"Путин, Қазақстанға әскер кіргізіңіз": Қазақстандықтар желіде тараған видеодан кейін әйелді тексеруді талап етті
Павлодар облысының тұрғыны әлеуметтік желіге бейнеролик жариялады. Өз сөзінде ол Ресей президенті Владимир Путиннен көмек сұрап, Қазақстанға да соғыс ашуын сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бұл ретте ол қазақтар өз "қожайынын" білуі керек деп мәлімдеп, қазақ халқына қатысты балағат сөздер айтады. Заңгер Мейірман Шекеев құқық қорғау органдарынан әйелдің сөздерін ұлттық алауыздық пен сепаратизмді қоздыру белгілеріне тексеруді талап етті. Ал бейнероликте ол өзін Ольга Мұхамеджанова деп таныстырды.
“Владимир Владимирович, Қазақстанға да әскер кіргізуіңізді сұраймын. Әрбір қазақ өзінің қожайыны кім екенін, орыс халқының кім екенін түсініп, біліп жүрсін”, – дейді автор.
Бұдан кейін әйел Ресей Қазақстанның өзі "ежелден орыстарға тиесілі" деп санайтын қалаларын қайтарып алады деп мәлімдейді.
“Мен орыс адамымын. Қазақстандағы қазақтардың өз пікірін білдіруге құқығы жоқ екенін мәлімдеймін”, – дейді ол.
Сөзінің соңында әйел өзімен пікірлес ресейліктерді видеоға лайк басуға шақырып, қазақ халқына қатысты былапыт сөздер айтады.
Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен прокуратураға шағым
Заңгер Мейірман Шекеев осы бейнероликті өзінің парақшасына шығарды. Өз жазбасында ол Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, бас прокуратураға және Павлодар облысының департаментіне осы оқиға бойынша тергеу амалдарын жүргізуді сұрады.

Заңгердің пікірінше, мұндай мәлімдемелерді тек жеке пікір білдіру ретінде қарастыруға болмайды. Шекеев құқық қорғау органдары әйелдің жеке басын анықтап, оның сөздеріне құқықтық баға беруі керек деп есептейді.
Атап айтқанда, ол бейнежазбадағы сөздерден Қазақстан Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша қылмыс белгілерінің бар-жоғын тексеруді ұсынды:
-
ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру.
-
ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы – сепаратистік әрекет.
Құқық бұзушылық белгілерін анықтау үшін заңгер филологиялық және лингвистикалық сараптама тағайындауды ұсынды. Ол елдегі қоғамдық келісім мен тыныштыққа қауіп төндіруі мүмкін мәлімдемелерге тиісті құқықтық баға берілуі керек екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған тарихи кезеңнің куәгері, сол кездегі саяси оқиғалардың бел ортасында болған Нұрлан Оразалиннен сұхбат алдық.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты