Тазы мен төбет – қазақтың қазынасы: арнайы күннің мәні неде?
Бүгін елімізде Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Бұл күн қазақы ит тұқымдарын сақтап, көбейту және кеңінен таныту мақсатында белгіленген. Осыған орай Stan.kz тазы мен төбеттің түп-төркініне үңіліп, олардың қазақ тұрмысындағы орны мен бүгінгі жай-күйіне тоқталады.
Тазы мен төбет қазаққа несімен қадірлі?
Қазақ үшін тазы мен төбет жай ғана үй жануары болмаған. Тазы аңға шыққанда серік болса, төбет төрт түлікті жыртқыштан қорғаған. Көшпелі тұрмыста екеуінің де өзіндік орны мен қызметі болған.
Соның ішінде құмай тазы қазақ ұғымындағы жеті қазынаның біріне баланады. Жүйріктігі, алғырлығы мен аңшылық қасиеті үшін тазыны ерекше бағалап, жақсы тазыны баптап ұстаған. Төбет те мал шаруашылығымен біте қайнасып кеткен. Ол қора мен малды күзетіп, қасқыр секілді жыртқыштардан қорғауға пайдаланылған.
Этнограф Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, байырғы ит тұқымдарын сақтау мәселесіне бүгінде әлемнің көптеген елінде ерекше мән беріледі.
"Қазіргі таңда әлем елдерінде ежелгі ит тұқымдарын қорғауға бағытталған ұлттық нормативтік-құқықтық актілер қабылданып жатыр. Қазақстанда да ежелгі ит тұқымдары – тазы мен төбет ұлттық мәртебеге ие болып, ұлттық бірегейліктің бір бөлігіне айналды. Соңғы үш-төрт жылда елімізде ежелгі ит тұқымдарына қатысты ұлттық білімді жаңғыртуға бағытталған жаңа көзқарас қалыптасып келеді", – деді Тәттігүл Қартаева.
Қазақ тазысы әлемге қалай танылды?
Соңғы жылдары Қазақстанда тазы мен төбетті сақтау және олардың санын көбейтуге бағытталған жұмыс күшейді. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайтуға қатысты арнайы заң қабылданды.
Қазақстан Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданып, 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Қазақстан тазы тұқымының шыққан елі ретінде ресми түрде бекітілді. Бұл тазының халықаралық деңгейдегі тұқымдық стандартын қалыптастыруға және оны қазақы ит тұқымы ретінде танытуға мүмкіндік берді.
Бүгінде қазақстандық тазылар халықаралық көрмелерге қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Ел ішінде де асыл тұқымды тазы өсірушілер қатары артып келеді. Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы да аяқталуға жақын.
Қазақы тазы мен төбеттің тұқымы қалай сақталып келеді?
Тазы мен төбетті сақтау олардың санын көбейтумен ғана шектелмейді. Негізгі мәселенің бірі – ғасырлар бойы қалыптасқан тұқымдық ерекшеліктерін жоғалтпай, таза қалпында келесі ұрпаққа жеткізу. Этнограф Тәттігүл Қартаева шалғайдағы ауылдар мен мал шаруашылығымен айналысатын ортада тазы мен төбет өсіру дәстүрі әлі де жалғасып келе жатқанын айтады. Оның пікірінше, дәл осы дәстүр қазақы ит тұқымдарының бүгінге дейін жетуіне ықпал еткен.
"Дәстүрлі мал шаруашылығы мен аңшылық сақталған қазақ ортасында, шалғайдағы малшылар арасында тазы мен төбетті өсіру ешбір әкімшілік талапсыз-ақ атадан балаға мирас болып жалғасып келеді. Бұл қазақы ит тұқымдарының генетикалық қорын сақтауға мүмкіндік берді. Ендігі жерде олардың толық ұлттық келбетін сақтау үшін селекция, кинология, зоология және басқа да сала мамандары бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сондықтан қазақы ит тұқымдарын зерттеу бір ғана этнографияның аясында қалмауы керек. Бұл жұмысқа кинологтар, генетиктер, зоологтар және өзге де сала мамандарының қатысуы тиіс.", – деді этнограф.
Тазы мен төбет күні не үшін керек?
Тазы мен төбетке арнайы күн белгілеу – қазақы ит тұқымдарын кеңінен танытудың бір жолы. Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, ұлттық ит тұқымдарына ерекше мән беру тәжірибесі басқа халықтарда да кездеседі.
"Ежелгі ит тұқымдары – тазы мен төбетті тарихи-танымдық тұрғыдан зерттеу, олар туралы ақпаратты баспасөз арқылы насихаттау маңызды. Тазы мен төбет күнінің белгіленуі де осы жұмыстың бір бөлігі. Мұндай дәстүр әлемнің көптеген елінде бар. Қырғыз бауырларымызда тайғанға, түрікмендерде алабайға ерекше мән беріледі. Яғни көптеген мемлекет өздерінің ежелгі байырғы ит тұқымдарын қорғап, дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр", – деді Қартаева.
Этнографтың сөзінше, соңғы жылдары тазы мен төбет өсірушілердің белсенділігі де артқан. Қазақы иттер түрлі жарыстар мен тұқымдық көрмелерге жиі қатыса бастаған. Дегенмен арнайы күн белгілеу тазы мен төбетті сақтап қалу үшін атқарылатын жұмыстың бір бөлігі ғана. Олардың таза тұқымын сақтау, генетикалық қорын зерттеу, дұрыс селекция жүргізу және қазақ даласында қалыптасқан итбегілік дәстүрін жалғастыру да маңызды.
"Тазы мен төбет ғасырлар бойы қазақпен бірге жасап келді. Ендігі міндет – оларды ұлттық нышан ретінде дәріптеумен шектелмей, табиғи қасиеті мен тұқымдық ерекшелігін жоғалтпай келесі ұрпаққа жеткізу", – деді Тәттігүл Қартаева.
Су жаңа Құрылтай қалай жұмыс істейді және заң қалай қабылданады
