Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЭЦҚ-ны басқа тұлғаға беруге тыйым салынады: Кәсіпкерлер мен бухгалтерлер қалай жұмыс істеуі керек

егов комп
Фото: gov.kz

Қазақстанда енді компания басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) бухгалтерге беру заң бұзушылық болып саналады. Өзгенің кілтін пайдаланғаны үшін 865 мың теңгеге дейін, ал оны басқа адамға бергені үшін 648 750 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

2026 жылғы шілдеден бастап электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану тәртібі бұрынғы "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" заңның орнына қабылданған Цифрлық кодекспен реттеледі. Құжатқа сәйкес, жабық кілтті басқа адамға, тіпті компанияның бухгалтерлік және салықтық есептілігін жүргізетін қызметкерге де беруге болмайды.

Басшының келісімімен оның ЭЦҚ-сын пайдалану да заңды әрекет болып саналмайды. Цифрлық кодекстің 51-бабы жабық кілтті беруге және басқа адамның кілтін пайдалануға тыйым салады. Ал 58-бап бойынша кілт иесі оны бөгде адамдардың қол жеткізуінен қорғауға міндетті.

Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болғандықтан, айыппұл мөлшері құқық бұзушының мәртебесіне қарай есептеледі. 

Жабық кілтті басқа адамға бергені үшін жеке тұлғаларға – 43 250 теңге (10 АЕК), лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 64 875 теңге (15 АЕК), орта бизнеске – 129 750 теңге (30 АЕК), ірі бизнеске – 648 750 теңге (150 АЕК) айыппұл қарастырылған.

Басқа адамның жабық кілтін пайдаланғаны үшін жеке тұлғаларға – 216 250 теңге (50 АЕК), лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 432 500 теңге (100 АЕК), орта бизнеске – 648 750 теңге (150 АЕК), ірі бизнеске – 865 000 теңге (200 АЕК) айыппұл салынады.

Демек, басшының ЭЦҚ-сымен есептілік тапсыратын бухгалтер жауапқа тартылуы мүмкін. Айыппұл мөлшері оның құқықтық мәртебесіне байланысты 216 250 немесе 432 500 теңге болуы ықтимал. Нақты жауапкершілік әрбір әкімшілік іс бойынша жеке анықталады.

Жабық кілттің қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген сертификат иесіне де жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда 50 АЕК, яғни 216 250 теңге айыппұл салынады.

Бухгалтер құжаттарға қалай қол қоя алады?

Компания басшысы бухгалтерге өз ЭЦҚ-сын бермей-ақ, құжаттарға қол қою және есептілік тапсыру құқығын ресми түрде рәсімдей алады. Бұл ретте әр қызметкер өзінің атына рәсімделген сертификат пен жеке жабық кілтті пайдалануға тиіс.

2026 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанның Ұлттық куәландырушы орталығы (ҰКО) сертификаттарды берудің жаңартылған тәртібін қолданады. Заңды тұлғалар үшін үш санат қарастырылған:

- Бірінші басшы;
- Қол қою құқығы бар қызметкер;
- Ұйым қызметкері.

"Қол қою құқығы бар қызметкер" санаты ұйым атынан берілген өкілеттік шегінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Ал "Ұйым қызметкері" санаты құжаттарға қызметкердің өз атынан қол қоюына арналған.

ЭЦҚ алу үшін бухгалтер ҰКО порталы арқылы өтінім беріп, "Қол қою құқығы бар қызметкер" санатын таңдауы керек. Ол үшін ұйымның БСН-і, өтініш берушінің ЖСН-і мен телефон нөмірі қажет. Сондай-ақ бейнеидентификациядан өту керек. 

Өтінімді компания басшысы ҰКО-ның жеке кабинетіндегі "Қызметкерлердің ЭЦҚ-сы" бөлімінде мақұлдайды. Егер басшы басқа қызметкерге тиісті өкілеттік берсе, ол да өтінімді растай алады.

