Нұрлыбек Нәлібаев пен Қанат Бозымбаев Үкіметтегі қызметтерінде қалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлыбек Нәлібаев пен Қанат Бозымбаевты Үкіметтегі қызметтеріне қайта тағайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін жалғастырады. Ол бұл қызметті 2026 жылғы мамырдан бері атқарып келеді.
“Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада.
Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев та Премьер-министрдің орынбасары лауазымына қайта тағайындалды.
“Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада.
Бозымбаев Үкіметке 2024 жылғы 31 наурызда келген еді. Оған дейін Президент кеңесшісі қызметін атқарған.
Бұған дейін Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті екі кандидатураны да қарап, тиісті лауазымдарға тағайындауға келісім берген. Мәселе “Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Конституциялық заңның 30-бабына сәйкес қаралған.
Нұрлыбек Нәлібаев кім?
Нұрлыбек Нәлібаев 1976 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін және Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997 жылы мұнай және мұнай өнімдері бойынша сарапшы болып бастаған. Кейін бірнеше жекеменшік коммерциялық құрылымда басшылық қызметтер атқарды.
2005-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары болды. 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды.
2008-2013 жылдары Шиелі ауданын басқарса, 2013-2021 жылдар аралығында Қызылорда қаласының әкімі болды. 2021-2022 жылдары Премьер-министр кеңсесінің Өңірлік даму бөлімін басқарды.
2026 жылғы мамырда Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Енді ол жаңартылған Үкімет құрамында осы лауазымын сақтап қалды.
Қанат Бозымбаев кім?
Қанат Бозымбаев 1969 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1993 жылы коммерциялық ұйымда экономист болып бастаған.
1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі болды. Кейін Экономика және сауда министрлігінде, “ҚазТрансОйл” компаниясында басшылық қызметтер атқарды. Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Мұнай және газ департаментін басқарып, осы ведомствоның вице-министрі болды.
Бозымбаевтың еңбек жолының елеулі бөлігі энергетика саласымен байланысты. Ол KEGOC компаниясын бірнеше жыл басқарды. Кейін "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару холдингіне жетекшілік етті.
2009-2013 жылдары Жамбыл облысының, 2013-2016 жылдары Павлодар облысының әкімі болды. 2016-2019 жылдары Қазақстанның Энергетика министрі қызметін атқарды.
2019-2021 жылдары Президенттің көмекшісі, 2021-2022 жылдары Алматы облысының әкімі, ал 2023-2024 жылдары Президенттің кеңесшісі болды.
2024 жылғы 31 наурызда Қанат Бозымбаев Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Үкіметте ол өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, су ресурстары мен ирригация, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою бағыттарына жетекшілік етті.
Бозымбаев Үкіметке 2024 жылғы алапат су тасқыны кезінде келген болатын. Сол кезеңде ол тасқын салдарын жою жұмыстарын үйлестіріп, зардап шеккен өңірлердегі тұрғын үйлерді қалпына келтіру мәселелеріне жетекшілік етті.
Осылайша, Үкіметтің жаңартылған құрамында Нұрлыбек Нәлібаев бірінші вице-премьер, ал Қанат Бозымбаев вице-премьер қызметін жалғастырады.
Су жаңа Құрылтай қалай жұмыс істейді және заң қалай қабылданады
