Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаяқтар қазақстандық әйелдің атынан банк картасын ашып, аударымдар жасаған: Енді оған қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

Алаяқ
Фото: magnific.com

Желіде бойжеткеннің өзі ашпаған банк картасы үшін қылмыстық іске күдікті болып қалғаны туралы шағымы қызу талқыланып жатыр. Оның айтуынша, алаяқтар тек ЖСН-ін пайдаланып, атына карта рәсімдеген. Кейін сол карта арқылы заңсыз ақша аударымдары жасалған. Енді әйелдің барлық шоты бұғатталып, өзі бөтен адамдардың әрекеті үшін жауап беруі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстандық желіде құрбысының оқиғасын бөлісті. Айтуынша оқиға Home Credit Bank картасымен байланысты болған. 

“Алаяқтар қандай да бір жолмен құрбымның ЖСН-ін пайдаланып, биометриялық тексеруден өтіп, оның атына банк картасын рәсімдеген. Кейін бұл картаны заңсыз дропперлік мақсатта пайдаланған. Қазір құрбымның барлық шоты бұғатталған. Ал полиция бөтен адамдар жасаған қылмыстар үшін жауапкершілікті іс жүзінде соның мойнына артып отыр. Яғни өзі ашпаған банк картасы үшін қылмыстық қудалауға ұшырау қаупі бар”, – деп баяндады ол. 

Бойжеткеннің айтуынша, құрбысы барлық құзырлы орган мен банкке шағымданған. Дегенмен қазір оған биометрияны өзі тапсырғанын айтқан. 

“Банкінің ұстанымы: "Биометриялық тексеруден өзіңіз өттіңіз, біздің қауіпсіздік жүйеміз сенімді" деді. Ендеше, бөтен адамдар басқа біреудің атына қалайша биометриялық тексеруден өтіп, банк картасын рәсімдей алғанын түсіндіріңіздерші? Оның үстіне, бұл мұндай жағдайдың алғашқысы емес. Бірақ мәселені ешкім нақты түсіндіріп бере алмай отыр”, – деп қосты ол. 

Бойжеткеннің өзі де әлеуметтік желідегі жазбасында картаны рәсімдеуге қатыспағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бөтен адамдар оның телефон нөмірін пайдаланбай және өзін биометриялық тексеруден өткізбей, атына карта ашқан.

"Алаяқтар менің қатысуымсыз атыма карта ашып, сол арқылы дропперлік аударымдар жасаған. Соның салдарынан барлық шотым бұғатталды. Менің телефон нөмірімсіз, бет-әлпетімді тексермей, тек ЖСН-імді біліп рәсімдеген", – деп жазды ол.

Сондай-ақ бойжеткен eOtinish арқылы үш шағым жолдағанын, банкке және Нұра ауданының полиция басқармасына жүгінгенін жеткізді.

"Маған “биометриялық тексеруден өзіңіз өткенсіз” дейді. Ал мен деректерімнің қандай да бір жолмен тарап кеткені туралы арыз жазып отырмын", – деді бойжеткен.

коллаж
Фото: алаяқтарға алданған

Шоттары толық бұғатталған бойжеткен енді бұл мәселесін қалай шешерін білмей жүр. Ал желі қолданушылары бұл жағдайдан соң жеке деректерінің қауіпсіздігіне алаңдаулы. 

"Менде де дәл осындай жағдай болды. Адвокат жалдадым. Үш айдан бері мәселені шешуге тырысып келеміз, бірақ әзірге нәтиже жоқ"; “Қауіпсіздік тұрғысынан қарасақ, мәселе банктің кінәсіздігінде емес, оның қауіпсіздік жүйесінің осалдығында"; "Біздің елде мұндай жағдайда банк емес, клиент жауап береді. Ал банк әдеттегідей ештеңеге жауапты емес", "Қорқатын болдық қой масқара", – деді желі қолданушылары. 

“Егер несие алуға тыйым салынған болса, оны рәсімдеу мүмкін емес”

Stan.kz тілшісі аталған жағдайға қатысты Home Credit Bank өкілдерінен пікір сұрады. Банк заңға сәйкес клиенттердің шоттары, операциялары мен өтініштерін тексеру нәтижелері туралы ақпаратты жария ете алмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде жазылған шағымдар заңсыз әрекеттің болғанын өздігінен дәлелдемейтінін, әрбір жағдайдың мән-жайын құқық қорғау органдары анықтайтынын атап өтті.

