"Келіннің аяғынан" деген нанымның кесірінен шаңырақ шайқалған: Қазақ келініне қатысты ырымдардың мәні неде
Келінге қатысты қалыптасқан ырым-тыйым аз емес. Келіннің төрге отыруынан бастап, балаға сүйсініп қарауына, қайын жұртының атын атауына, тіпті түнде үй сыпыруына дейін белгілі бір шектеулер қойылған. Жуырда қоғам қайраткері Мұрат Қазамбаевтың "келін төрде отырмауы керек" деген пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланса, енді бір қолданушылар кейбір наным-сенімнің кесірінен отбасылық өмірінде қиындыққа тап болғанын айтады. Сонда келінге қатысты қалыптасқан ырым-тыйымдардың түп-төркіні қайда жатыр? Stan.kz тілшісі этнограф-тарихшы мен мәдениеттанушыдан осы сауалдардың жауабын сұрап көрді.
"Қара табансың, сен өлтірдің": Келінге кінә артқан жағдайлар
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі келін болып түскеннен кейін қайын жұртының "қара табаны" атанғанын айтады. Оның сөзінше, қайын сіңлісі өзіне қол жұмсап, қайтыс болғаннан кейін, марқұмның өліміне өзін кінәлаған.
"Мен келін болып түскенде қайын сіңлім өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Бірінші ұлымды босанған соң, “Қара табансың, сен өлтірдің” деп қуып жіберген. Содан кейін күйеуім “ажыраспаймын” деп, мені пәтерге алып кетті. Бір жылға дейін ата-енемнің үйіне кіргізбеді. 12 жыл пәтерде тұрып, кейін өзіміз үй алдық. Төрт перзентті болдық. Аллаға шүкір! Ата-енеме әлі де ішім жылымайды. Келген сынақты Алладан деп біліңіздер, келіннен емес”, – дейді ол.
Тағы бір желі қолданушысы "келіннің аяғынан" деген нанымның салдарынан бір баламен ажырасып кеткенін жазады.
"Ұзату тойым болған күні қайын ағам жол апатынан қайтыс болыпты. Ол кісіні өмірде көрмегенмін де. Екінші күні үлкен той болды. Тура жаназадай өтті. Бетіме талай нәрсе айтылды. Ақыры бір баламен ажырасып кеттім. Ешкімді кінәламаймын. Бірақ өте қиын жағдай болды", – дейді ол.

Ал енді бірі тұңғыш баласына диагноз қойылған кезде отбасы мүшелері қолдаудың орнына өзін кінәлағанын айтады. Оның сөзінше, баласына қатты мейірленіп қарағаны үшін "көзің тиді" деген айып тағылған.
"Бірінші баламды 22 жасымда босандым. Үйде күйеуімнен де, ата-енемнен де қолдау жоқ еді. Өзім күйзелісте жүріп зорға туып алдым. Осындай қиын жағдайда жаныма жылу болып келген ұлым деп қатты мейірлендім. Жақсы көріп, баламның бетіне қарап отыратынмын. Бір күні баламның денесі бір сәтте көгеріп, жағдайы нашарлаған соң ауруханаға түстік. “Жүрек жеткіліксіздігі” (ДМЖП) деген диагноз қойды. Сондай шақта отбасым қолдаудың орнына “сен балаға сүйсініп қарағансың, көзің тиді” деп ауруханаға тамақ та әкелмеді, баланың киімдерін де бермеді, ақша да жібермеді. Өз ата-анамның жағдайы нашар болса да, солардан көмек алуға тура келді. Ауруханадан шыққан соң, сол үйге қайтып бармадым", – дейді желі қолданушысы.
Келесі бір әйел қайын інісін абайсызда есімімен атап қойғаны үшін күйеуінен таяқ жегенін айтады. Оның сөзінше, келін болып түскенде енесі қайын жұртының әрқайсысына ат қоюды міндеттеген.
