Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Риддер қаласында аю көбейген: Жыртқыштар алма бағына түсіп, азық ұрлап, жұртты шошытып жүр

аю
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстанда аюлар азық іздеп, тұрғын үйлер мен саяжайларға келіп жүр. Қысқа дайындалып жүрген аңдар қорек іздеп, қоршауларды бұзып, бақшаларға кіріп, көкөніс пен алма жеп жүр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Риддердің шет жағында тұратын тұрғындар көшеге шығудан қорқып отыр. Жуырда Шаравка ауданындағы саяжайлардың біріне түнде аю кіріп кеткен. Аңның әрекеті жеке үйге орнатылған бейнекамераға түсіп қалған.

Аюды байқаған үй иесі оны дыбыс арқылы үркітпек болған. Алайда аю қатты дыбыстан қорықпай, тек үйден жарық жанған соң ғана кеткен. 

Саяжай тұрғындарының айтуынша, Шаравка ауданында аю тамыз айының ортасынан бері жүр. Оның іздері маңайдың әр жерінен байқалады. Риддер тұрғыны Галинаның айтуынша, бірнеше күн бұрын аю оның қоршауын бұзып, алма ағашын сындырып кеткен. Бұл жағдай да түнде болған.

Төртінші аудан тұрғындары да аюлардан қауіптеніп отыр. Мұнда жабайы аңдар жиі көрінеді екен. Соңғы күндері аюлардың тұрғын үйлерге бірнеше рет жақындағаны белгілі болған. 

Аюдың адамға шабуыл жасау қаупі де жоқ емес. Бұған дейін Риддерде аю шабуылынан ер адам ауыр жарақат алғаны, алайда аман қалғаны айтылған еді. 

Тұрғындардан шағым көп түсіп, жұрт алаңдағандықтан, Риддерге Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағы қайта жіберілді.

Мамандар карабиндермен қаруланған. Олар аюларды іздеу үшін квадрокоптерлер мен жылу түсіретін тепловизорларды пайдаланып жатыр. Себебі аңдар көбіне түнде қорек іздеп шығады.

Риддер қаласы әкімдігінің мәліметінше, тепловизорлар мамандарға орман алқаптарын, оған іргелес аумақтарды мұқият тексеріп, бақылауға алынуы мүмкін нысандарды анықтауға мүмкіндік береді.

“Қазір бірінші топтың мамандары “Қазақстан” бау-бақша қоғамының аумағын, “Ботаника” үшінші тұрғын ауданын, Пихта орман шаруашылығы аумағын тексеріп шықты. 2 қыркүйекте Риддерге тағы бір мамандар тобы келеді. Олар қала мен қала маңындағы аумақтарды тексеруді жалғастырады. Жасақ Риддерде шамамен бір апта жұмыс істейді. Олар қала, қала маңы, орман алқаптары және оларға іргелес аумақтардың барлығын толық тексеріп шығады. Тұрғындардан жүріп жатқан жұмыстарға түсінікпен қарап, мамандардың қызметіне кедергі келтірмеуді сұраймыз”, – деді қала әкімдігі.

Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағының өкілдері мамандардың Риддерге келіп, жұмысқа кіріскенін растады. Бұл жолы Риддерге инспекторлардың бірден үш экипажы жіберілген.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында үлкен аюды бір топ адам кездестіріп қалғаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 11:27