төлем 267 750 теңгеден 346 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Бұлар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) ұсталмағанға дейінгі сомалар.
Экологиялық аймақта тұратын әйелдерге төлем көбірек пе?
Иә, заңда белгіленген экологиялық және ядролық сынақтардың зардаптарына байланысты аумақтарда тұратын әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты еңбекке жарамсыздық мерзімі ұзартылуы мүмкін. Семей ядролық сынақ полигонының зардап шеккен аумақтарында тиісті талаптарға сай келетін әйелдер үшін бұл мерзім 170 күнге жетеді.
2027 жылы ЕТЖ 110 000 теңгеге дейін өседі деген болжаммен, Шығыс Қазақстан облысындағы арнайы аумақтарда декреттік демалысқа шығатын әйелдерге берілетін ең жоғары біржолғы төлем шамамен 4,3 миллион теңгеге жетуі мүмкін. Бұл сома есепке алынатын орташа айлық табыстың ең жоғары шегі – 770 000 теңге негізінде есептеледі.
Кестеде әйелдің декретке шыққанға дейінгі есептік кезеңде тек бір ай ғана жұмыс істеп, сол айда зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік аударымдары түскен жағдайдағы есеп көрсетілген. Есепте сол айдағы табыс негізге алынып, қалған айларда табыс болмағаны ескеріледі. Сондықтан төлем мөлшері әлеуметтік аударымдар есептелген кезеңдегі табысқа байланысты өзгереді.
Абай облысындағы ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын, арнайы талаптарға сай әйелдер үшін декреттік төлем 2027 жылы өсуі мүмкін. Егер ең төменгі жалақы 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге көтерілсе, ең жоғары біржолғы төлем 2026 жылғы 3 052 350 теңгеден 2027 жылы шамамен 3 950 100 теңгеге дейін жетуі ықтимал. Нақты төлем әйелдің әлеуметтік аударымдары мен заңда белгіленген талаптарға байланысты болады.

Жүктілікке және босануға байланысты демалыс қанша күнге беріледі?
Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, декреттік демалыстың ұзақтығы босану жағдайына және әйелдің ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақта тұруына байланысты өзгереді.
- Қалыпты босану кезінде босанғанға дейін 70 күн және босанғаннан кейін 56 күн, барлығы – 126 күн.
- Қиын босану кезінде немесе егіз не одан көп бала туған жағдайда босанғанға дейін 70 күн және босанғаннан кейін 70 күн, барлығы – 140 күн.
- Ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақта тұратын әйелдерге қалыпты босану кезінде босанғанға дейін 91 күн және босанғаннан кейін 79 күн, барлығы – 170 күн.
- Осындай аумақта қиын босану кезінде немесе егіз не одан көп бала туған жағдайда босанғанға дейін 93 күн және босанғаннан кейін 93 күн, барлығы – 186 күн.
Жүктіліктің 22-29 аптасында мерзімінен бұрын босанған жағдайларда демалыс ұзақтығы баланың тірі тууына, өмір сүру ұзақтығына және әйелдің арнайы аумақта тұруына қарай бөлек белгіленеді.
Мұндай тәртіп Еңбек кодексінің 99-бабының 2-тармағында көзделген. Ескеретін жайт, ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумаққа қатысты ұзартылған демалыс барлық Шығыс Қазақстан облысы және Абай облысының тұрғынына автоматты түрде берілмейді, заңда белгіленген аумақ пен талаптарға сәйкестік ескеріледі.
Декреттен кейін бала күтіміне ай сайын қанша төленеді?
Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы төлемнен бөлек, жұмыс істейтін әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады.
Ол соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табыстың 40%-ы негізінде есептеледі. Есептелген төлемнен 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, әйелдің зейнетақы шотына аударылады.
Егер әйелдің есепке алынатын орташа айлық табысы 85 мың теңге болса:
- Ай сайынғы есептік төлем: 85 000 × 40% = 34 000 теңге.
- Міндетті зейнетақы жарнасы: 3 400 теңге.
- Әйелдің қолына ай сайын түсетін сома – 30 600 теңге.
Ал орташа айлық табысы 110 мың теңге болған жағдайда:
- Ай сайынғы есептік төлем: 110 000 × 40% = 44 000 теңге.
- Міндетті зейнетақы жарнасы: 4 400 теңге.
- Қолына түсетін сома – 39 600 теңге.
2027 жылы есепке алынатын табыстың ең жоғары шегі 770 мың теңгеге жетсе, бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемнің жоғарғы мөлшері 308 мың теңге болады. Оның 30 800 теңгесі міндетті зейнетақы жарнасы ретінде ұсталып, әйелдің қолына ай сайын 277 200 теңге түсуі мүмкін. Осы төлемді есептегенде соңғы 24 айдағы табыс ескеріледі. Сондықтан әйелдің декретке шығар алдындағы соңғы жалақысы ғана есепке алынбайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ауқатты отбасыларға 14 түрлі жәрдемақы төлеу тәртібі қайта қаралатыны хабарланған еді. Ведомство мәліметінше, әр төлем жеке қарастырылып, әлеуметтік қолдау нақты көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталмақ. Осыған байланысты редакция мемлекет табысты қалай есептейтінін анықтап көрді.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді
