"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды
Қазақстандықтар әлеуметтік желіде хиджаб киіп, алайда дене бітімін айқын көрсететін немесе ашық үлгідегі киімдерді таңдайтын қыздардың киіну мәнерін қызу талқыға алды. Бірі мұндай стильді жеке таңдау деп қабылдаса, енді бірі оның діни талаптарға қаншалықты сай екеніне күмән келтіреді. Жалпы, хиджабты денеге жабысып тұратындай етіп кию шариғатқа қайшы ма? Ал орамалды шалбармен немесе өзге де заманауи киімдермен үйлестіруге дін тұрғысынан қалай баға беріледі? Stan.kz тілшісі мамандардан сұрап көрді.
Желіде орамалдағы қыздардың түрлі киім үлгілерін көрсетіп түскен фотосуреттері қызу талқыланып жүр. Тіпті қазақстандықтардың пікірі екіге бөлініп, пікірталастар да кездеседі.
“Хиджаб киетін қыздар. Жалпы хиджапты не үшін киесіңдер? Бәрі бір боянып неше түрлі стильде киініп фото видео салып, көзге түсуге тырысасыңдар. Сонда хиджабтың мәні неде түсінбедім. Жай түсіндіретін адам барма?”, – деп жазды Гүлжан есімді желі қолданушысы.
Кейбір қазақстандықтар мүсінін көрсетіп тұратын киімнің дінде шариғатқа сай емес екенін айтып сынады.
“Ондайларды киімдегі жалаңаш қыздар дейді. Олай киінуді пайғамбарымыз харам еткен. Орамалдың қадірі кеткен заман болдығой. Хиджабты қор қылмаңыздар”;
“Киімдері денеге екінші терідей жабысып, жалаңаш жүргендей көрінеді ғой. Бөксе де, кеуде де жабысып тұр. Неге орамал таққан біздерді хайп үшін пайдаланасыздар? Кейін жұрт біз туралы жаман пікір айтып, бәрімізге кір келтіреді ғой”;
“Менің түсінуімше, хиджаб — жамылғы. Оның негізгі мақсаттарының бірі — қарапайымдылықты сақтау және әйел сұлулығын бөтен ер адамдарға көрсетуді шектеу. Бұл өз кезегінде ер адамдардың жыныстық қызығушылығы мен қалауын оятпауға бағытталған. Сондықтан көзге бірден түсетін ашық түстерді таңдамайды. Хиджабтың да өз талаптары бар: киім кең әрі денеге жабыспай тұруы керек, орамал кеудені жабуы қажет. Сондай-ақ киім көз тартатындай жылтырақ, жарқ-жұрқ еткен болмауы керек. Адам орамалды өз нәпсісін жеңіп, осы талаптарды сақтай отырып қана тағады”;
“Бір қызға бола барлық хиджабтағыларды жаман көрмеңіздер. Хиджабтың негізгі міндеті денені жабу емес пе, иә”, –деп жазды қазақстандықтар.

Алайда заман дамыған сайын орамалдағы қыздардың бұлай киінуінің еш әбестігі жоқ деп пікір білдіргендер де жоқ емес. Олардың айтуынша, ашық киім кимей, ең болмағанда осылай жүрудің өзі имандылыққа жасаған кішігірім қадам.
“Жалпы, хиджаб киетін қыздар міндетті түрде күнә жасамай, мінсіз болып жүруі керек деген сөз емес. Бізді бір Алла жаратты. Бәріміз пендеміз, бәріміз қателесеміз”;
“Әркім иманының деңгейінде киеді хиджапты, иман киім сияқты тозып тұрады!”;
“Хиджаб кию — қалыпты өмірден тыйылу деген сөз емес қой. Қарапайым адам, кәдімгі қыз сияқты өмір сүре бересің! Тек шектен шықпауың керек”, – деп жазды екінші тарап.

“Исламда хиджабтың нақты бір үлгісі бекітілмеген”
Ал исламтанушы Айкерім Қалқаева исламдағы тыйымдар бұл әйелдерді қорлау немесе төмендетіп, шектеу емес, керісінше қорғау және сақтау мақсатында жазылғанын алға тартты.
“Ислам дінінде хиджабтың нақты бір үлгісі немесе арнайы формасы бекітілмеген. Яғни ол міндетті түрде ұлттық, спорттық не классикалық киім болуы керек деген талап жоқ. Құран аяттары, хадистер мен ислам ғалымдарының түсіндірмелерінде киімнің нақты пішінінен гөрі, оның қандай талаптарға сай болуы керектігіне мән беріледі. Ең бастысы — киім денеге жабыспай, дене бітімін айқын көрсетпеуі және ішінен дене көрінбейтіндей қалың болуы керек. Сондай-ақ ол өзгелердің назарын әдейі аудартатындай ерекшеленбеуі қажет. Бұған қоса, әйелдердің киімі ерлердің киіміне, ал ерлердің киімі әйелдердің киіміне ұқсамауы керек деген талап та бар”, – деп түсіндірді ол.
Маман жабысып тұратын киімдер хиджабқа сай емес екенін кесіп айтты. Себебі хиджаб деген сөздің мағынасының өзі сәтірлеу, жабу дегенді білдіреді екен.
“Мысалы, орамал таққанымен, дене бітімі толық көрініп тұратын киім хиджаб талаптарына сай келмейді. Қазіргі кезде орамалды қыздар шалбар, белдемше және түрлі үлгідегі киімдерді үйлестіріп киеді. Шариғатта киім үлгілерін түрлендіруге болады. Ең бастысы — киім кең, денеге жабыспайтын және ішінен дене көрінбейтіндей болуы керек. Мысалы, кең шалбарды тізеден төмен түсетін ұзын көйлекпен немесе туникамен киюге болады. Мұндай жағдайда киім дене бітімін айқындамаса, шалбар киюге шариғат тұрғысынан қарсылық жоқ. Ал денеге жабысып тұратын шалбарды қысқа кофта немесе жейдемен киіп, тек орамал тағу хиджаб талаптарына сай келмейді. Сондықтан мәселе шалбардың өзінде емес, оны қандай киіммен үйлестіріп, дене бітімін қаншалықты жауып тұрғанында”, – деп қосты ол.
“Бұл қыздарды "дұрыс емес киініп жүрсің" деп кінәлауға болмайды”
Алматы орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Сыздықов қазір қоғамдағы көрініске дұрыс немесе оң баға беруге болмайтынын алға тартты. Айтуынша керісінше, байыппен, көркем сөзбен түсіндірген дұрыс.
“Орамал тағып, хиджаб киіп жүрген қыздарды бірден айыптап, "сен күнә жасап жүрсің", "дұрыс емес киініп жүрсің" деп кінәлауға болмайды деп ойлаймын. Өйткені кейбірі бұл талаптарды түсініп кисе, енді бірі әлі толық ұқпауы мүмкін. Кейбір қыздар бұрынғы өмір салтымен салыстырғанда, қазір дұрыс жолға түскеніне сеніп, осы ұстанымынан таймауға тырысып жүруі мүмкін. Осындай кезде оларды бірден жатырқатып, жек көріп, істеп жүргенін жоққа шығарудың қажеті жоқ. Адамның сауабы мен күнәсіне қатысты үкім айту да біздің міндетіміз емес”, – деді имам.
Маман дегенмен хиджабтың негізгі мақсаты — әуретті жерлерді жабу екенін еске салды.
“Дінімізде әйел адамның киімі ең алдымен оның ар-намысы мен ұятын сақтауға бағытталған. Хиджабтың негізгі мақсаты да — әйел адамның дене бітімін жауып, әдептілікті сақтау. Сондықтан хиджабты тек сәндік киім ретінде қабылдап, оның негізгі мәнінен алыстап кету дұрыс емес. Мысалы, шалбар киюге болады, бірақ ол денеге жабысып тұрмауы керек. Сондай-ақ киімнің матасы тым жұқа, мөлдір болып, оның астынан дене көрініп тұрмауы қажет. Яғни киім денені жауып қана қоймай, оның бітімін де айқын көрсетпеуі керек. Шариғат тұрғысынан да, ұлттық дәстүріміз бойынша да киім әдепке сай болуы қажет. Шалбар кисек те, белдемше кисек те, ең бастысы — киімнің қарапайымдылығы мен әдептілігіне мән беру”, – деп қосты ол.
Бекзат Сыздықов заманауи киінуге еш тыйым жоқ екенін қоса кетті. Дегенмен шариғат талаптарын ұмытпай ұстану керек.
“Алла Тағала Құранның "Нұр" сүресінің 31-аятында иман келтірген әйелдерге көздерін төмен салуды, ұятты жерлерін қорғауды және зейнеттерін орынсыз көрсетпеуді бұйырады. Бұл аятта әйел адамның әдептілігі мен киіміне қатысты талаптар айтылған. Сондықтан хиджаб мәселесінде оның сыртқы көрінісіне ғана емес, негізгі діни мәніне де назар аударуымыз керек. Ең маңыздысы — сәнді діннің өзіне айналдырмай, керісінше, киім үлгісін діни ұстанымдарға сай үйлестіру. "Мен мұсылманмын, хиджаб киемін" деп, дінді тек сәндік образға айналдырып жіберуден сақ болу керек. Өйткені хиджабтың мәні сыртқы көрініспен ғана шектелмейді, оның артында белгілі бір діни ұстаным мен жауапкершілік жатыр”, – деп қорытты маман.
Еске салсақ, бұған дейін дінтанушы Қазақстанда мектеп оқушыларының діни киім киюіне қандай талап қойылғанын түсіндіріп берген еді.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды
