Трамп Путинмен Ресейден дизель отынын жеткізуге келісті: Зеленский мұны соғысқа салынған инвестиция деп атады
Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққылар үшін сынға алды. Оған қоса елге келісім жасай алатын жаңа басшы қажет екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен соң Ресейден дизель отынын сатып алуға келіскенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Зеленский мұны Ресейге соғысты жалғастыруға мүмкіндік беретін қадам деп бағалады. Ал АҚШ өкілдері Украинадан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдарды тоқтатуды талап етіп, барлау ақпаратын беруді доғарамыз деп ескерткен.
Трамп Зеленскийді не үшін сынады?
Дональд Трамп Ақ үй маңында журналистермен сөйлескен кезде Украина президентін Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасағаны үшін сынға алды. Оның пікірінше, бұл соққылар дизель отыны бағасының өсуіне ықпал еткен. Сонымен қатар Трамп Зеленскийді соғысты аяқтауға ұмтылмай отыр деп айыптады.
“Мен Украинаға келісім жасай алатын жаңа басшы табуды ұсынамын. Ол көптеген келісімге келе алар еді. Бірақ неге екені белгісіз, ешқашан олай істемейді”, – деді Трамп.
Оның айтуынша, Вашингтон Киевтен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасауды тоқтатуды сұраған. Алайда Украина бұл талапты орындамаған.
“Біз Зеленскийге: “Қалағаныңды істе, бірақ дизель отынына тиіспе”, – дедік. Ал ол не істеп жатыр? Дизель отынына соққы беріп жатыр. Ол қалағанының бәрін істей алады, бірақ мұны істемеуі керек”, – деді АҚШ президенті.

Трамп Путинмен қандай келісімге келді?
Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Содан кейін Ресейдің дизель отынын АҚШ пен әлемдік нарыққа жеткізу жөнінде уағдаластық жасаған. Мұны АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Ол жазбасында Ресей жақын арада 300 мың тоннадан астам дизель отынын жеткізетінін, қарашада тағы 500 мың тонна, одан кейін 1 миллион тонна жөнелтетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресей мұнай өңдеу зауыттарының мүмкіндігіне қарай жеткізілім көлемін 3 миллион тоннаға дейін арттыруы мүмкін.
Трамп бұл келісім АҚШ-тағы және әлемдегі дизель отыны бағасының күрт төмендеуіне ықпал ететінін айтты.
Осы тұста АҚШ Қаржы министрлігі Ресей дизель отынын нарыққа жеткізуге рұқсат беретін уақытша лицензияны 2027 жылы 7 сәуірге дейін ұзартқанын хабарлады.
Ресейдің вице-премьері Александр Новак та дизель отынын экспорттауға қойылған шектеулерді мерзімінен бұрын алып тастауға кірісетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей қазанда АҚШ нарығына қосымша көлемде дизель отынын жеткізуге дайын. Ал қараша-желтоқсанда жөндеу жұмыстары аяқталған мұнай өңдеу зауыттары іске қосылған соң экспорт көлемі артуы мүмкін.
Кремльдің мәлімдемесінде Путин мен Трамптың телефон арқылы сөйлесуі кезінде Украинадағы соғысты реттеу, Иран төңірегіндегі жағдай және екіжақты қарым-қатынастар талқыланғаны айтылды. Ресей тарапы мұнай мен мұнай өнімдерін АҚШ және әлемдік нарыққа жеткізуге дайын екенін растаған. Алайда Кремль жеткізілімнің нақты көлемі мен мерзімін жарияламады.
Бұған дейін Ресей Украина шабуылдарынан мұнай өңдеу зауыттары зақымданғандықтан, дизель отынын экспорттауға шектеу қойған еді. Бұл тыйым 30 қыркүйекте тағы бір айға ұзартылған.
Бұл келісім жанармай бағасын арзандата ма?
АҚШ-та ақпанның соңынан бері бензиннің орташа бағасы 46%-дан астам өсіп, галлоны 4,37 долларға жеткен. Ал дизель отынының бағасы 67%-ға қымбаттап, галлоны 6,28 долларға дейін көтерілген.
Дизель отыны ауыл шаруашылығында, жүк тасымалында және тұрғын үйлерді жылытуда кеңінен қолданылады. Сондықтан оның қымбаттауы АҚШ экономикасына және Дональд Трамптың Республика партиясына саяси тұрғыдан да қысым түсіріп отыр. 3 қарашада өтетін Конгресс сайлауында республикашылдар өзінің басымдығын сақтап қалуға тырысады.
Алайда сарапшылар Ресейден жеткізіледі деп жарияланған дизель отынының көлемі АҚШ-тағы бағаны айтарлықтай төмендетуге жеткіліксіз болуы мүмкін екенін айтады.
Reuters агенттігінің жазуынша, Трамп келісім туралы мәлімдеген соң дизель отынының бағасы төмендеген. Дегенмен сарапшылар бұл өзгерістің ұзақ мерзімді әсері шектеулі болуы мүмкін деп санайды.
Сарапшы Тим Армитаждың бағалауынша, Ресей уәде еткен алғашқы 300 мың тоннадан астам дизель отыны шамамен 2,25 миллион баррельге тең. Ал АҚШ-та тәулігіне шамамен 3,8 миллион баррель дизель отыны тұтынылады.
“Сондықтан бұл жеткізілім АҚШ-тағы жанармай құю бекеттеріндегі бағаға айтарлықтай әсер етпейді”, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, Трамптың бұл қадамы қарашадағы аралық сайлау алдында инфляцияны тежеуге бағытталған болуы мүмкін.
Сонымен қатар әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақсыздықтың басты себептерінің бірі – АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы. Сарапшылардың пайымынша, мұнай мен мұнай өнімдерінің әлемдік жеткізіліміне әсер ететін осы факторды ескермей, жанармай бағасының төмендеуін тек Ресейден келетін жеткізіліммен байланыстыруға болмайды.
Зеленский: “Бұл – соғысқа салынған инвестиция”
Владимир Зеленский Ресейге мұнай өнімдерін сатуға мүмкіндік беру соғысты жалғастыруға жағдай жасайды деп есептейді.
Украина президентінің айтуынша, 8 қазан күні Киевке АҚШ Конгресінің екі партия өкілдерінен құралған делегациясы барған. Олар Украинадағы соғысты аяқтау үшін не қажет екенін сұраған.

