Пәкістан Сауд Арабиясына "қауіпке қарсы тұру" үшін өз әскерін жіберді
Пәкістан корольдіктің қорғаныс қабілетін нығайту және "туындаған қауіпсіздік қатерлеріне" қарсы тұру мақсатында Сауд Арабиясына құрлық әскерлерінің әскери контингентін жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Express Tribune басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әскери қызметшілерді шығарып салу рәсімі 28 қарашада өтті. Оған Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммад Асиф, Сауд Арабиясының елшісі Раджех Тами Әлбұғами, Пәкістан армиясы Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Омер Ахмед Бохари және Лахор корпусының қолбасшысы генерал-лейтенант Мұхаммад Умер Башир қатысты.
Хабарламаға сәйкес, пәкістандық әскери қызметшілер екіжақты келісімдер мен қорғаныс саласындағы ынтымақтастық тетіктері аясында тек Сауд Арабиясының аумағында қызмет етеді. Олардың міндеті – корольдіктің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Мекке мен Мәдинадағы қасиетті орындарды қорғау.
Әскери контингенттің нақты саны, Сауд Арабиясында болу мерзімі мен орналасатын жері әзірге жарияланған жоқ.
Әскер жіберу туралы шешім Исламабадта Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия арасындағы үшжақты Мекке қорғаныс пакті аясында өткен келіссөздерден кейін қабылданған. Бұл шешім Йемендегі хуситтердің шабуылдары күшейген кезеңге тұспа-тұс келді.
Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия арасындағы үшжақты қорғаныс одағына 2026 жылғы тамызда қол қойылған. Келісім Эр-Риядтың қаржылық ресурстарын, Исламабадтың әскери әлеуеті мен ядролық қорғаныс мүмкіндігін, сондай-ақ Анкараның қорғаныс өнеркәсібі мен технологияларын біріктіреді.
Пакт аясында қауіпсіздік саласындағы үйлестіру, бірлескен әскери жаттығулар өткізу, барлау ақпараттарымен алмасу және қатысушы елдерге сырттан қауіп төнген жағдайда өзара қолдау көрсету қарастырылған.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді