Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық болмыстың бір бөлшегі: Қазақы тазыны қалай асырап, баптау керек

Тазы
Фото: Ақорда

 

Қазақы тазы – халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігімен, аңшылық өнерімен және дүниетанымымен біте қайнасқан ұлттық құндылық. Бүгінде оны ауылда ғана емес, қаладағы пәтерде де асырауға болады. Алайда тазының табиғи қасиеттерін жоғалтпай, төл тұқымын сақтау үшін не істеу керек? Stan.kz тілшісі маманнан тазының қазақ мәдениетіндегі орны мен оны күтіп-баптаудың ерекшеліктерін сұрады.

Қазақы тазыны қаладағы пәтерде де асырауға болады. Алайда оны сәндік ит ретінде қабылдауға болмайды. "NOMAD" ұлттық аңшылық клубының төрағасы Болат Құнанбаевтың айтуынша, тазы күнделікті ұзақ серуендеуді, дене жаттығуларын және иесінің тұрақты назарын қажет етеді.

“Аңшылық түйсігі, жүйріктігі мен мінез-құлқының ерекшеліктері көбіне генетикалық тұрғыдан қалыптасады. Алайда тиісті жаттығулар мен тәжірибе болмаса, кейбір қабілеттері уақыт өте келе бәсеңдеуі мүмкін. Сондықтан оны қалада ұстағанның өзінде тазыға қауіпсіз жерде еркін жүгіруге, ептілігін дамытуға және дене бітімін қалыпты ұстауға мүмкіндік беру қажет”, – дейді маман.

Тазы неге жеті қазынаның қатарына енген?

Қазақ халқы ежелден тазыны ерекше қадірлеген. Көшпелі тұрмыста оның көмегімен аң аулап, отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Сондықтан алғыр тазы ұстаудың тұрмыстық маңызы да зор болған.

“Тазы жай ғана аңшы ит емес, көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтың сенімді серігі, күнкөріс қамында таптырмас көмекшісі әрі адамның адал досы болған. Ол өзінің шапшаңдығымен, төзімділігімен, қырағылығымен, зеректігімен, сымбаттылығымен және иесіне деген адалдығымен жоғары бағаланған. Жақсы тазы отбасының үлкен байлығы саналған. Сондықтан да ол қазақ халқының жеті қазынасының қатарына енгізілген”, – дейді Болат Құнанбаев.

тазы
Фото: Болат Құнанбайұлының мұрағатынан

Тазыны қалай тәрбиелеу керек?

Маманның сөзінше, тазының өзіне тән мінезі бар. Ол дербес шешім қабылдауға бейім болғандықтан, итті тәрбиелеу кезінде иесінен шыдамдылық пен сабырлылық талап етіледі. Оған күш көрсетуге, дөрекі қарым-қатынас жасауға болмайды.

Тазыны күшік кезінен:

  • - Иесіне бағынуға және онымен тығыз байланыс орнатуға;
  • - Серуендеуге және дене жаттығуларына біртіндеп бейімделуге;
  • - Қоршаған ортаға және басқа жануарларға үйренуге;
  • - Қауіпсіз ойындар арқылы табиғи қабілеттерін жетілдіруге;
  • - "Маған кел", "Қасыма", "Тоқта" секілді бұйрықтарды орындауға үйрету қажет.

Құнанбаевтың айтуынша, тазыны тәрбиелеудің дәстүрлі әдістерінің ішінде күнделікті серуендеудің орны ерекше болып келеді. Ал аң аулау қабілеті оның табиғатына тән болғандықтан, оны арнайы үйретудің қажеті жоқ.

Тазыны немен тамақтандыру керек?

Тазының тамақтандыру оның қозғалысына және денесіне түсетін күшке қарай реттелу керек. Әсіресе қыс мезгілінде иттің құнарлы әрі толыққанды азықпен қоректенуіне мән берген жөн екенін айтады маман.

“Аңшылық кезінде дене күшін көп жұмсайтындықтан, энергияға деген қажеттілігі де артады. Сондықтан азық мөлшері мен құрамы түсетін күшке қарай реттелуі қажет. Сонымен қатар тазыны суыққа ұрынудан және жарақат алудан сақтау керек”, – дейді маман.

Тазының азығы ақуызға, майға, дәрумендер мен минералдарға бай болуы қажет. Оны осы талаптарға сай дайын жеммен де, құрамы дұрыс таңдалған табиғи тағаммен де қоректендіруге болады.

Фото: Болат Құнанбайұлының мұрағатынан

Тазыны қысқы аңшылыққа қалай дайындайды?

Қансонар кезінде тазының жүйріктігімен қатар қырағылығы, аңды іздеп табу қабілеті, төзімділігі мен өжеттігі маңызды болып келеді. Алайда иттің табиғи қабілетіне ғана сеніп, оны алдын ала дайындықсыз аңға салуға да болмайтын көрінеді.

“Аңшылық маусымы басталмас бұрын тазыны физикалық жүктемелерге біртіндеп дайындау қажет. Ол үшін серуендеу мен жүгіру уақытын біртіндеп арттырып, бұлшық еттерінің жағдайын, табандарының саулығын және жалпы денсаулығын қадағалау маңызды”, – дейді Болат Құнанбаев.

Қазақы тазының қандай қасиеттерін жоғалтып алуымыз мүмкін?

Бүгінде тазы өсірушілерді алаңдатып отырған мәселелердің бірі – тұқым тазалығын сақтау болып отыр. Маманның сөзінше, басқа ит тұқымдарымен бақылаусыз будандастыруға жол бермеу, асыл тұқымдық құжаттарын реттеу және шежіресін жүргізу маңызды жұмыстардың бірі. Сондай-ақ тазы өсіру кезінде оның сыртқы сұлулығына ғана мән беріп, табиғи аңшылық қабілеттерін екінші орынға ысыруға болмайды екен.

“Қазіргі ит өсірушілердің басты міндеті – қазақы тазыны ата-бабаларымыздан жеткен қалпында сақтау. Яғни оның сымбаттылығын, жүйріктігін, төзімділігін, зеректігін және адамға деген адалдығын жоғалтпауымыз керек. Сонымен қатар дәстүрлі тәжірибені генетика, ветеринария және жауапты тұқым өсіру салаларындағы заманауи біліммен ұштастыру аса маңызды”, – дейді маман.

Болат Құнанбайұлының айтуынша, қазақы тазыны сақтау үшін оның санын көбейту ғана жеткіліксіз. Тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу, генетикалық әртүрлілігін сақтау және ит баптаудың дәстүрлі әдістерін кейінгі ұрпаққа жеткізу де маңызды. Ал тазы асырағысы келетіндер ең алдымен иттің табиғи қажеттіліктерін өтей алатынын ескергені жөн.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 27 Қараша, 2026 15:54