"Қарыз тарту – дұрыс": Жұманғарин Қазақстанның мемлекеттік қарызы 40 триллион теңгеге жуықтағанын айтты

Қазақстанның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің шамамен 20%-ын құрайды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қарыз көлемі белгіленген шектен төмен екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы шекті деңгейі 32% болып белгіленген.
"Әлемде мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 100%-ынан, тіпті 200%-ынан асатын елдер бар. Қазақстанда бұл көрсеткіш 20%-дың айналасында. Бізде қарыздың шекті деңгейі белгіленген және оны бақылап отыруымыз керек. Қарыз алу негізінен жаман тірлік емес. Егер ол экономиканың дамуына жұмсалса, өсімді жеделдетуге мүмкіндік береді. Қарызымыздың басым бөлігі, шамамен 75 пайызы – ішкі қарыз. Біз қаражатты ішкі нарықтан аламыз. Бізде Ұлттық қор және басқа да активтерден тұратын жеткілікті көлемдегі буферлік капитал бар. Сондықтан бұл тұрғыда Қазақстан азаматтары алаңдамаса болады", – деді Жұманғарин.
Министрдің сөзінше, қарыз көлемінен бөлек, тартылған қаражаттың қайда жұмсалатыны да маңызды.
" Қарыз қаражаты өзін ақтайтын, экономикаға нақты пайда әкелетін жобаларға бағытталуы керек. Тәуекел дұрыс есептелсе, мұндай қаржы даму қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондықтан мәселе тек қарыз көлемінде емес, оны қаншалықты тиімді пайдалануда", – деді ол.
Министрдің айтуынша, ендігі міндет – қарыз көлемін ғана емес, оның экономикаға беретін қайтарымын да бақылау.
Талғарда әкесінің моласынан келе жатқан жігітті жабылып өлтірген: Сотта айыпталушы жауап берді
