Трамп Ресейге қарсы қатаң санкциялардың жартысын жеңілтдетті
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мұнайын сатып алатын елдерге 500 пайызға дейін баж салығын енгізу туралы санкцияны уақытша тоқтатты. Шешім Ресейге қысымды күшейту жоспарына әсер етіп қана қоймай, Қытай, Үндістан және Түркиямен арадағы қатынасқа да ықпал етпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл заң жобасын марқұм сенатор Линдси Грэм Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты қысымды күшейту үшін ұсынған. Құжатта Иранға қарсы санкцияларды кеңейту де қарастырылған.
Трамп жарлығында заңда көзделген санкциялар, шектеулер мен баж салығын әзірге қолданбайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сай келеді. Алайда бұл шаралар толығымен жойылған жоқ. Президент қажет болған жағдайда оларды кейін енгізе алады.
Заң жобасына сәйкес, Трампқа Ресей мұнайын ең көп сатып алатын бес елден келетін тауарларға 100 пайыздық баж салығын енгізу үшін 30 күн берілген. Бұдан бөлек, Ресейдің бірқатар кәсіпорнына санкция салу және АҚШ-қа жеткізілетін Ресейдің энергетикалық өнімдеріне 500 пайыздық баж салығын енгізу жоспарланған. Бұл шараларды қабылдау мерзімі 18 қазанда аяқталуы тиіс еді.
Bloomberg мәліметінше, Трамптың бұл шешімі АҚШ Конгресінде наразылық тудыруы мүмкін. Әсіресе, Ресеймен дизель отынын жеткізуге қатысты келісімге қарсы республикашыл сенаторлар президенттің шешімін сынға алуы ықтимал.
Осы аптада екі партияның сенаторлары Трампқа хат жолдап, Ресей президенті Владимир Путинмен жасалған дизель отынына қатысты келісімді тоқтатуды талап еткен. Олар сондай-ақ Грэм ұсынған заңның талаптарын орындауға шақырған.
Сонымен бірге баж салығын енгізуді кейінге қалдыру АҚШ-тың Ресей мұнайын сатып алатын ірі елдермен, атап айтқанда Қытай, Үндістан және Түркиямен арадағы ықтимал келіспеушіліктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, сенатор Линдси Грэм заң жобасын 2026 жылғы шілдеде қайтыс болар алдында әзірлеген. Құжаттың қабылдануы оның есімін ұлықтау тәсілі ретінде де қарастырылған. Грэм Ресейге қарсы санкциялар Владимир Путинді келіссөз жүргізуге мәжбүрлеп, Украинадағы соғысты тоқтатуға көмектеседі деп бірнеше рет мәлімдеген.
Еске салсақ бұған дейін Дональд Трамп Владимир Зеленскийдің президенттік қызметінен кететін уақыты келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина басшысы соғысты аяқтау туралы келісімге бірнеше рет келе алатын еді, бірақ бұл мүмкіндікті пайдаланбаған. Сонымен қатар Трамп Киевтен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруді тоқтатуды талап етті. Ол мұндай шабуылдарды жанармай бағасының өсуімен байланыстырды.