Банк өкілдерінің сөзінше, клиенттің атына рұқсатсыз шот ашу немесе банк өнімдерін заңсыз рәсімдеу туралы әрбір өтініш жеке қаралып, ішкі тексеру жүргізіледі.

“Басқа сервистерде немесе мемлекеттік деректер базаларында мәліметтер өзгерген күннің өзінде, үшінші тұлғалар банк жүйесіне автоматты түрде кіре алмайды. Ол үшін алдымен банктің өзінде биометриялық тексеруден сәтті өтуі керек. Сондай-ақ банк кез келген несие бермес бұрын кредиттік бюролардың деректер базасы арқылы клиенттің "Стоп-кредит" қызметін қосқан-қоспағанын нақты уақыт режимінде тексереді. Егер несие алуға тыйым салынған болса, кредит рәсімдеу мүмкін емес. Қазір телефон нөмірін өзгерту үшін клиент банк бөлімшесіне өзі барып, жеке басын растау рәсімдерінен өтуі керек. Бұл байланыс деректерін бөтен адамдардың рұқсатсыз өзгертуіне және сол арқылы клиенттің банк шотына қол жеткізуіне жол бермеу үшін енгізілген”, – деп түсіндірді банк өкілдері. 

Банк клиенттердің атына рұқсатсыз шот ашу, банк өнімін рәсімдеу немесе операция жасау туралы өтініштерін Қазақстан заңнамасы мен ішкі ережелеріне сәйкес қарайтынын жеткізді. Мұндай әрбір жағдай бойынша жеке тексеру жүргізіледі.

“Банк әрбір жағдайды жеке тексеріп, мән-жайын анықтайды. Тексеру кезінде пайыз, айыппұл және өсімпұл есептеу мәселесі де қаралады. Бұл ретте оқиғаның мән-жайы, банк шартының талаптары және заң талаптары ескеріледі. Егер клиент өзіне тиесілі емес немесе өзі рәсімдемеген банк өнімі мен операцияны байқаса, банк карталарын бұғаттап, мобильді қосымшаға кіруді дереу тоқтатуы керек. Содан кейін Home Credit Bank-тің 7979 байланыс орталығына хабарласуға немесе банктің кез келген бөлімшесіне баруға болады. Банк қызметкеріне бұл өнімді өзі ашпағанын және операцияны өзі жасамағанын нақты айту маңызды. Осыдан кейін банк оқиғаны тіркеп, тексеруді бастайды”, – деп қосты банк. 

Банкке жазбаша өтініш берген кезде мына мәліметтерді көрсету қажет:

  • қандай банк өнімі немесе операция күмән тудыратынын;
  • оны қай күні анықтағанын және оқиғаға қатысты белгілі мән-жайларды;
  • жағдайды растайтын құжаттар мен басқа да материалдарды;
  • банк хабарласа алатын байланыс деректерін.

Банк өкілдері алаяқтық белгілері байқалған жағдайда клиенттерге құқық қорғау органдарына жүгінуге және оқиғаға қатысты барлық құжат пен дәлелді сақтауға кеңес берді.

“Сондай-ақ клиент өз атына банк өнімінің қашан және қалай рәсімделгені туралы ақпаратты жазбаша өтініш арқылы сұрата алады. Ол үшін банк бөлімшесіне баруға немесе мобильді қосымша арқылы өтініш жіберуге болады. Егер бұл ақпарат құқық қорғау органдарына немесе сотқа жүгіну үшін қажет болса, клиент өтінішінде оны көрсетуі тиіс. Банк мұндай мәліметтерді заң талаптарына, банктік құпия мен дербес деректерді қорғау ережелеріне сәйкес ұсынады. Тексеру нәтижесінде қате ақпарат анықталса немесе даулы қарызды реттеуге негіз болса, тиісті шаралар қабылданады. Ал клиент тексеру қорытындысымен келіспеген жағдайда, уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгіне алады.”, – деп қосты банк.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтардың жеке деректерін флешкаға көшіруге шектеу қойылған еді. Ол үшін арнайы келісім алып, ақпараттың не мақсатта пайдаланылатынын түсіндіруі керек. 

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 18:33