Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су жаңа Құрылтай қалай жұмыс істейді және заң қалай қабылданады

Құрылтай депутаттары
Фото: akorda.kz

Қазақстанда екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай жұмысын бастады. Оның құрамына 145 депутат кірді, төрағасы мен орынбасарлары сайланып, сегіз тұрақты комитет құрылды. Осылайша елдегі заң шығару жүйесі де өзгерді, яғни бұрын Мәжіліс пен Сенат арасында бөлінген жұмыс енді бір органның аясында жүреді. Бұл заң қабылдау процесіне қалай әсер етуі мүмкін, депутаттардың жұмысы қалай ұйымдастырылады және жаңа жүйенің бұрынғы Парламенттен басты айырмашылығы неде? Stan.kz тілшісі саралап көрді.

 

Екі палатаның орнына бір Құрылтай

Бұған дейін Қазақстан Парламенті Мәжіліс пен Сенаттан тұратын. Заң жобасы алдымен Мәжілісте қаралып, кейін Сенатқа жіберілетін. Сенат оны мақұлдайтын немесе өзгерістер енгізіп, Мәжіліске қайтаратын.

2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумнан кейін бұл жүйе өзгерді. Жаңа Конституция қабылданып, 1 шілдеден бастап Мәжіліс пен Сенаттың орнына бір палаталы Құрылтай келді.

Сырттай қарағанда басты өзгеріс екі палатаның бір палатаға бірігуі сияқты көрінеді. Алайда мәселе атау мен депутат санында ғана емес. Бұрын заң жобасын екі бөлек палата кезең-кезеңімен қарайтын болса, енді заң шығару жұмысы 145 депутаттан тұратын бір органның ішінде жүреді. Құрылтай Қазақстанның заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган саналады. Оның депутаттары бес жылға сайланды.

Стан 1
Фото: Stan.kz

Заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраева бір палаталы жүйе заң шығару процесін жеделдетуі мүмкін деп есептейді.

"Құрылтайдың бір палаталы болғаны тиімді болады деп ойлаймын. Себебі бұрын заң жобасын алдымен бір палата қарап, кейін екінші палата қарайтын. Одан қайтаратын жағдайлар да болды. Осылайша уақыт кететін. Ал қазір заңдар тез өзгеруі тиіс. Өйткені қоғам да өзгеріп жатыр", – деді Алуа Ибраева.

Дегенмен сарапшы мұның тәуекелі де бар екенін айтады. Оның пікірінше, заң қабылдаудың жылдамдығымен қатар, оның сапасына да мән берілуі керек.

"Әрине, мұның тәуекелі де бар. Жаңадан келген депутаттардың заң шығаруда тәжірибесі болуы керек. Құқықтық мәдениетін көтеру үшін олар сарапшылармен, заңгерлермен кездесіп, жұмыс істеуі тиіс. Өйткені заң шығару – күрделі әрі ұзақ процесс", – деді ол.

Неліктен жаңа орган Құрылтай деп аталды?

"Құрылтай" атауы кездейсоқ таңдалмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа органның алғашқы сессиясында бұл атаудың қазақ тарихымен сабақтас екенін түсіндірді.

Президенттің айтуынша, ертеде Құрылтайда ел үшін маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Сондықтан тарихи атауды қазіргі заң шығарушы органға беру өткенге қайта оралу емес, мемлекеттің саяси дәстүрін бүгінгі басқару жүйесімен сабақтастыруды көздейді.
Тоқаев жаңа Құрылтай мемлекеттік аппарат жұмысына серпін беріп, ұлттық заңнаманың сапасын арттыруға тиіс екенін де атап өтті.

145 депутат қалай сайланды?

Құрылтаймен бірге депутаттарды сайлау тәртібі де өзгерді. 145 депутаттың барлығы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен, яғни партиялық тізім арқылы сайланды. Бұрынғы Мәжілістегідей бірмандатты округтер жаңа жүйеде жоқ.

Бұл өзгерістің сайлаушы үшін нақты мағынасы бар. Бұған дейін Мәжіліс сайлауында партияға дауыс берумен қатар, бірмандатты округтен ұсынылған нақты кандидатты таңдау мүмкіндігі болған. Ал Құрылтай сайлауында дауыс саяси партияға беріледі. Демек партияға мүше емес азаматтың бірмандатты округ арқылы өзін-өзі ұсынып, Құрылтай депутаты атану мүмкіндігі жоқ.