Сертификаттың жарамдылық мерзімі жабық кілтті сақтау тәсіліне байланысты. Жеке куәліктің чипі, бұлтты сақтау жүйесі немесе қорғалған тасымалдағыш пайдаланылса, мерзімі үш жылды құрайды. Ал кәдімгі электрондық тасымалдағышта немесе мобильді қосымшада сақталса, сертификат бір жылға беріледі.

Жеке кәсіпкерлерге қызмет көрсететін бухгалтерлер үшін де заңды өкілдік ету тәртібі бар.

Жеке кәсіпкер өкілін нотариалды куәландырылған немесе соған теңестірілген сенімхат негізінде тағайындай алады. Бұған қоса, өкілеттікті салық органының ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат түрінде рәсімдеуге болады.

Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесінде өкілді қосу үшін салық төлеушінің профиліндегі "Өкілдер және құқықтар" бөліміне өтіп, бухгалтердің деректерін енгізу, оған берілетін құқықтарды және өкілеттік мерзімін көрсету қажет. Осыдан кейін бухгалтер кәсіпкердің жабық кілтін алмай-ақ, өзінің ЭЦҚ-сымен жүйеде жұмыс істей алады.

Салық кодексіне сәйкес, өкілдің әрекеттері салық төлеушінің әрекеттері ретінде танылады. Сондықтан сенімхат рәсімдеу жеке кәсіпкерді немесе ұйымды салық міндеттемелері мен өз атынан ұсынылған мәліметтер үшін жауапкершіліктен босатпайды.

Өзгенің ЭЦҚ-сын пайдаланғаны қалай анықталуы мүмкін?

Заң бұзушылықты анықтауға салық есептілігі жіберілген кездегі техникалық деректер көмектесуі мүмкін. 

Егер бірнеше компанияның немесе кәсіпкердің есептілігі бір IP-мекенжайдан жіберілсе, бұл құжаттарға іс жүзінде кім қол қойғаны туралы сұрақ туындатуы мүмкін. Дегенмен IP-мекенжайлардың сәйкес келуі жабық кілттің басқа адамға берілгенін өздігінен дәлелдемейді. Мұндай жағдайда қосымша тексеру қажет.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 9 қазаннан бастап ЭЦҚ туралы заңнаманың сақталуын тексеруге арналған жаңартылған тексеру парағы қолданылады. Онда жабық кілттерді бөгде адамдарға беруге тыйым салу талабы да қамтылған.

Егер бухгалтер әлі де басшының ЭЦҚ-сын пайдаланып жүрсе, ұйым электрондық сервистерге қол жеткізу тәртібін өзгертуі қажет. Жабық кілт басқа адамға берілген жағдайда, тиісті сертификаттың күшін жойып, жаңасын рәсімдеу қауіпсіз шешім болады.

Бұдан кейін бухгалтерге жеке ЭЦҚ алып, қол қою құқығын ресми түрде беру керек. Алайда сертификаттың болуы барлық операцияны орындауға жеткіліксіз: қажетті өкілеттіктерді Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі және ЭШФ АЖ сияқты салықтық ақпараттық жүйелерде бөлек рәсімдеу қажет.

Жеке кәсіпкерлер бухгалтерлеріне сенімхат немесе салық органының жүйесі арқылы өкілеттік бере алады. Қызметкермен жұмыс тоқтаған кезде оған берілген сенімхаттар мен қол жеткізу құқықтарын уақытында жою маңызды. Ал компанияның бірінші басшысы ауысса, бұрынғы басшының сертификатының күшін жойып, жаңа басшының атына жаңасын рәсімдеу қажет.

Осылайша, бухгалтерге компания құжаттарымен жұмыс істеу құқығын беру заңды жолмен жүзеге асырылады. Бірақ басшының ЭЦҚ-сын ортақ пайдалану мен қызметкерге жеке сертификат және ресми өкілеттік беру – екі бөлек нәрсе. Заң талаптарын сақтау айыппұл тәуекелін азайтып, электрондық құжаттардың заңдылығын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Еске салсақ, осыған дейін әлдекімнің ЭЦҚ кілтін пайдаланған қазақстандықтарға айыппұл салынатынын жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 22:04