“Жауап нақты болуы керек. Линдси Грэм заң жобасында көзделген санкциялар қажет. Украинаға адамдардың өмірін қорғау үшін қолдау көрсету керек. Сонымен қатар Ресейге соғыс үшін қысым жасалуы тиіс. Ал бүгін Америка мен Ресей басшылары сөйлесті. Бұл – мүлде басқа бағытқа бастайтын әңгіме”, – деп жазды Зеленский әлеуметтік желіде.
Ол Ресей әскерінің Украина қалаларына жасаған шабуылдары салдарынан бір аптаның ішінде ондаған адамның қаза тапқанын еске салды.
Зеленскийдің пікірінше, Ресей билігі майданда көздеген мақсатына жете алмағандықтан, басқа жолдармен уақыт ұтуға тырысып отыр. Ол Мәскеу Ресейге түсіп жатқан қысымды әлсірететін келісімдерге қол жеткізуге ұмтылатынын айтты.
“Ресейге қарсы санкцияларды жеңілдету – үлкен қателік. Егер Ресеймен соғысты бәсеңдету туралы нақты әрі ұзақ мерзімді келісім жасалмай тұрып шектеулер алынса, бұл Ресейге тиімді болады. Мәскеу мұны соғысты жалғастыруға берілген мүмкіндік деп қабылдап, одан да көп адам өліміне себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл АҚШ-тың беделіне нұқсан келтіріп, әлемге келетін зиянды арттырады”, – деді Зеленский.
Зеленский Ресейге мұнай өнімдерін сатуға рұқсат беруді “соғысқа салынған инвестиция” деп атады.
Журналистер Трамптан Зеленскийдің бұл шешімге қатысты сыны туралы бірнеше рет сұраған. Алайда АҚШ президенті пікір білдіруден бас тартып, Путинмен жасалған келісімге көңілі толатынын ғана айтқан.
АҚШ Украинаға барлау ақпаратын беруді тоқтатамыз деп ескерткен
Financial Times басылымының дереккөздеріне сүйенсек, АҚШ өкілдері Майамиде өткен кездесуде Украина делегациясынан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққыларды тоқтатуды талап еткен. Егер Киев бұл талапты орындамаса, Вашингтон барлау ақпаратын беруді тоқтатуы мүмкін екенін ескерткен.

Украина делегациясы мен Ақ үй өкілдерінің кездесуі қарсаңында келіссөздер шамамен сегіз сағатқа созылған. Украина тарапы Трамптың Путинмен Ресейден дизель отынын жеткізу жөнінде келісімге келгені туралы мәлімдемесін күтпеген.
“Бұл – АҚШ президентінің қатаң талабы болды”, – деді кездесуге қатысқан Украина өкілдерінің бірі.
Дереккөздің айтуынша, осыдан кейін Украина делегациясы сапарын аяқтап, 10 қазанға жоспарланған келіссөздердің екінші кезеңін өткізбейтін болып шешкен.
Украина мен АҚШ Флоридада не талқылады?
Бұған дейін Зеленский АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен телефон арқылы сөйлескенін айтқан. Оның сөзінше, Уиткофф Украина делегациясын Флоридаға шақырып, келіссөздерді қайта жандандыруды ұсынған.
Зеленскийдің айтуынша, америкалық тараптың соғысты тоқтатуға қатысты бірқатар ұсынысы болған. Сондықтан Украина делегациясы оларды талқылау үшін АҚШ-қа барған.
Алайда Украина президенті Уиткоффпен және АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнермен өткен әңгімелерде Ресейден дизель отынын жеткізу мәселесі талқыланбағанын айтты.
“Менің ойымша, біздің делегацияны жай ғана қалқан ретінде пайдаланып отыр. Бұл әділетсіз. Серіктестер бір-біріне бұлай қарамауы керек. Меніңше, бұл ықпалды серіктестердің әлсіз шешімі”, – деді Зеленский.
РБК-Украина басылымының жазуынша, Украина тарапы Трамп пен Путиннің дизель отыны жөніндегі келісімін мәлімдеме жарияланардан бір сағат бұрын ғана білген. Майамиде өткен кездесуде америкалықтар бұл мәселені көтермеген.
АҚШ арнайы өкілі Стив Уиткофф Флоридадағы кездесуді сындарлы деп бағалады. Оның айтуынша, тараптар соғысты бәсеңдету мен аяқтаудың ықтимал жолдарын талқылаған.
Кездесуде Украинаның қысқа дайындығы, энергетикалық қауіпсіздігі, астық экспорты, Украина мен Еуропаның болашақтағы ықтимал қақтығыстар кезіндегі қауіпсіздік кепілдіктері сөз болған.
Уиткоффтың әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, кездесу қорытындысында тараптар соғысты аяқтау үшін дипломатиялық күш-жігерді жалғастыруға келіскен.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді