Қазақстандық велошабандоз Азия ойындарында екінші алтынды жеңіп алды
Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко 2026 жылғы Азия ойындарында жеке уақытқа жарыста топ жарды. Ол мәреге бірінші болып жетіп, Қазақстан қоржынына жарыстағы екінші алтын медальді салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан құрамасының көшбасшысы жарысты 41:24.05 нәтижесімен аяқтап, мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Жапония өкілі Сюнсукэ Имамура иеленді - 42:58.04. Ал Моңғолия спортшысы Жамбальямц Сайнбаяр 42:58.06 нәтижесімен үшінші орынға тұрақтады.
Алексей Луценко үшін бұл Азия ойындары мансабындағы төртінші дода болды. Ал осы алтын медаль оның құрлықтық ойындардағы бесінші жүлдесі атанды.
Луценко үшін жарыс мұнымен аяқталған жоқ. 23 қыркүйекте ол топтық жарысқа қатысады.
Еске салайық, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы сапында 558 спортшы бақ сынайтынын жазған едік. Жарыс бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 спорттық дисциплина енгізілген. Барлығы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Азия ойындарына Азия құрлығындағы 45 ұлттық олимпиадалық комитеттен 11 мыңнан астам спортшы, сондай-ақ босқындар құрамасы қатысып жатыр. Бұдан бөлек, қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында әйелдер арасындағы жеке уақыт жарысында топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты