Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көршінің шуы қаншалықты қатты екенін қалай өлшеуге болады және ол үшін қайда шағымдану керек

көрші шуы
Фото: Pexels

Көпқабатты үйде көршінің қатты музыка тыңдауы, жөндеу жұмыстарын жүргізуі немесе үйдің бірінші қабатындағы кәсіпкерлік нысанның шуы тұрғындардың мазасын алуы мүмкін. Алайда шудың шамадан тыс екенін дәлелдеу үшін көршімен сөз таластырып, полиция шақырумен ғана шектелудің қажеті жоқ. Оның деңгейін арнайы мамандарға өлшетуге де болады. Stan.kz тілшісі мұндай тексерудің қалай жүргізілетінін және тұрғындардың өз тыныштығын қалай қорғай алатынын анықтап көрді.

Үйдегі шудың да шекті мөлшері бар

Бір адамға қатты естілген дыбыс екінші адамға қалыпты көрінуі мүмкін. Алайда тұрғын үйдегі шуды бағалаудың адамның жеке қабылдауына тәуелді емес, нақты өлшемдері бар. Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың Stan.kz тілшісіне берген жауабына сүйенсек, тұрғын пәтерлердегі шудың рұқсат етілген деңгейі күндіз және түнде әртүрлі болып келеді екен.

Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен бекітілген гигиеналық нормативтерге сәйкес, тұрғын үйдегі шудың орташа деңгейі күндіз 40 децибелден, түнде 30 децибелден аспауы керек. Ал шудың ең жоғары деңгейі күндіз 55, түнде 45 децибелден жоғары болмауы тиіс.

Көршінің пәтеріне кірмей-ақ шуды өлшеуге болады

Көршісімен тіл табыса алмай жүрген тұрғындар шудың белгіленген мөлшерден асып кеткенін арнайы зертхана мамандарының көмегімен анықтай алады. Мұндай қызметті тиісті аккредиттеуден өткен зертханалар ақылы негізде көрсетеді.

Бір ескеретін жайт, шуды өлшеу үшін мамандардың көршінің үйіне кіруі міндетті емес. Тексеруді шағымданушының өз пәтерінде де жүргізуге болады.

“Шуды бағалау кезінде өлшеу шудың әсеріне ұшырап отырған тұрғынның пәтерінде жүргізіледі. Осыған байланысты шудың көзі болып отырған көршінің пәтеріне кіру міндетті емес. Себебі негізгі мақсат – шудың тұрғын үй-жайға әсер ету деңгейін анықтау және оның санитариялық нормативтерге сәйкестігін бағалау”, – деді Мұхамғали Арыспаев.

Демек, көршісі есігін ашпай қойған күннің өзінде тұрғын өз үйінде естілетін шуды мамандарға өлшете алады. Ал өлшеу нәтижесінде санитариялық талаптардың сақталған-сақталмағанын бағалауға мүмкіндік туады.

Мамандар келгенше көрші шулауын тоқтатса ше?

Тұрғындар жиі тап болатын қиындықтың бірі – мамандар келген кезде шудың басылып қалуы болып отыр. Мұндай жағдайда дыбыстың қаншалықты қатты болғанын кейіннен анықтау қиынға соғып жатады. Осы кезде департамент өкілі шудың қай уақытта басталып, қанша уақытқа созылатынын тіркеп отыруға кеңес береді. Телефонға жазып алынған дыбыс пен бейнежазбалар да кәдеге жарауы мүмкін.  

“Телефонға түсірілген жазбалар шудың болғанын және сипатын растауға көмектесуі мүмкін. Алайда олар шудың нақты децибелдік деңгейін анықтамайды және аспаптық өлшеу хаттамасын алмастырмайды”, – деді Арыспаев.

Сондықтан шу белгілі бір уақытта үнемі қайталанатын болса, зертхана мамандарымен өлшеу жүргізетін уақытты алдын ала келісіп алған жөн дейді маман.

Көршінің шуына қатысты шағымды санитар дәрігерлер қарай ма?

Мұнда шудың қайдан шығып жатқанына мән беру керек. Мәселен, үйдің төменгі қабатындағы дүкеннің тоңазытқышы немесе дәмхананың желдеткіш қондырғысы күні-түні гуілдеп тұрса, бұл – санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары қарайтын мәселе. Ал көршілердің қатты музыка тыңдауы, айқайласуы немесе басқа да тұрмыстық әрекеттерінен шыққан шу департаменттің құзыретіне жатпайды. Мұндай жағдайда тұрғындар полицияға жүгіне алады.

Дегенмен кәсіпкерлік нысанның үстінен шағым түсірудің өзі оны тексеруге жеткілікті бола бермейді. Жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін шағымды растайтын нақты дәлелдер қажет. Аккредиттелген зертхана жүргізген өлшеу хаттамасы осындай дәлелдердің бірі бола алады екен.

Көршінің шуы үшін қанша айыппұл салынады?

Тұрғындардың тыныштығын бұзғаны үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабында қарастырылған.

Жеке тұлғаларға алғаш рет тыныштық бұзғаны үшін 5 АЕК - 21 625 теңге, ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, 10 АЕК- 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Бұл ретте тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзуға сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін тыйым салынған. Ал тұрғын үйлерде және олардың аумағында орналасқан ойын-сауық орындары үшін демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейінгі уақыт белгіленгенін атап өткен жөн. 
Алайда түнгі уақытта көршілердің тыныштығын бұзғаны туралы хабарлау үшін алдымен ақылы зертханаға жүгіну міндетті емес. Тұрғындар 102 нөміріне хабарласып, полиция шақыра алады.

Тұрғындар көбіне қандай шуға шағымданады?

Мұхамғали Арыспаевтың мәліметінше, биыл Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шуға қатысты 21 өтініш түскен.

Ескеретіні, елорда тұрғындарының мазасын тек шулы көршілер ғана алмайды екен. Олардың арасында дүкендердің тоңазытқыштары, ғимараттардың желдеткіш жүйелері, кондиционерлер мен лифтінің дыбысына шағымданғандар да бар. Тіпті таңға жақын қоқыс жинауға келетін арнайы көліктердің шуына наразылық білдірген тұрғындар болған.

Үнемі шу естіп жүру денсаулыққа қалай әсер етеді?

Департамент өкілінің айтуынша, үйдегі тұрақты шу жай ғана қолайсыздық емес. Оның адам денсаулығына да зардабы бар көрінеді.

“Шудың ұзақ уақыт әсер етуі адамның денсаулығына кері әсер етіп, ұйқының бұзылуына, ашушаңдыққа, шаршағыштыққа, зейін қою қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Әсіресе балаларда тұрақты шу ұйқы сапасына, жүйке жүйесіне, зейіні мен оқу үлгеріміне кері әсер етуі ықтимал”, – деді Мұхамғали Арыспаев.

Еске салсақ, бұған дейін көпқабатты тұрғын үйлерде жөндеу жұмыстарын қай уақытта жүргізуге болатынын және тыныштықты бұзғандарға қандай айыппұл салынатынын жазған едік. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген заңгер Бақдәулет Құрманбаев көршілер жөндеу кезінде белгіленген талаптарды сақтамаса, тұрғындардың өз құқығын қалай қорғай алатынын түсіндірген болатын.

Қарлығаш Асқарова
Сенбі, 28 Қараша, 2026 09:00