Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзенде бір ай бойы комада жатқан 3 жасар бала көз жұмды: Анасы дәрігерлердің әрекетін тексеруді талап етті

Науқас
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысының тұрғыны Гүлімай Ізтілеуова Жаңаөзен қаласындағы ауруханада ұлына көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен уақытылы жасалғанына күмән келтіріп, істі жан-жақты тексеруді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бір ай бойы комада жатқан баласы көз жұмған ана әлеуметтік желіде бірнеше видеоүндеу жариялап, денсаулық сақтау министрлігінен жағдайды бақылауға алуды өтінді.

Әйелдің айтуынша, баласын ауруханаға жеткізген сәттен бастап медициналық көмек көрсету тәртібіне қатысты бірқатар сұрақ туындаған. Ол дәрігерлердің әрекеті, тексерулердің уақтылы жүргізілуі және медициналық құжаттардағы мәліметтер бойынша толық тергеу жүргізілуін талап етеді.

Гүлімайдың сөзінше, 5 қыркүйек күні таңғы сағат 09:00-де өзін баласымен бірге жедел жәрдем Жаңаөзендегі ауруханаға жеткізген. Оларды кезекші дәрігер қабылдаған.

Алайда анасы дәрігер баланы өзі айтқан шағымдар негізінде ғана қарап, дене қызуын өлшеумен шектелгенін айтады. Оның сөзінше, баласын ауруханаға жатқызуды да өзі талап етуге мәжбүр болған.

Әйелдің айтуынша, катетер қою кезінде де қиындықтар туындаған. Ал тағайындалған дәрілердің не үшін беріліп жатқанын сұрағанда, медицина қызметкерлері оны емдеуші дәрігерден сұрауға бағыттаған.

Ананың айтуынша, жағдай түске қарай күрт нашарлаған. Сағат 11:40 шамасында баланың денесі құрысып, тырысу ұстамасы болған.

Гүлімайдың сөзінше, дәрігер келіп, медбикелерге балаға 2 текше реланиум енгізуді тапсырған да, кейін шығып кеткен.

Анасының айтуынша, дәрі егілгеннен кейін баласы есін жимай қойған. Бірнеше сағат бойы күткеніне қарамастан, баланың жағдайы туралы нақты түсініктеме ала алмағанын айтады.

“Компьютерлік томография кеш жасалды”

Гүлімай баласына бас миының компьютерлік томографиясы (КТ) тым кеш жасалды деп есептейді. Оның айтуынша, зерттеу кешкі сағат 19:40 шамасында жүргізілген.

Анасының айтуынша, таңғы сағат 09:00-ден кешкі 19:40-қа дейін олар ауруханада болған. КТ түсіру кезінде баласын екінші қабаттан бірінші қабатқа өзі көтеріп апарғанын айтады.

Әйелдің сөзінше, зерттеу нәтижесін алуға барған кезде КТ жүргізген маман баланы бұған дейін жансақтау бөліміне жатқызу қажеттігін айтқанын жеткізген. Алайда Гүлімай мұндай ескертуді өзіне ешкім жасамағанын мәлімдеді.

КТ-дан кейін баланы жансақтау бөліміне ауыстырған. Анасының айтуынша, оған баланың басында гематома бар екені хабарланғанымен, жағдайдың мән-жайы толық түсіндірілмеген.

 

Бала 30 күн бойы комада жатқан

Гүлімайдың айтуынша, ұлы жансақтау бөліміне түскеннен кейінгі алғашқы екі күнде есін біліп, анасымен сөйлесіп, тамақ ішіп, әдеттегідей әрекет еткен. Алайда үшінші күні комаға түсіп, содан кейін есін жимастан көз жұмған.

Анасы қажетті мамандардың кеңесін алу үшін туыстарына өздері әрекет етуге тура келгенін айтады. Оның сөзінше, Астана мен Ташкенттен шақырылған дәрігерлер туыстары Президентке видеоүндеу жасап, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бергеннен кейін ғана Жаңаөзенге келген.

Гүлімайдің айтуынша, Ташкенттен келген дәрігер баланы тым ұзақ уақыт бойы осындай жағдайда ұстағанын айтқан. Сондай-ақ анасы бас миының КТ нәтижесін мамандардың тек осы дәрігер келгеннен кейін түсіндіргенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, дәрігерлердің кеңесін ұйымдастыруға да отбасы өзі күш салған. Ал медициналық мекеме өкілдерінің мамандарды дер кезінде шақырғаны туралы мәлімдемелерімен келіспейді.

Бала комада 30 күн жатып, кейін көз жұмды.

Қара жамылған ананың бірқатар сұрағы бар

Ұлынан айырылған ана медициналық құжаттардағы мәліметтерге, дәрі-дәрмектің тағайындалуы мен енгізілуіне, сондай-ақ ауруханадағы бейнебақылау жүйесіне қатысты сұрақтары барын айтады.

Оның сөзінше, ауруханадан берілген үзінді көшірмедегі кейбір деректермен сәйкес келмейді. Бұған қоса, отбасы кейбір қымбат дәрілерді өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болғанын мәлімдеді.

Гүлімай мәйітке жүргізілген сараптама тәртібі мен нәтижелері туралы да өзіне жеткілікті түсініктеме берілмегенін айтады.

Әйел Денсаулық сақтау министрлігінен Жаңаөзендегі аурухана мен медициналық қызметкерлердің әрекеттерін тексеруді талап етті. Оның басты талабы – баласына көрсетілген көмектің қаншалықты дұрыс әрі уақытылы болғанын анықтап, кінәлілер болса, заң аясында жауапқа тарту.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілген үш жасар баланың жағдайы күрт нашарлағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 19:19