Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пара алды деп сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс қызметкерінің 12 жылдық үкімі жойылды

12 жылдық үкімі жойылды
Фото: Оrda.kz архиві

 

Шымкент Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты іс қайта қаралады. Кассациялық сот оған берілген 12 жыл түрме жазасы туралы үкімнің күшін жойды. Ол кәсіпкерден жекеменшік мектепке қамқорлық көрсету үшін 70 миллион теңге алды деп айыпталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2025 жылғы қазанда алқабилер Сарбасовты пара алды, ақшаны заңдастырды және қызметтік міндетін орындамады деп кінәлі деп таныған. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырған. Ал алаяқтық және басқа да бірқатар айып бойынша ақтаған.

Тергеу мәліметінше, Сарбасов кәсіпкерден жекеменшік мектепке көмектесіп, қамқорлық көрсету үшін 70 миллион теңге алған. Кейін бұл ақшаны жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсап, одан түскен табыс арқылы заңдастырған деген айып тағылған.

Сондай-ақ ол медициналық жабдық сатып алу кезінде 92 миллион теңгеден астам қаржының жымқырылуына қатысты қызметтік әрекетсіздік жасады деп айыпталған. Бұл іс бойынша басқа да бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлер жауапқа тартылған.

Сарбасовтың адвокаты Жасұлан Әсілбековтің айтуынша, алқабилерге қойылған сұрақтар тым күрделі болған. Қорғау тарапы олардың тұжырымдары түсініксіз, заң терминдеріне толы екенін айтқан. Кассациялық сот осы мәселелер бойынша заңбұзушылықтар болғанын мойындаған. Енді іс қайта қаралып, 12 жыл түрме жазасы туралы үкімнің күшін жойылды.

Манат Сарбасов — Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері. Ол Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаменті басшысының бірінші орынбасары болған және осы салада 20 жылға жуық қызмет атқарған. Ол 2025 жылғы қазанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша 12 жылға сотталған. 28 қазанда кассациялық сот оның 12 жылдық жазасы туралы үкімнің күшін жойды.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 17:58