Құрылтай депутаты болу үшін азамат кемінде 25 жаста болуы және Қазақстан аумағында соңғы 10 жыл бойы тұрақты тұруы керек. Партиялық тізім бойынша мандаттарды бөлу кезінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтардың үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс. 2026 жылғы 23 тамыздағы алғашқы Құрылтай сайлауында бес партия 145 мандатты өзара бөлісті.

Партиялық тізім өкілдіктің сипатын қалай өзгертеді?

Алайда белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, партиялық тізімнің өзі өкілдіктің сапасын автоматты түрде арттырмайды. Мұнда да басты шарт – саяси бәсекенің болуы.

"Партиялық тізіммен сайлана ма, басқа жолмен сайлана ма – егер бәсекелестік болмаса, ештеңе өзгермейді. Мейлі ол пропорционалды жүйе болсын, мейлі мажоритарлық жүйе болсын. Мәселе демократиялық институттардың жұмысында", – деді ол.

Саясаттанушының пайымдауынша, партиялық өкілдік нақты мазмұнға ие болуы үшін саяси партиялар бір-бірімен бәсекеге түсіп, Құрылтайда өз ұстанымдарын қорғап, басқа партиялардың ұсыныстарына сын айтып, қажет жағдайда балама бастама ұсынуы керек.

"Партиялар бәсекеге түсіп, өз көзқарастары мен бағыттарының дұрыстығын дәлелдеуі керек. Ол парламенттегі дискуссия мен дебаттан көрінуі тиіс. Бір партия ұсынған заңға екінші партия сын көзбен қарап, қажет болса өзінің балама нұсқасын ұсынуы керек", – деді Дос Көшім.

Яғни толық пропорционалды жүйеде депутаттың сайлаушымен байланысы бұрынғыдан өзгеше құрылады. Бірмандатты округ депутаты нақты аумақтан сайланып, сол округ тұрғындарының өкілі саналса, партиялық тізіммен келген депутаттың мандаты ең алдымен партияның сайлауда алған дауысына байланысты.

Сондықтан жаңа жүйеде партиялардың кандидаттарды қалай іріктейтіні, қоғамдағы әртүрлі топтардың мүддесін тізімде қаншалықты қамтитыны және сайлаудан кейін депутаттардың сайлаушылармен қалай жұмыс істейтіні өкілдіктің нақты сипатын айқындайтын факторлардың біріне айналмақ.

 

Дәдебай
Фото: Ақорда

 

Құрылтайды Айбек Дәдебай басқарады

28 тамызда бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтіп, депутаттар ресми түрде жұмысына кірісті. Сол күні Құрылтай төрағасы да сайланды.

Конституция бойынша Құрылтай төрағалығына кандидатты Президент ұсынады, ал депутаттар оны жасырын дауыс беру арқылы сайлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қызметке Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру кезінде 145 депутаттың 144-і оны қолдады, бір бюллетень жарамсыз деп танылды.

Құрылтай төрағасының қызметі отырыстарды жүргізумен ғана шектелмейді. Ол отырыстарды шақырып, оларға төрағалық етеді, қаралатын мәселелерді әзірлеуге жалпы басшылық жасайды, регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді және Құрылтай қабылдаған актілерге қол қояды.
Дәдебайдың үш орынбасары бар. Бұл қызметтерге Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева сайланды.

Бұрын 13 комитет екі палатаға бөлінсе, енді жұмыс сегіз комитетке шоғырланды

Құрылтайда комитеттердің болуы жаңа тәжірибе емес. Бұған дейін Мәжілісте жеті, Сенатта алты тұрақты комитет жұмыс істеді. Олардың кей бағыттары бір-бірін қайталайтын. Себебі Мәжілістің салалық комитетінде қаралған заң кейін Сенатқа өтіп, ондағы тиісті комитетте қайта пысықталатын.
Енді бұл жүйе өзгерді. Екінші палата болмағандықтан, негізгі жұмыс Құрылтайдағы сегіз тұрақты комитетке шоғырланды.

