Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Гренландияда екі әскери база салмақ: Екі ел келісімге қол қойды

келісім
Фото: Brendan SMIALOWSKI / AFP via Getty Images

Дания, Гренландия және АҚШ БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында аралдың қауіпсіздігіне қатысты келісімге қол қойды. Дональд Трамп Гренландияда әскери инфрақұрылымын кеңейтіп, екі ірі әскери база салатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Трамп Гренландияда АҚШ әскерін көбейту процесін дереу бастайтынын айтты.

“АҚШ-тың келісімінсіз оның қарсыластарының Гренландияда әскери база орналастыруына немесе ірі инвестиция жасауына бұдан былай жол бермейміз. Гренландиядағы әскери күшімізді күшейтіп, екі ірі әскери база салуды бастаймыз”, – деді Трамп.

Одан кейін АҚШ президенті, Дания премьер-министрі және Гренландия үкіметінің басшысы аралдың қауіпсіздігіне қатысты келісімге қол қойды.

Трамптың айтуынша, бұл келісім АҚШ-қа Гренландиядағы қауіпсіздік пен “барлық басқа қажеттіліктерді” тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Ақ үй де құжаттың Гренландияда америкалық әскери базаларды орналастыруға тұрақты құқық беретінін мәлімдеді.

Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен келісімде аралдың болашағын оның тұрғындары өздері шешуге құқылы екені көрсетілгенін айтты. 

“Бұл келісім Гренландия халқының өз болашағын өзі шешуге құқығы бар екенін мойындайды. Сонымен қатар Гренландия Арктикадағы ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды тарап ретінде қарастырылған”, – деді ол.

Ал Дания үкіметінің басшысы Метте Фредериксен бұл келісім қол қойған елдер, НАТО мен Еуропа үшін де оң шешім екенін айтты.

Оқиғаның мән-жайы

Гренландия төңірегіндегі дау бірнеше айға созылды. 2026 жылы 21 қаңтарда Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Дональд Трамп АҚШ-тың Гренландияны сатып алуына қатысты "шұғыл келіссөздер" жүргізуге шақырды. Бұл бастама Еуропада алаңдаушылық туғызып, Дания мен Гренландия егемендігіне қатысты пікірталас күшейді.

Кейін АҚШ пен Дания Гренландиядағы қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөздерді жалғастырды. Мамыр айында тараптардың аралда америкалық әскери инфрақұрылымды кеңейту мүмкіндігін талқылап жатқаны туралы ақпарат тарады.

Жыл басынан бері Америка және дат өкілдері бірнеше рет кездескен. Келіссөздердің негізгі мәселелерінің бірі — АҚШ-тың Гренландиядағы әскери мүмкіндіктерін кеңейту және Ресей мен Қытай сияқты елдердің аралда әскери немесе стратегиялық ықпалын күшейтуіне жол бермеу болды.

12 мамырда Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен АҚШ-пен келіссөздерде “дұрыс бағытта белгілі бір қадамдар жасалғанын” айтты. Сол кезде америкалық тарап Гренландияны АҚШ-тың бақылауына беру мәселесін келіссөздердің ресми тақырыбы ретінде көтермегені хабарланған.

18 қыркүйекте АҚШ, Дания және Гренландия жаңа қауіпсіздік келісіміне келгенін хабарлады. Құжат АҚШ-тың аралдағы әскери мүмкіндіктерін кеңейтуге және өзге мемлекеттердің әскери база орналастыруына шектеу қоюға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу оның стратегиялық орналасуы мен жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды пайдалы қазбалар қорының молдығына байланысты АҚШ-тың қауіпсіздік мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген еді. Артынша Данияның премьер-министрі Трампты Гренландияға қатысты қоқан-лоқыларын тоқтатуға шақырды.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 09:15