Павлодарды "біздікі" деген ресейлік стример Fassoollka жауапқа тартыла ма? Заңгер түсіндірді
Әлеуметтік желіде Fassoollka лақап атымен танымал ресейлік азамат Ксения Гузаева тікелей эфир кезінде Қазақстан туралы теріс пікір айтып, қазақстандықтардың ашуын туғызған еді. Тікелей эфир барысында ол Қазақстанды "Мамбетстан", "Штрафстан" деп атап, қазақ халқына қатысты балағат сөздер айтқан. Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оның әрекетіне заң аясында баға беріп, тиісті шара қолдануды талап етіп, дабыл қағып жатыр. Егер стримердің айтқан сөздері үшін құқықтық шара қолданылатын болса, Ксения Гузаеваны қандай жауапкершілік күтіп тұр? Stan.kz тілшісі заңгерден сұрап көрді.
Ксения Гузаева – Украинаның Донецк қаласында дүниеге келген. Кейін Мәскеуге көшкен. Қазіргі уақытта ол Қазақстанда тұрып жатыр.
Тікелей эфирде Гузаева: “Павлодар бұл – Қазақстан ба? Жоқ, Павлодар – біздікі. Қаланың аты біздің тілде жазылған, қалайша ол Қазақстанның жерінде? Неліктен онда Павлостан емес?“
“Айтшы, сендерде қыз нешеден бастап өтімсіз болады? 13 жастан бастап па?”
“Сендердің Алматыларың біздің бір Starbucks па?” сынды сөздерді айтқан. Тіпті Алматыға қала ортасындағы киіз үйлер мен атқа мініп шауып жүретін адамдарды көру үшін келетінін де айтқан.
Қазақстандықтар бұл жағдайдан кейін үнсіз қалмады. Threads әлеуметтік желісінде ІІМ парақшасын жаппай белгілеп стримерді қамауға алуын талап етіп жатыр.
Бұл оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігі әлі ешқандай шара қолданбады. Стримерді неге әлі қолға түсірмей жатқаны туралы редакция ІІМ-нің пікірін сұраған еді, алайда министрлік әзірге еш жауап бермеді.
Егер стримерге іс қозғалатын болса, мемлекет тарапынан қандай шара қолданылады?
Бұл туралы заңгер Абзал Қасымжановтан сұрап, білдік. Заңгердің айтуынша, Құқықтық баға беру үшін эфирдің толық жазбасын, айтылған сөздің контекстін және оның қандай мақсатқа бағытталғанын зерттеу қажет. Бұл жағдайда қылмыстық кодекстің 174-бабы – "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру" мәселесі туындауы мүмкін. Қазіргі кезде аталған бап онлайн-платформалар арқылы болған алауыздықтарға тосқауыл бола алады.
“Бұл жерде ең маңыздысы – қасақана ниеттің және айтылған сөздің мәнін анықтау. Кез келген дөрекі, ақымақ немесе тіпті қорлайтын пікір автоматты түрде қылмыстық құқық бұзушылық болып саналмайды. Құқық қорғау органдары бұл сөздердің шынымен де белгілі бір ұлт өкілдерін кемсітуге немесе ұлттық белгі бойынша алауыздық қоздыруға бағытталғанын анықтауы қажет”, – деді заңгер.
Стример Қазақстан халқына қатысты айтқан сөздері үшін Қазақстан заңнамасымен жазалануы мүмкін бе?
Заңгердің сөзінше, шетел азаматы болу – автоматты түрде Қазақстанның заңынан қашып құтыла аласың деген сөз емес. Сондықтан бұл жағдайда стримердің эфир кезінде қай жерде болғаны маңызды. Егер ол шынымен Қазақстан аумағында болған болса, онда Қазақстанның қылмыстық заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолдана алады.
