Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанды аралап жүрген саяхатшының "ұрланды" деген велосипеді құрбысында болып шықты

саяхатшы
Фото: Әлеуметтік желіден

Қазақстанды 76 күн велосипедпен аралаған саяхатшы Бүрлен Әділетқызы Астанада "темір тұлпарым ұрланды" деп, көпшіліктен көмек сұрады. Алайда полиция тексергеннен кейін велосипедтің ұрланбағаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шыңжаңнан шыққан Бүрлен Әділетқызы 76 күн бойы велосипедпен Қазақстанның әр өңірін аралаған. Астанаға келгенде велосипеді тұрған жерінен табылмай, саяхатшы оны біреу ұрлап кетті деп ойлаған. Ол әлеуметтік желіде видео жариялап, көз жасына ерік беріп, жұрттан велосипедін табуға көмектесуді сұрады.

Видео желіде тараған соң Астана полициясы тексеру жүргізді. Алайда саяхатшы полицияға велосипедінің ұрланғаны туралы арыз түсірмеген болып шықты.

"Велосипедтің ұрланғаны туралы бейнематериал жарияланғаннан кейін полиция қызметкерлері қысқа мерзім ішінде оның қайда екенін анықтады. Тексеру барысында ұрлық болмағаны белгілі болды. Велосипед иесінің құрбысында қалған", – деп хабарлады полиция.

Осылайша саяхатшы жоғалды деп іздеген велосипед өз құрбысында болып шыққан. Полиция жалған мәлімет таратқаны үшін Қазақстан заңнамасында жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
 

Stan.kz
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 17:25