Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы 5 адамның өлімі: Өрт шыққан үйдің иесі күдікті әйелді бірнеше ай бұрын пәтерден шығарып жіберген

үйді өртеген
Фото: видеодан скриншот

Алматыда өрттен бес адам қаза тапқан жеке үйдің иесі оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Оның сөзінше, қайғылы жағдайға осы үйде бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін. Ол ғимаратқа заңсыз кіріп, ішіне жанғыш қоспа төгіп, өрт қойған деген болжам бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды. 

Куаныш Кеңес шамамен үш ай бұрын дәл осы әйел үйді өрттеуге әрекет жасағанын айтты. Ол кезде өрт дер кезінде сөндіріліп, полицияға хабар берілмеген. Кейін әйелді үйден шығарып жіберген екен. 

Үй иесінің болжамынша, қайғылы оқиға болған түні әйел ғимаратқа қайта кірген. Оның айтуынша, әйел бетперде, көзілдірік тағып, қолына сөмке ұстаған. Ер адам өз нұсқасын растайтын бейнежазбалар мен куәгерлердің бар екенін алға тартты.

"Бұл – 100 пайыз қасақана қойылған өрт. Себебі бізде бөлмелерді жалға беретін адамдармен байланыс бар. Олар да сол әйелдің дәл осы киіммен, бетперде, көзілдірік және сөмкемен келгенін растады. Мұның бәрін растайтын куәгерлер де бар. Кейбіреулер камерадағы жазбалар жанама дәлел дейді. Бірақ бұл олай емес. Себебі оны қолынан ұстап алған адам бар. Ол негізгі кіреберіс арқылы ішке кіріп, жанғыш қоспаны төгіп, өрт қойған. Содан кейін қайтадан сол есіктен шығып, үйдің негізгі кіреберісін жауып кеткен. Мұндағы тұрғындардың сыртқа шыға алмауын көздеген болуы мүмкін", – деді Куаныш Кеңес.

Бұған дейін Алматыда осы үйді өртеді деген күдікпен 37 жастағы әйелдің ұсталғаны хабарланған болатын. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, оқиғаға жеке бас араздығы себеп болуы мүмкін. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салайық, өрт 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында болған. Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар бес адамның мәйітін тапты. Қаза болғандардың арасында бала да бар. Тағы бірнеше тұрғын зардап шегіп, екі бала ауруханаға жеткізілді.

Қазір оқиғаның мән-жайы сотқа дейінгі тергеу аясында анықталып жатыр.

Назархан Уән
Жексенбі, 29 Қараша, 2026 11:08