Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саясат Нұрбек, Ербол Мырзабосынов, Асқарбек Ертаев пен Айдарбек Сапаров министр қызметін сақтап қалды

Primeminister.kz
Фото: Primeminister.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет құрамындағы тағы төрт министрді қызметіне қайта тағайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Саясат Нұрбек бұған дейін атқарып келген қызметін жалғастырады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов Туризм және спорт министрі болып қайта тағайындалды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Президенттің тағы бір жарлығымен Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалды. Ол да Үкіметтің жаңа құрамында өз лауазымын сақтап қалды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқарбек Маратұлы Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Ал Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрі қызметін жалғастырады. Мемлекет басшысы оны аталған ведомствоның басшысы етіп қайта тағайындады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдарбек Сейпілұлы Сапаров Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Саясат Нұрбек туралы не белгілі?

Саясат Нұрбек еңбек жолында мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда және білім беру саласында түрлі лауазым атқарған.

Ол “Самұрық-Қазына” қорында кадр және персоналды басқару саласындағы басшылық қызметтерде жұмыс істеген.

2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін басқарды. Кейін 2013 жылға дейін "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті болды.

2013-2015 жылдары “Нұр Отан” партиясының Қоғамдық саясат институтын басқарса, 2016-2017 жылдары “Астана” халықаралық қаржы орталығында басқарушы директор қызметін атқарды.

Кейін білім беру жобаларына ауысып, National Geographic Kazakhstan жобасында кеңесші, BTS Digital компаниясында білім беру жобаларының жетекшісі және BTS Education компаниясының бас директоры болды.

2022 жылғы 11 маусымда Саясат Нұрбек Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды. Кейін 2023 және 2024 жылдары осы қызметке қайта тағайындалған.

Ербол Мырзабосынов туралы не белгілі?

Ербол Мырзабосынов 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Семей мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін және Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасында ассистент, кейін жаттықтырушы-оқытушы болып бастаған.

2009-2014 жылдары Семей мемлекеттік медицина университетінің дене тәрбиесі кафедрасында сабақ беріп, кейін осы кафедраны басқарды.

2006-2018 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етті.

2018-2020 жылдары "Қызылжар Арландары" спорт клубының директоры, 2020-2021 жылдары Qazaq kuresi қауымдастығының басқарушы директоры болды.

2021 жылғы наурыздан бастап Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры қызметін атқарды.

2023 жылғы 27 ақпанда Спорт істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ал 2024 жылғы қыркүйекте Туризм және спорт министрі қызметіне келді.

Асқарбек Ертаев туралы не белгілі?

Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін және "НҰР" Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастаған.

2000-2014 жылдар аралығында банк секторында еңбек етті.

2014 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сауда комитетінде бас сарапшы міндетін атқарушы болды.

2014-2021 жылдары Ұлттық экономика министрлігінде бас сарапшыдан бастап басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары және департамент директоры қызметтеріне дейін көтерілді.

2021-2022 жылдары Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесінің талдау бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды.

2022-2023 жылдары Премьер-министр кеңсесі мен Үкімет аппаратында экономикалық бөлімді басқарды.

2024 жылғы тамызда Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды.

Айдарбек Сапаров туралы не белгілі?

Айдарбек Сапаров 1966 жылғы 12 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Омбы ауыл шаруашылығы институтын және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы – зооинженер, сондай-ақ мемлекеттік басқару бакалавры. "Құрмет", "Парасат" ордендерімен және "Астанаға 10 жыл" мерейтойлық медалімен марапатталған.

Еңбек жолын 1984 жылы кеңшарда бухгалтер болып бастаған. Кейін зоотехник болып еңбек етіп, "Ноғайбай" ЖШС-ін басқарған. 2003 жылдан бастап "Азық-түлік корпорациясы" АҚ-ның облыстық өкілдігінде басшылық қызметтер атқарды. 2006 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық инспекциясын басқарды.

2006-2008 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданының, 2008-2010 жылдары Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі болды. 2011-2019 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі болып тағайындалды. 2022 жылғы желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне келді.

2023 жылғы 4 қыркүйекте Айдарбек Сапаров Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды. Енді ол Үкіметтің жаңа құрамында да осы қызметін жалғастырады.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 13:20