Серік Егізбаев басқаратын комитет ауыл шаруашылығы, экология және табиғи ресурстар мәселелерін қарайды. Үнзила Шапақтың комитеті конституциялық заңнама, сот және құқық қорғау салаларына жауап береді. Марат Қожаев басқаратын комитет халықаралық қатынастар, қорғаныс пен қауіпсіздік мәселелерімен айналысады.

Әмірбек Оспанбековтің комитеті өңірлер мен инфрақұрылымды дамыту мәселелерін, Асхат Аймағамбетовтің комитеті әлеуметтік-мәдени саланы, Ольга Перепечинаның комитеті қаржы мен бюджетті қарайды. Ал Дархан Ахмедиев басқаратын комитет цифрландыру, инновациялар мен ғылымға, Наталья Годунованың комитеті экономика, өнеркәсіп және энергетикаға жауап береді.

Комитеттердің бағыттары да бұрынғы құрылымнан өзгеше топтастырылған. Мәселен, цифрландыру, инновациялар және ғылым жеке комитет болып құрылды. Ал экология аграрлық мәселелер және табиғи ресурстармен бір бағытқа біріктірілді.

Бірақ мұндағы маңызды өзгеріс комитеттердің санында емес. Бұрын заң Мәжілістегі комитетте пысықталған соң Сенаттағы салалық комитеттің қарауына түсетін. Енді мұндай екінші кезең жоқ. Сондықтан заң жобаларын жан-жақты талдау, түзетулерді пысықтау және түрлі тараптың пікірін ескеру Құрылтай комитеттерінің жұмысына тікелей байланысты болады.

Стан 2
Фото: Stan.kz

 

Бір палатада заң қалай қабылданады?

Екі палаталы жүйенің жойылуы ең алдымен заң қабылдау тәртібін өзгертті. Заң шығару бастамасын Президент, Құрылтай депутаттары, Үкімет және Қазақстан Халық Кеңесі көтере алады. Заң жобасы Құрылтайға түскеннен кейін тиісті комитетте пысықталып, депутаттардың қарауына шығарылады.
Қарапайым заңды қабылдау үшін, егер Конституцияда өзгеше талап көзделмесе, Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі қолдауы керек. Ал конституциялық заңдарға депутаттардың кемінде үштен екісі дауыс беруге тиіс. Қабылданған заң 10 күн ішінде Президентке қол қоюға жіберіледі.

Алуа Ибраева
Фото: Алуа Ибраеваның жеке мұрағатынан

 

Құрылтайға қандай заңдарды өзгертуге тура келеді?

Алуа Ибраеваның айтуынша, жаңа Құрылтайдың алдында қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіру міндеті де тұр.
Сарапшы мысал ретінде Салық және Еңбек кодекстерін атады.  

"Мәселен, Салық кодексіне қатысты қарапайым азаматтар да, қоғамдық институттар мен кәсіпкерлер де өз пікірін айтып жатыр. Оны өзгерту қажет деген ұсыныстар бар. Еңбек кодексінде де өзгерісті қажет ететін тұстар бар. Жұмысшылар мен жұмыс берушілердің құқықтары теңдей қорғалуы керек", – деді сарапшы.

Ибраеваның пікірінше, қылмыстық және азаматтық заңнаманы да жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру қажет. Ол меншікке қатысты норманы мысалға келтірді.

"Бұрын Конституцияда мемлекеттік және жеке меншік туралы айтылатын. Ал жаңа Конституцияда барлық меншік түрі танылады деп көрсетілген. Енді осы өзгерістерді азаматтық заңнамада нақтылау қажет", – деді Алуа Ибраева.

Осыған байланысты Құрылтай жұмысының алғашқы кезеңінде жаңа заңдарды қабылдаумен қатар, қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіру мәселелері де қаралады.

Сенаттың орны бос қалмай ма: заң сапасын енді не қамтамасыз етеді?

Бір палаталы жүйеге көшкенде туындайтын негізгі сұрақтың бірі – Сенат атқарған екінші сүзгінің орнын қандай тетіктер басатыны. Алуа Ибраева заң сапасын қамтамасыз етуде депутаттардың кәсіби дайындығы мен сарапшылардың қатысуына мән берсе, саясаттанушы Дос Көшім мәселенің тағы бір қырына назар аударады.

