Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қабыл болсын” деудің орнына күлді": Әйелдің шелпек алмаған көрші қызға деген реніші дауға ұласты

Шелпек әкеп тұрған әйел
Фото: Stan.kz

Шелпек үшін көрші қызбен сөзге қалған әйелдің жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Әкесі қайтыс болғаннан кейін шелпек пісіріп, көршілеріне таратқан әйел 16-17 жастағы қыздың оны алмай, күліп жібергеніне ренжіген. Ал желі қолданушылары екіге бөлініп, бірі қазақтың дәстүрін құрметтеу керек десе, екіншілері қыздың бейтаныс адамнан тамақ алмауы және ата-анасы үйде жоқта есік ашпауы қауіпсіздік тұрғысынан дұрыс екенін алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйгерім Бұрамбаева Threads желісінде әкесі қайтыс болғаннан кейін шелпек пісіріп, көршілеріне тарататынын жазды. Алайда осы жолы көршісінің 16-17 жастағы қызы шелпекті алудан бас тартып, "үйде нан бар" деп күлген.

"Аң-таң болып қалдым. Қыздың осы дәстүрден мүлде хабарсыз екенін түсіндім. Мен оған әкемнің қайтыс болғанын, оның рухына бағыштап, пісірген шелпекті бөлісіп тұрғанымды айттым. “Өтінемін, ал да, кешке ата-анаңа бер” дедім", – деп жазды Айгерім Бұрамбаева.

Әйелдің сөзінше, қыз шелпекті алмағанымен қоймай, кейін күліп жіберген.

"Соңында "Өздерің қай жақтан боласыңдар?" деп сұрадым. Ол "Шығыс Қазақстаннанбыз" деп тағы да күліп жіберді. Мен "қабыл болсын" дегенді естудің орнына "рахмет" деген сөз бен қатты күлкіні естідім. Оған ренжіп отырған жоқпын. Бірақ ата-аналар, балаларыңызға осы дәстүрді түсіндіріп, көрсетіп қойыңыздаршы", – деді Әйгерім Бұрамбаева.

Ал әйелдің сөзіне кейбіреуі қыздың мұндай қылығына ренжудің қажет емес екенін, керісінше, оның есікті ашпайы керек екенін айтқан.

"Балаларым сіздің шелпегіңізді алып қана қоймайды, тіпті, сізге есік те ашпайды. Бұл тыйым салынған. Бөтен адамның тамағын алуға да, тіпті көрші болса да, есік ашуға да болмайды. Жаңа заманның шындығын қабылдайтын уақыт келді", – дейді Эльвира Ерікқызы.

Елена Кегай да "балаларым үйде жалғыз болған кезде ешкімге есік ашуға мүлде рұқсат бермеймін" деп жазған.

Ольга есімді қолданушы "Өзіңіз қызық екенсіз. Ол не үшін алуы керек? Ол сізді танымайды ғой. Мен де көршілерден ешнәрсе алмаймын, оның қандай қолмен дайындалғанын кім білсін. Бірақ, әрине, күліп, мазақ етпес едім" деп түсіндірген.

Бірқатар қолданушы осы жағдайға күмәнмен қарап, қыздың қауіпсіздігі мен шелпек алу мәселесіне қатысты пікір білдірген. Енді бірі әйелдің жасөспірім қыздың ата-анасы жоқ кезде баламен сөйлесуге құқығы болмағанын алға тартқан. 

пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

Басқасы әйелдің қыздың шелпекті алмағаны үшін оны кінәлі етіп көрсетуге болмайтынын ескерткен.

"Түк түсінбедім. Айына 1-2 рет шелпек пісіресіз бе, әлде әкеңіз қайтыс болғандықтан шелпек пісірдіңіз бе? Оның көршілерге қандай қатысы бар? Қыз неге бөтен адамның қолынан бір нәрсе алуы керек?" – деп кей оқырмандар пікір білдірген.
пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

Тағы бір пікірде бұл әрекетті адамның өзі және әкесі үшін жасайтынын айтып, оны өзгелерге міндет артпай жасаған дұрыс екенін жеткізеді. Оның сөзінше, қыз балаға бөтен адамның қолынан тамақ алмауды үйреткеннің еш жамандығы жоқ. Сондай-ақ ол бейтаныс көрші әйел шелпек әкелсе, оны міндетті түрде алу керек пе деген сұрақ қойып, өз балаларына бөтен адамдарға есік ашуға рұқсат бермейтінін айтқан.

Басқа бір әйел посттың қазақша жазылғаны дұрыс болғанын айтып, мұның тек қазақ қоғамына түсінікті дәстүр екенін жеткізген. 

"Мына посты қазақша жазу керек еді, бұл тек өзімізге ғана тән, түсінікті дүние. Не болды ал? Бүкіл орыстарды шулатып, тек құры жаман болып алдың, боғына былғанып жүргенімен шаруасы жоқ, одан қалды “қандай қолмен дайындағанын кім білсін”, “біреудің қолынан алған қауіпті” деп оттап, бар ниетіңді быт-шыт қылды. Ниетің қабыл болсын! Келесіде тек өзімізге таратшы, рахаттанып отырып жейміз", – дейді әйел.

Тағы бір әйел Айгерімнің ниетіне оң бағасын беріп, шелпек алудан бас тартатын адамдарға бола уақыт жоғалтудың қажеті жоқ екенін айтқан. Ол мұны дәстүр екенін атап, өз ұлы шелпек келгенде есік ашып, алып, "Қабыл болсын" деп айтатынын жеткізген. Сондай-ақ бала кезінде шелпек пен бауырсақ үшін таласып, кімнің үлкен бөлікті алатынына дейін жарысатындарын еске алған.

пікір
Фото: threads.com желісінен скрин

Жұпар есімді қолданушы да өз тәжірибесімен бөліскен. Оның айтуынша, өзі Шығыс Қазақстаннан болғандықтан, оларда шелпек пісіргенде оны таратпайды. Кейін Ақтөбелік жігітке тұрмысқа шығып, Ақтауда тұрған кезінде келін болып түскен кездерінің бірінде үйде жалғыз қалған. Бір күні көрші келіншек есігін қаққанымен, оның не үшін келгенін түсінбей, есік ашпаған.

Кейін кешке ғана көршісінің шелпек әкелуге келгенін түсіндіргенін әзілмен жазған.

"Оңтүстікте де шелпекті жиі таратады. Айт кезінде де аташалар таңертең әр үйге кіріп, дұға оқиды. Коронавирусқа дейін 7-8 әйел бір-бірінің үйлеріне барып, араласып, әңгімелесетін. Кейбір аймақтарда мұны білмейтіндер бар екеніне таңғалдым. Ал мен “Көрісу күні” туралы алғаш рет 20 жасымда естігенмін. Сөйтсем, мұндай дәстүр де бар екен", – дейді оқырмандардың бірі.

Айым Атамбаева
Жұма, 02 Қазан, 2026 10:55