Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр

сайлау
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы басталды. Ел бойынша 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлау жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау 228 мәслихатта өтеді. Оның ішінде 20-сы – облыстық, 38-і – қалалық, 170-і – аудандық мәслихат.

Депутаттар бес жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде өткізіледі.

Жалпы, сайлау барысында 3 447 депутаттық мандат бөлінеді. Оның ішінде:

  • 668 мандат – облыстық мәслихаттарға;

  • 626 мандат – қалалық мәслихаттарға;

  • 2 153 мандат – аудандық мәслихаттарға тиесілі.

Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға жеті саяси партиярұқсат берді. Олар:

  • "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясы;

  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;

  • "Әділет" партиясы;

  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;

  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы;

  • Қазақстан халық партиясы;

  • Respublica партиясы.

Депутаттық мандаттарды бөлу тәртібі мәслихаттың деңгейіне байланысты. Облыстық мәслихаттарда, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының мәслихаттарында аралас сайлау жүйесі қолданылады. Яғни депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы бірмандатты сайлау округтері арқылы сайланады. Егер мандаттардың жалпы саны тақ болса, қосымша мандат бірмандатты округке беріледі.

Ал аудандық мәслихаттар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында депутаттар тек бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Бұл жағдайда сайлаушылар нақты кандидаттарға дауыс береді.

Еліміздегі барлық сайлау учаскесі сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы дауыс беру аяқталғаннан кейін бес күннен кешіктірілмей жариялануы тиіс. Нәтижелерді жариялаудың соңғы мерзімі – 4 желтоқсан.

Назархан Уән
Жексенбі, 29 Қараша, 2026 08:00