Қазақстан құрамасының хоккейшісі 70 млн теңгеге алған баспанасынан екінші рет сатып алуға мәжбүр екенін айтты
Қазақстан құрамасының хоккейшісі 70 миллион теңгеге таунхаус сатып алған. Алайда көп ұзамай өз үйінің басқа адамның атына рәсімделгенін білген. Енді спортшы өзі үшін төлеген баспанасын екінші рет сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндай жағдайға душар болып отырған хоккейден спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Әсем Төлеубаева. Ол да, жолдасы да Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен. Бірнеше жыл қонақүйлер мен жалдамалы пәтерлерде тұрып, өз баспанасын алу үшін ақша жинаған.

Олар Алматыдағы Қарағайлыда орналасқан IRIS тұрғын үй кешеніндегі таунхаус үшін қолма-қол 70 миллион теңге төлеген. Алайда көп ұзамай, сәбиі дүниеге келген соң, Әсем баспананың басқа адамның атына рәсімделгенін білген. Оның айтуынша, осы жағдайдан кейінгі күйзелістен омыраудағы сүті тоқтап қалған.
Әсем бұл мәселеге тап болған жалғыз адам емес. Жалпы, аталған тұрғын үй кешеніндегі үйлер үшін 28 отбасы таласып отыр. Олардың айтуынша, таунхаустар үшін барлығы 1,36 миллиарж теңге төлеген. Кейбірі үйдің кілтін алып, жөндеу жұмыстарына ақша жұмсап, тіпті қоныстанып та үлгерген. Алайда олардың қолындағы келісімшарттар алдын ала жасалған құжаттар болып шыққан. Ал үйлер сатып алушылардың атына сол күйі тіркелмеген.
Кейін 22 үй сегіз басқа адамның атына рәсімделіп, жалпы сомасы шамамен 1,434 миллиард теңге несие бойынша Bank CenterCredit-ке кепілге қойылған. Ал тағы алты үй мен жердің бір бөлігі, жеке инвестордың иелігіне өткен.
Алты отбасы бұған дейін ақысын төлеп қойған үйлері мен жерін қайта сатып алу үшін тағы 100 миллион теңге жинаған. Алайда тараптар ортақ мәмілеге келе алмаған.
“Өз пәтерімді екінші рет сатып алуым керек болып тұр. “Өз пәтерімді өзім сатып аламын ба?” десем, “Жоқ, бұл ақша жеткіліксіз” деп айтты”, — дейді Әсем.
Алматы қаласының полиция департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Үш күдікті қамауда отыр. Ал банк бұл іс бойынша өзі де жәбірленуші тарап екенін мәлімдеді.
Қолдарында — төлем жасағанын растайтын құжаттар, үйдің кілттері және жөндеуге жұмсаған миллиондаған теңгесі бар. Алайда меншік иелері тізілімінде басқа адамдардың аты-жөні көрсетілген.
Енді отбасылар Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен осы істің бүкіл тізбегін тексеруді талап етіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы ондаған тұрғын үй кешенінің тұрғындары 1 қыркүйектен бастап жарықсыз қалуы мүмкін екені туралы жазған едік.
Су жаңа Құрылтай қалай жұмыс істейді және заң қалай қабылданады