Депутат жастардың блогерлерге еліктеп, "тер төкпей-ақ мол қаржы табуға" ұмтылып жүргеніне алаңдаушылық білдірді
"Әділет" партиясы фракциясының депутаты Дихан Қамзабекұлы мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат жаңа Конституцияда мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарына ерекше мән берілгенін атап өтіп, бұл бағыттардың мектептен бастап жүйелі түрде дамытылуы қажет екенін айтты.
Оның пікірінше, бүгінде жастардың бір бөлігі білім мен еңбектен гөрі әлеуметтік желідегі кейбір блогерлер мен коучтарға еліктеп, "көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға" ұмтылып жүр.
"Еліміз “Әділет!” деп жаңарғанда, бұрынғы-кейінгі тоғышарлыққа, орынсыз еліктеп-солықтауға жол жоқ!" – деді депутат.
Дихан Қамзабекұлы Қазақстанға инженерлік-технологиялық ойлау, ғылыми ізденіс пен өнертабыстардың аса қажет екенін айтып, оқушыларға отандық ғылымның көрнекті өкілдерін үлгі ету маңызды екенін жеткізді.

Ол Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Мұрат Айтқожин, Патшайым Тәжібаева, Жамал Қаңлыбаева, Оразақ Ысмағұлов, Мұхтарбай Өтелбай, Рахметқажы Берсімбай секілді ғалымдар мен инженерлердің еңбегін жас ұрпаққа кеңінен танытуды ұсынды.
Депутат министрліктерге бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда:
- ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар мен басқа да интеллектуал тұлғалардың қоғамдық беделін жастарға танытатын арнайы жоба әзірлеу;
- ғылым мен технологияға үлес қосқан тұлғаларды БАҚ пен цифрлық платформаларда тұрақты насихаттау;
- инженерлік-техникалық және жаратылыстану бағыттарына талантты жастарды тартуға арналған тиімді бағдарламалар әзірлеу;
- мектептер мен Оқушылар сарайларының KPI көрсеткіштеріне инженерлік-техникалық және жаратылыстану бағытындағы конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің нәтижесін жеке көрсеткіш ретінде енгізу.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанның адами капиталының сапасын арттыру үшін ғылымға, технологияға және инженерлік ойлауға қызығушылықты мектеп жасынан қалыптастыру қажет.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқулықтарындағы қателер мен тарихи фактілердің бұрмалануын сынаған еді. Президент оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате анықталғанын айтып, оқу материалдарын қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ әдебиет пен мәдениетте мұң-шер тақырыбына шамадан тыс мән берілетінін айтып, "ұдайы жапа шеккен ұлт" кейпінен арылу қажеттігін атап өткен.