Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді
Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төрт Олимпиада ойындарына қатысқан спортшы мұны әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Әжіғалиев жазбасында шорт-трекпен 24 жыл бұрын айналыса бастағанын, ал 2009 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғағанын айтты.
“Осы жылдар ішінде бүкіл дистанцияда Қазақстан чемпионы атана алдым. Еліміздің тарихындағы алғашқы Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алып, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте Қазақстан Туын Олимпиада аренасына алып шығу құрметіне ие болдым. Мен үшін бұл ең үлкен мәртебе”, – деп жазды спортшы.
Оның сөзінше, спорт оған тек жарыс жолындағы жеңісті емес, мінезді, тәртіпті, төзімділікті және Отан алдындағы жауапкершілікті де үйреткен.
“Осы жолда мен әр жарыс сайын Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым”, – деді Әжіғалиев.
Спортшы биыл кәсіби мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
“Кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәті келеді. Мен үшін дәл сондай кезең басталды. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын. Басып өткен жолыма көз жүгіртсем, жүрегімді өкініш емес, шексіз алғыс пен мақтаныш сезімі кернейді”, – деп жазды ол.
Абзал Әжіғалиев спорттан біржола кетпейтінін де атап өтті. Ендігі мақсаты – осы жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімін Қазақстан спортының дамуына жұмсау.

Ол ұлттық құраманың жанында болып, жас спортшыларға бағыт-бағдар бергісі келетінін айтты.
"Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы”, – деді спортшы.
Әжіғалиев осы жылдар бойы қолдау көрсеткен отбасы мүшелеріне, бапкерлеріне, командаластарына, дәрігерлер мен мамандарға алғыс білдірді.
Сондай-ақ жеңісі мен жеңілісін бірге бөліскен жанкүйерлеріне ризашылығын жеткізді.
“Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш беретін. Алдағы уақытта да командамызды қолдап, шорт-трек спортын ұмытпауларыңызды сұраймын”, – деді ол.
Спортшы сөзінің соңында өзінің спорттағы миссиясы мұнымен аяқталмайтынын атап өтті.
Су жаңа Құрылтай қалай жұмыс істейді және заң қалай қабылданады