Қазақстандықтардың жеке деректерін флешкаға көшіруге шектеу қойылды
Қазақстанда енді банктер мен мемлекеттік органдар азаматтардың жеке деректерін флешкаға рұқсатсыз көшіре алмайды. Ол үшін арнайы келісім алып, ақпараттың не мақсатта пайдаланылатынын түсіндіруі керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Деректерді көшіруге рұқсат сұраған ұйым ақпараттың не үшін қажет екенін, оны кім пайдаланатынын және қалай қорғайтынын түсіндіруі тиіс. Мұндай өтінішті қарауға 15 жұмыс күні беріледі.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа талаптар флеш-жинақтағыштар мен өзге де цифрлық тасымалдағыштарды пайдалануға жалпы тыйым салмайды.
“Олар тек аса маңызды цифрлық нысандардан дербес деректерді көшіру және сыртқа шығару тәртібін реттейді. Мұндай нысандарға жұмысының бұзылуы мемлекеттің қауіпсіздігіне, экономикаға және халықтың тіршілігіне елеулі кері әсер етуі мүмкін цифрлық жүйелер жатады”, – делінген хабарламада.
Ал маңызды деректер рұқсат алынған күннің өзінде, көшірілген ақпаратты 30 күннен артық сақтауға болмайды. Оны үшінші тұлғаларға беруге, басқа мақсатта пайдалануға немесе қайта көшіруге тыйым салынады.
“Шетелдегі дерекқорларға орналастыруға да шектеу қарастырылған. Ал мерзімі біткен соң флешкадағы мәлімет толық жойылуы шарт. Мекеменің киберқауіпсіздікке жауапты маманы ақпаратты қалпына келтіру мүмкін еместігіне көз жеткізуі тиіс. Ал тазалау мүмкін болмаса, тасымалдағыштың өзін жоюға тура келеді”, – деді ведомство өкілдері.
Талапты күшейтуге былтыр 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке мәліметі интернетке тарап кеткені себеп болған. Бүгінде бұл іс бойынша тексеріс әлі де жалғасып жатыр. Бұл жауапкершілік аса маңызды жүйеден ақпарат алатын банктер мен ауруханаларға, байланыс пен цифрлық үкімет сынды ұйымдарға артылады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда банктердің деректерін бақылау күшейтілетінін хабарлаған едік. Жаңа ережеге сәйкес, банктер ішкі жүйелеріндегі ақпаратты орталықтандырылған цифрлық платформаға автоматты түрде жүктеуге міндеттелуі мүмкін.
Қазақстандық ер адам желідегі пікірі үшін қамауға алынды: Ол аккаунт жалған екенін айтып отыр