"Алғаш келін болып түскенде төрт қайным, бір қайын сіңлім бар еді. Енем олардың әрқайсысына ат қоюым керегін айтты. Қазақ дәстүрінде жыртқыш аңдар мен аурулардың атауын тура айтуға тыйым салынғанын еститінмін. Бірақ мұндайды бірінші рет көрдім. Сосын қайын сіңліме “Сұлу қыз”, қайындарыма “Мырза”, “Сардар”, “Хан”, “Патша бала”, “Кенжем” деп ат қойдым. Олар бізбен тұрмаған соң, өзім қойған атты өзім ұмытып қалатынмын. Бір күні ортаншы қайнымды абайсызда есімімен атап қойып едім, күйеуімнен шапалақ жедім. Қатты жанжалдастық. Қазір бірге тұрып жатырмыз. Бірақ сол оқиғадан кейін көңілім қазақтың ырым-тыйымдарына да, күйеуіме де суып қалды", – дейді ол.
"Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан" деген мақалдың мәні қандай?
Этнограф-тарихшы Жанболат Қазанғаповтың айтуынша, "Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан" деген мақалдың астарында қазақтың көшпелі тұрмысымен байланысты терең түсінік жатыр. Оның айтуынша, бұл мақал бүгінгі қоғамда түсіндіріліп жүргендей жаңа түскен келіннің кесірін меңземеуі мүмкін.
"Қазақтың белгілі ғалымы Халел Арғынбаев өз өмірінің 25 жылын отбасы мен неке мәселесін зерттеуге арнаған. Ол кісі осы мәселелерді де ашып айтқан. Келінге мін айту, сын айту сияқты түсініктер қоғамның дамуымен, батыстық көзқарастардың және өзге ұлттардың ықпалымен қалыптасқан. Мұндай көзқарас қазаққа жат тенденция деп ойлаймын. “Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан” деген сөзді қойшының асатаяғымен байланыстырамыз. Қазақ келіннің бетін қойшының таяғымен ашқан. Қойшылық та қазақтың тұрмысында ерекше орын алған. Құранда аты аталған пайғамбарлардың көбі қой баққан. Қазақ қой малына көп мән берген. Демек, "келіннің аяғынан..." дегені, жаңа түскен келіні ақ ниетті, адал адам болса екен деп ырым еткені, Алла бәрін келіннің ниетіне, пейіліне береді деп түсінгені", – дейді этнограф.
Ал мәдениеттанушы Естемір Байболат бұл мақалдың шығу төркінін Абайдың әкесі Құнанбаймен байланыстырады. Оның пайымдауынша, мәтел жаңа түскен келінге қатысты айтылмаған болуы мүмкін.
"Бұл – Құнанбайдан қалған сөз деген әңгіме бар. “Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан” деген мәтелдің интерпретациясы дұрыс ашылмаған. Өйткені қазақ бұрын “аяқ-табақ”, “ыдыс-аяқ” деген сөздерді көп пайдаланған. Соған қарағанда, бұл мәтел жалпы келіндердің ұқыптылығын, тазалығын білдірсе керек. Келіннің ыдыс-аяғы таза болса, қазақ сондай үйге қонақ болып түскен. Қойшының таяғы әрі қаруы, әрі таянышы болған. Таяқтың қандай болуы да қойшының өз жұмысына деген ынтасын білдіреді", – дейді мәдениеттанушы.
"Ана баласына сүйсініп қарамауы керек" деген тыйым қайдан шыққан?
Қазақтың кейбір дәстүрлі түсініктерінде жас анаға баласына шектен тыс сүйсініп қарамау керегі айтылады. Мұны кейбірі көз тиюмен байланыстырса, енді бірі бұрынғы тұрмыс-тіршілік жағдайынан қалыптасқан түсінік деп есептейді.
Этнограф-тарихшы Жанболат Қазанғаповтың айтуынша, бұл тыйымның пайда болуына бұрынғы кезеңдегі бала өлімінің көп болуы әсер еткен.
"Балаға өз әке-шешесінің көзі тиюіне келсек, ана өз кіндігінен шыққан балаға қатты мейірленбеуі керек деген түсінік болған. Неге десеңіз, қазақ қоғамында бұрын балалардың өлім-жітімі көп болған. Баланы сүттен шығарғаннан кейін ата-әжесі өзіне алып, киіз үйінде бауырына басқан. Бала шетінеп кеткен жағдайда әйел қатты күйзеліске ұшырайды. Сондықтан қазақтар ана баласына қатты мейірленсе, кейінгі қайғыны көтере алмай қалады деп есептеген. Бұл дәстүрдің астарында ананы психологиялық тұрғыдан қорғау ниеті жатуы мүмкін. Жас ана баласына қатты беріліп кетпей, сонымен бірге оған қаталдық танытпай, ортасын ұстануы керек деген түсінік қалыптасқан", – дейді этнограф.
Ал мәдениеттанушы Естемір Байболат бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, балаға ананың бар мейірімін төгуі – табиғи құбылыс. Тіпті бұрынғы тұрмыста оның өмірлік маңызы да болған.
"Біз негізі бар мейірімін балаға төккен қазақпыз ғой. Ана баласына бар мейірімін бермесе, сүті шықпай қалуы мүмкін. Бұрын қоспа сүт болмаған, ал сиыр сүті жаңа туған баланың асқазанына ауырлық етуі мүмкін. Сондықтан ата-бабамыз ананың балаға мейірленуіне мүмкіндік берген. Меніңше, бұл түсінік кей жағдайда ата-әженің немересін қызғануынан да туған болуы мүмкін. Қалай болғанда да, балаға ананың шексіз мейірімі артықтық етпейді", – дейді ол.
Неге қайын жұрттың есімдерін тура атауға болмайды?
Келінге қатысты ең кең тараған дәстүрдің бірі – ат тергеу. Қазақ келіні қайын жұртының үлкен-кішісіне құрмет білдіріп, олардың есімдерін тура атамаған. Оның орнына адамның жасына, мінезіне немесе отбасындағы орнына қарай түрлі ат қойған.
Жанболат Қазанғаповтың айтуынша, ат тергеу дәстүрі келіннің барған жеріне сыйлы болуымен байланысты қалыптасқан.
"Атын тура атамауға келсек, келін барған жеріне сыйлы болу үшін қайын жұртының есімін атамаған. Бұрынғы қазақ қоғамында әйел адамның қаншалықты құрметті екенін құлағындағы сырғасына қарап та білген. Жеңгесіне сырғаны қайын інілері мен қайын сіңлілері таққан. Яғни келін қайын жұртына қандай сый-құрмет көрсетсе, оның қоғамдағы орны да соған сай болған", – дейді этнограф.
Мәдениеттанушы Естемір Байболаттың сөзінше, ат тергеудің де өзіндік шегі бар. Кейде дәстүрді орындау барысында оның бастапқы мақсаты ұмытылып, шектен шығу байқалады.
"Ат тергеу дәстүрі бұрыннан бар. Алайда кейде бұл дәстүрді шектен тыс қолданатын жағдайлар кездеседі. Негізінде, ат тергеу келіннің қайын атасын атымен, мысалы, "Әй, Құдайберген" деп атамауы үшін қалыптасқан. Бірақ баланың тегі атасының есімімен байланысты болған жағдайда, келін өз баласының тегін де атай алмай қалуы мүмкін. Тіпті атасының есімі "Рақмет" болса, келін осы сөзді де қолданудан тартынуы ықтимал. Мұндай жағдайда белгілі бір балама атауды қолдануға болады. Өйткені ат тергеу – ең алдымен, сыйластықты білдіретін дәстүр. Оның шығу тегіне қатысты тағы бір нұсқа бар. Ел арасында жаңа түскен келін қайын жұртының есімдерін ұмытып қалып, әрқайсысына өзіне ыңғайлы ат қойып алған деген әңгіме де айтылады", – дейді мәдениеттанушы.
Түнде үй сыпыру, шаш жаю, ер адамның жолын кеспеу: ырымдардың астарында не бар?
Келінге қатысты тыйымдар мұнымен шектелмейді. Түнде үй сыпыруға, шаш жаюға, ер адамның жолын кесуге болмайтыны да жиі айтылады. Бір қарағанда мұның бәрі түсініксіз шектеу болып көрінуі мүмкін. Алайда этнограф мұндай нанымдардың бір бөлігіне сол кезеңдегі дүниетаным мен тұрмыс жағдайы әсер еткенін айтады.
Жанболат Қазанғаповтың сөзінше, қазақтың дәстүрлі дүниетанымында көзге көрінбейтін тылсым күштер туралы түсініктер болған. Фетишизм, тотемизм, анимизм және тәңірлік таным элементтері көшпелі өмір салтымен астасып жатқан.
"Шаш жаюға, түнде дәретке шығуға болмайды деген ырым-тыйымдарға келсек, сахарада өмір сүрген қазақтар түсіндіруге келмейтін тылсым күштер бар деп сенген. Фетишизм, тотемизм, анимизм, тәңірлік түсініктерді ұстанып, табиғатпен етене өмір сүрген. Тылсым дүниелер күн батқанда жерге түсіп жүреді, шашқа қонады деген сенім болған. Сондықтан мұндай тыйымдар сақтықтың алдын алу мақсатында қалыптасқан болуы мүмкін.
Ал күйеуіне құрмет көрсету, оны теппеу, көзіне тіке қарамау, жолын кеспеу секілді түсініктер – жергілікті халықтың ұрпақтан ұрпаққа, шешеден қызға жеткізген өмірлік философиясы", – дейді этнограф.
Келінге қойылатын талаптар психологиялық қысымға айналуы мүмкін
Келінге қатысты ырым-тыйымдар мен отбасылық талаптардың әйел психологиясына қалай әсер ететінін зерделеу мақсатында психолог Маржан Тұрарбековадан пікір алдық. Маманның айтуынша, келін болып түсу – әйел өміріндегі үлкен әлеуметтік-психологиялық өзгерістердің бірі. Себебі ол үйреншікті ортасынан кетіп, жаңа отбасының тәртібі мен қарым-қатынас жүйесіне бейімделуге мәжбүр болады.
"Тіпті өз жарына үйреніп, онымен ортақ өмір құрудың өзі белгілі бір уақыт пен эмоционалдық ресурсты қажет етеді. Ал оған ата-ене, қайын жұртпен қарым-қатынас орнату, жаңа отбасының талаптары мен ережелерін қабылдау міндеті қосылады. Мұның барлығы әйел үшін күрделі бейімделу кезеңі болуы мүмкін. Осындай уақытта келінге "мынаны істеме, ананы айтпа, ер адамның жолын кеспе, қайын жұртыңның атын атама" деген секілді көптеген шектеу қойылса, оның психологиялық бейімделу процесі одан әрі күрделене түседі. Мұндай талаптар шамадан тыс бақылауға ұласып, әйелдің жеке шекарасына, дербестігіне және тұлғалық болмысына әсер етуі мүмкін", – дейді психолог.
Маманның сөзінше, келіннің жаңа ортаға бейімделу кезеңінде жүкті болуы да оған қосымша салмақ түсіруі ықтимал. Өйткені жүктілік кезінде әйел ағзасында физиологиялық және гормоналдық өзгерістер жүріп, эмоционалдық жағдайына да әсер етеді. Мұндай жағдайда отбасындағы түсіністік пен қолдаудың маңызы арта түседі.
Психолог келіннің бұрынғы тұлғалық болмысы мен жаңа ортадағы рөлі арасында қайшылық туындауы мүмкін екенін де атап өтті.
"Мәселен, жоғары білім алған, кәсіби тұрғыда қалыптасқан, белгілі бір әлеуметтік мәртебесі бар әйел жаңа отбасына келін болып түскеннен кейін бұрынғы тұлғалық рөлінен айырылғандай күй кешуі ықтимал. Оның білімі, кәсіби жетістігі, жеке көзқарасы мен өмірлік тәжірибесі ескерілмей, тек "келін" рөлімен шектелуі ішкі қайшылық тудырады. Яғни әйелдің өз болмысы мен айналасының одан күтетін мінез-құлқы арасында психологиялық қақтығыс пайда болады. Егер ол өз ойын ашық айта алмай, қарсылығын білдіруге қорқып, үнемі өзгелердің көңілінен шығуға тырысса, эмоциялық кернеу жинақтала береді. Уақыт өте келе бұл созылмалы күйзеліске, мазасыздыққа, өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне және эмоционалдық қажуға әкелуі мүмкін. Сондықтан дәстүрді сақтау мен адамның жеке шекарасын құрметтеудің ара-жігін ажырату қажет", – дейді Маржан Тұрарбекова.
Психолог сөз соңында келіннің жеке тұлғалық болмысы мен шекарасын құрметтеу керегін айтып, дәстүр адамға қысым көрсету құралына айналмауы тиіс екенін түйіндеді.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді
