Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ажырасқан ер адам бұрынғы әйелімен мысыққа таласып, сотқа жүгінді

Мысық
Фото: Magnific.com

Нидерландта әйелімен ажырасқан ер адам ортақ мысығын көру үшін сотқа жүгінді. Ол үй жануарымен кездесудің арнайы кестесін бекітуді талап еткен. Алайда бұрынғы әйелі бұл ұсынысқа қарсы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “РИА Новостиге” сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға Амстердам қаласында болған. Ерлі-зайыпты 2020 жылғы тамызда шаңырақ көтерген. Некеде тұрған жылдары балалы болмағанымен, екеуі бірге мысық асыраған.

Кейін жұптың дәм-тұзы жараспай, ажырасу туралы шешім қабылдаған. Алайда олардың арасындағы дау мүлікпен ғана шектелмей, үй жануарына да қатысты өрбіген.

Ажырасқаннан кейін мысық әйелдің қолында қалған. Ал бұрынғы күйеуі үй жануарын өзіне тұрақты түрде беріп тұруды талап етіп, соттан арнайы кездесу кестесін белгілеуді сұраған. Ол мысықты апта сайын демалыс күндері немесе кезекпен бір апта бойы өз үйінде ұстағысы келген.

Алайда әйел бұрынғы күйеуінің талабына қарсы шыққан. Оның айтуынша, мысық қартайған әрі бірнеше созылмалы ауруы бар. Сондықтан жануар тұрақты күтімді, арнайы емді және ветеринардың бақылауын қажет етеді.

Бұдан бөлек, әйел бұрынғы жұбайы бөлек көшіп кеткеннен бері мысықтың жағдайын сұрамағанын және оны емдетуге қаржылай көмектеспегенін айтқан.

Сот істі қарап, әйелдің уәждерін ескерді. Нидерланд заңнамасында ажырасқан ерлі-зайыптылардың үй жануарымен кездесу кестесін сот арқылы бекіту тәртібі қарастырылмағандықтан, ер адамның талабы қанағаттандырылмады.

Нәтижесінде мысық әйелдің қарауында қалды. Сондай-ақ сот ерлі-зайыптының ортақ үйінде әйелдің тұруына шешім шығарып, ер адамға баспанадан кетуді және оған бармауды міндеттеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 21:00