Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өнерден біржола кете алмадым": Сахнадан алыстаған Қайрат Түнтеков шығармашылығына қайта ден қоймақ

Қайрат Түнтеков
Фото: Instagram.com/tuntekov_k

Cахнадан көрінбей кеткен танымал әнші Қайрат Түнтеков шығармашылығына қайта ден қоюға ниетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әнші Instagram парақшасында тыңдармандарына үн қатып, кейінгі жылдары өмірінде болған өзгерістер туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында қуанышты сәттермен қатар, ауыр кезеңдерді де бастан өткерген. Тіпті кейде бәрінен бас тартып, көпшіліктен жырақта қалғысы келген кездері болғанын жасырмады.

“Басымнан талай жағдай өтті. Қуаныш та болды, қиындық та болды. Кейде бәрін тастап, үнсіз қалғым келген сәттер де аз емес. Бірақ өнерден біржола кете алмадым. Өйткені ән – менің өмірімнің бір бөлшегі. Сахна – менің орным. Ал сіздердің қолдауларыңыз маған әрдайым күш береді”, – деп жазды әнші.

Қайрат Түнтеков өмірінде қандай қиындықтарға тап болғанын нақтыламады. Дегенмен сахнадан алыстаған кезеңде де өнерге деген сүйіспеншілігі жоғалмағанын жеткізді. Әншінің сөзінше, музыка оның өмірінде ерекше орын алады, сондықтан шығармашылықпен біржола қоштасу оңай болмаған.

Өнер иесі осы уақытқа дейін қолдау көрсеткен тыңдармандарына да алғысын білдірді. Ол жанкүйерлерінің ықыласы өзіне күш беріп, алға ұмтылуына себеп болатынын атап өтті.

Әншінің жазбасынан кейін тыңдармандары оған қолдау білдіріп, қайтадан сахнадан көргісі келетіндерін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Қайрат Түнтеков осыдан 10 жыл бұрынғы істі болған кезін есіне алған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 17:58