“Ал егер адам Қазақстаннан тыс жерде болып, эфирді сол жерден жүргізсе, жағдай күрделене түседі. Эфирдің Қазақстан аудиториясына қолжетімді болуының өзі кез келген айтылған сөз автоматты түрде Қазақстанның қылмыстық юрисдикциясына жатады дегенді білдірмейді. Бұл жерде құқық бұзушылықтың жасалған жерін, оның бағытын және Қазақстан заңнамасын қолдануға заңда көзделген негіздердің бар-жоғын жеке анықтау қажет. Сонымен қатар шетел азаматына қатысты көші-қон саласындағы құқықтық шаралар да қолданылуы мүмкін. Мысалы, заңда белгілі бір жағдайларда шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан шығарып жіберу мүмкіндігі қарастырылған”, – деп жауап берді заңгер.
Алайда заңгер қорлайтын сөз айтқандардың барлығын автоматты түрде елден шығара бермейтінін мәлімдеді. Ол үшін заңда көзделген нақты негіз және құзыретті органның немесе соттың тиісті шешімі қажет.
“Құқық қорғау органдары Ксения Гузаеваның айтқан сөздеріне байланысты қылмыстық іс тіркеген жағдайда, бұл ең алдымен оның кінәлі деп танылғанын емес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын білдіреді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) хабарлама тіркелгеннен кейін тергеуші болған оқиғаның мән-жайларын анықтап, эфирдің толық жазбасын зерттеуі, айтылған сөздердің нақты мағынасы мен контекстін белгілеуі және оларға құқықтық баға беруі тиіс. Егер мәселе Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі — "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру" бойынша жауапкершілікке тарту мүмкіндігіне қатысты болса, ықтимал жаза 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде болуы мүмкін. Бұл бап бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып, жария түрде жасалған әрекеттерге де тікелей қолданылады”, – деп түсіндірді заңгер.
Абзал Қасымжанов қазақстандық азамат шетелдік блогер, стримердің айтқан сөздеріне шағымданғысы келсе, қандай нақты заңды қадамдар жасай алуға болатынын да айтты.
Біріншіден, дәлелдерді тіркеп алу қажет. Эфирдің өзін немесе оның мүмкіндігінше толық бөлігін сақтап алу керек. Сонымен қатар стримердің парақшасының скриншоттарын жасау, аккаунтына сілтемені, жарияланған күн мен уақытты сақтау қажет. Мүмкіндігінше тек жеке бір сөйлемді емес, әңгіменің толық контексін сақтаған жөн. Екіншіден, құқық қорғау органдарына өтініш беру қажет. Өтініште нақты қандай сөздер айтылғанын, оның қашан және қандай жағдайда айтылғанын көрсету керек. Сондай-ақ өтініш беруші бұл сөздердің Қазақстан заңнамасын бұзуы мүмкін деп есептейтінін түсіндіріп, қолда бар дәлелдерді қоса тіркеуі қажет.
“Бұл ретте мен "стример қылмыс жасады" деп үзілді-кесілді жазуды ұсынбас едім. Құқықтық тұрғыдан сауаттырақ нұсқасы: “Көрсетілген әрекеттерге құқықтық баға беріп, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеруді сұраймын” деп жазған абзал”, – деді заңгер.
Егер сөздерде ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында көзделген белгілер болуы мүмкін деп есептелсе, оны өтініште тікелей көрсетуге болады. Үшіншіден, өтінішті eOtinish арқылы немесе тікелей құқық қорғау органдарына беруге болады. Өтініштің тіркелгенін растайтын құжатты немесе нөмірді алу маңызды. Бұл кейін оның қаралу барысын бақылауға және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымдануға мүмкіндік береді. Төртіншіден, егер құқық қорғау органдары тарапынан тиісті реакция болмаса немесе өтініш беруші қабылданған шешіммен келіспесе, оны заңда белгіленген тәртіппен, соның ішінде прокуратураға жүгіну арқылы шағымдауға болады.
Айта кетсек, соңғы уақытта Қазақстанда TikTok желісінде боқтық сөз айтып, анайы қылық көрсеткен стримерлер жазалана бастады. Ел бойынша 20-дан астам блогер мен стример әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейбірі бірнеше тәулікке қамауға алынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанай тұрғыны TikTok-та ұлтараздық қоздырғаны үшін бас бостандығынан айырылды.
Ислам Әден
Павлодарды "біздікі" деген ресейлік стример Fassoollka жауапқа тартыла ма? Заңгер түсіндірді