"Сенаттың жойылуы, бір палаталы болу билік тармақтарының тепе-теңдігіне ешқандай әсер етпейді. Сенат болған кезде де оның айтарлықтай әсерін көрген жоқпыз. Билік тармақтары заң жүзінде бар, бірақ іс жүзінде олардың дербестігі қаншалықты қамтамасыз етілгені маңызды. Сондықтан Сенаттың жойылуы бұл тұрғыдан ештеңе өзгертпейді деп ойлаймын", – деді Дос Көшім.

Саясаттанушы заң сапасын қамтамасыз ететін негізгі сүзгінің бірі саяси бәсеке болуы керек деп санайды.  

"Заңның сапасын қамтамасыз ету, менің ойымша, ең алдымен бәсекелестіктен басталады. Белгілі бір партия өзінің заң жобасын ұсынса, басқа партиялар оны талдап, не қолдауы, не балама заң жобасын ұсынуы керек. Көппартиялы парламенттің негізгі мәнінің бірі – осы", – деді ол.

Көшім заң жобаларының елеулі бөлігін атқарушы билік әзірлейтініне де назар аударды. Оның пікірінше, құжаттардың комитеттер мен сараптамалардан өтуі маңызды болғанымен, саяси көзқарастар арасындағы бәсеке болмаса, бұл рәсімдердің өзі жеткіліксіз.

"Заң жобасын талдау, сарапшылардан өткізу, түрлі сараптамадан өткізу – оның бәрі бізде бар. Бірақ заңның сүзгіден өтуі пікірталас пен көзқарастар қайшылығы арқылы да жүруі керек. Егер ондай бәсеке болмаса, бір палаталы немесе екі палаталы жүйенің арасында үлкен айырмашылық көрмеймін", – деді саясаттанушы.

Осы тұрғыдан алғанда, бір палаталы жүйеде заң сапасына жауап беретін салмақ Құрылтай комитеттеріне, депутаттардың кәсіби дайындығына және сараптамалық жұмысқа ғана емес, депутаттар мен партиялар арасындағы пікірталастың деңгейіне де түседі.

Құрылтай тек заң қабылдамайды

Құрылтайдың міндеті заң қабылдаумен шектелмейді. Ол жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға қатысты шешімдерге қатысып, Үкімет жұмысын да бақылайды. Мұндай өкілеттіктердің көбі бұрынғы Парламентте де болған. Алайда екі палаталы жүйеде олар Мәжіліс пен Сенат арасында бөлінсе, енді бір палаталы Құрылтай аясында жүзеге асады.

Мәселен, Құрылтай Президенттің Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына келісім береді. Сондай-ақ Президенттің ұсынуымен Жоғарғы Сот судьяларын сайлайды және қызметінен босатады.

Бұдан бөлек, Құрылтай депутаттары Үкіметтің жекелеген мүшесінің қызметіне де ықпал ете алады. Депутаттардың кемінде үштен бірінің бастамасымен министрдің есебі тыңдалады. Егер оның заңдарды орындамағаны анықталса, депутаттардың кемінде үштен екісі Президентке оны қызметінен босату туралы өтініш білдіре алады. Мұндай жағдайда Президент Үкімет мүшесін қызметінен босатады.

Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін де қарайды. Егер Үкіметтің бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебі бекітілмесе, бұл Үкіметке сенімсіздік білдіру болып есептелетіні тағы бар.

Қарапайым қазақстандық үшін не өзгерді?

Құрылтайға көшу – ең алдымен мемлекеттік билік құрылымындағы өзгеріс. Сондықтан оның әсері азаматтардың күнделікті өмірінен бірден байқалмауы мүмкін. Қарапайым адам үшін жаңа органның атауынан немесе депутат санынан гөрі, онда қабылданатын заңдардың мазмұны маңызды.

Құрылтайда салық, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және басқа да салаларға қатысты заңдар қаралады. Сондықтан жаңа жүйенің азаматтарға әсері осы заңдарға енгізілетін өзгерістер арқылы көрінеді.
Әсіресе жаңа Конституция қабылданғаннан кейін қолданыстағы заңнаманы оның талаптарына сәйкестендіру жұмысы жүргізіледі. Бұл бірқатар кодекс пен заңға өзгерістер енгізуді қажет етуі мүмкін.

Ал бір палаталы Құрылтайдың заң шығару процесіне іс жүзінде қалай әсер ететіні оның алдағы жұмыс барысында айқындала түспек.

 

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 10:00