Пәтерақысын төлеуге көмек сұраған ақтаулық қызды ер адам зорлады деген ақпарат тарады
Адвокат Ләззат Рақышева Ақтауда 21 жастағы студент қыздың басынан өткен сұмдық оқиға туралы айтып, қыз-келіншектерге үндеу жасады. Оның сөзінше, пәтерақы төлеуге қаржылай көмек сұраған студентке бейтаныс ер адам ақша беруге уәде етіп, оны қала сыртына алып кеткен. Алайда сол жерде қызға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, оқиғаны видеоға түсірген. Кейінгі ер адам видеоны жариялаймын деп қорқытып, бопсалаған. Осыған байланысты Stan.kz полиция департаментінен оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
“Адам аяғы баспайтын жерде алып кеткен”
Белгілі адвокат Ләззат Рақышева өзі қызмет ететін құқық қорғау қорына Ақтау қаласының 21 жастағы тұрғыны көмек сұрап жүгінгенін мәлімдеді.
Заңгер қыздың басынан өткен жағдайды баяндап, оның оқиғасы барлық қыздарға, әсіресе студенттерге сабақ болуы керек екенін атап өтті.
"Қыз студент қиын жағдайға тап болып, пәтер жалдау ақысын төлеуге қаражаты болмаған. Осыған байланысты Threads желісінде жазба жариялап, қаржылай көмек сұраған. Оның өтінішіне бір ер адам жауап беріп, ақша жағынан көмектесуге уәде берген. Ер адам қызды көлігімен алып кетіп, қала сыртындағы адам аяғы баспайтын, маңайында ешкім де, көлік те жоқ жерге апарған. Алайда ол уәде еткен көмектің орнына қыздың еркінен тыс жыныстық зорлық-зомбылық жасаған", – дейді Ләззат Рақышева.
Заңгердің сөзінше, ер адам болған жағдайды видеоға түсірген.

Қыз одан түсірмеуін өтінгенімен, ол өтінішін елемей, түсірілімді жалғастырған.
"Осыдан кейін ер адам қызға ешқандай қаржылай көмек көрсетпестен, оқиға орнынан кетіп қалған. Ең сорақысы, содан бері төрт ай бойы ол видеоны жариялаймын деп қорқытып, қызды бопсалап келеді. 21 жастағы студент қыздың қандай күй кешіп жүргенін елестетіп көріңіздерші. Осы орайда барлық қыздарға үндеу жасағым келеді. Threads желісінде көмек сұрап жазатындарыңызды жиі кездестіремін. Әсіресе пәтерақы төлеуге, азық-түлік алуға немесе оқу ақысын өтеуге қаражаты жетпей жүрген студенттер мен жас қыздардың өтініштері көп. Әр адамның жағдайы әртүрлі екенін түсінемін. Кейде адам, шынымен, қиын жағдайға тап болып, кімнен көмек сұрарын білмей қалады", – дейді адвокат Ләззат Рақышева.
Сондай-ақ, адвокат Threads желісінде бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырды. Оның айтуынша, экранның ар жағында кім отырғанын және ол адамның қандай ниет көздейтінін ешкім біле бермейді.
"Сізге жазып, қаржылай көмек ұсынған әрбір ер адам шынымен көмектескісі келеді деп ойламаңыздар. Өкінішке қарай, өзгенің қиын жағдайын, шарасыздығы мен осалдығын пайдаланатын адамдар да бар. Бейтаныс адамдардың көлігіне отырып, олармен бірге ешқайда бармаңыздар. Адам аяғы баспайтын жерлерде кездесуге келіспеңіздер. Мүлде танымайтын адамдармен оңаша қалмаңыздар. Егер көмекке мұқтаж болсаңыздар, алдымен туыстарыңызға, жақындарыңызға, достарыңызға немесе әлеуметтік қызметтерге жүгінгендеріңіз дұрыс", – деп жазған заңгер Ләззат Рақышева.
Күдікті ұсталды ма?
Ақтау қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиғаға қатысы бар ер адам анықталып, ұсталған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 29 жастағы әйел такси жүргізушісін интимдік видеомен бопсалап, одан 420 мың теңге талап еткені хабарланған еді. Әйел ер адамды видеоны туыстарына таратамын деп қорқытқан. Сот оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырғанымен, төрт баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеу мерзімін бес жылға кейінге шегерген.