Алексей Луценко Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды
Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында топтық жарыста алтын медаль жеңіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында топтық жарыста алтын медаль жеңіп алды.
Луценко осы нәтижесімен спортшы жазғы Азия ойындарында ең көп алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы атанды.
Бұған дейін бұл рекорд каноэші Константин Негодяевқа тиесілі болған. Ол Азия ойындарында бес рет чемпион атанған.
Луценко 2026 жылғы ойындарда бұған дейін жекелей уақытқа жарыста да алтын медаль жеңіп алған еді. Осылайша, оның Азия ойындарындағы чемпиондық атақтарының саны алтыға жетті.
Қазақстандық спортшы 2014, 2018 және 2022 жылдары жекелей уақытқа жарыста чемпион атанса, 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында топтық жарыста алтын алған. Ал 2022 жылғы Азия ойындарында топтық жарыста күміс медаль иеленген.
Осылайша, Алексей Луценко тәуелсіз Қазақстан тарихында жазғы Азия ойындарында алты алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.
Еске салайық, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы сапында 558 спортшы бақ сынайтынын жазған едік. Жарыс бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 спорттық дисциплина енгізілген. Барлығы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Азия ойындарына Азия құрлығындағы 45 ұлттық олимпиадалық комитеттен 11 мыңнан астам спортшы, сондай-ақ босқындар құрамасы қатысып жатыр. Бұдан бөлек, қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында әйелдер арасындағы жеке уақыт жарысында топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды.
