Маңғыстау облысында аурухананың бас бухгалтері 32 миллион теңге жымқырған
Маңғыстау облыстық ауруханасында 6 жыл жұмыс істеген бас бухгалтер 32 миллион теңгені жымқырған. Ол танысымен сөз байласып сол арқылы әрекетке көшкен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Прокуратура мәліметінше, бухгалтер танысымен алдын ала сөз байласып, ақшаны жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осы дерек бойынша аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Ол 32 миллион теңге ұрлаған.
“Бухгалтердің қаражатты 2024 жылдан бастап жымқырғаны анықталды. Ол Маңғыстау облыстық ауруханасында алты жыл жұмыс істеген”, – деді Маңғыстау облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры Нұржігіт Асылмұрат.
Сот шешімімен бас бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол бес жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналыса алмайды. Оның сыбайласына да осы мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Еске салсақ, бұған дейін Кәсіпкерлер мен бухгалтерлер қалай жұмыс істеуі керегін хабарлаған еді. Компания басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) бухгалтерге беру заң бұзушылық болып саналады.
