Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Halyk Bank бөлімшелерінде ақша аудару комиссиясы өседі

Халық банк
Фото: Яндекс Карта

Halyk Bank бөлімшелері арқылы басқа клиенттің картасына ақша аудару қымбаттады. Бұған дейін банк аударым сомасына қарамастан 500 теңге комиссия алса, енді төлем аударылатын қаражат көлеміне байланысты есептеледі. Жаңа тариф бойынша комиссия 500 теңгеден басталып, 5 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Өзгеріс банктің дебеттік карталарға қызмет көрсету тарифтерінің жаңартылған құжатында көрсетілген. Әңгіме Halyk Bank-тің екі түрлі клиенті арасындағы карталық аударым туралы болып отыр. Яғни ақша банк бөлімшесі арқылы бір клиенттің картасынан екінші клиенттің картасына жіберілген жағдайда жаңа комиссия қолданылады.

 

Енді аударым үшін қанша төлеу керек?

Бұрын мұндай операция үшін аударым сомасы қанша болса да, 500 теңге алынатын. Енді комиссия аударылатын ақшаның 0,2 пайызы көлемінде есептеледі. Ең төменгі төлем – 500 теңге, ал ең жоғарғысы – 5 мың теңге.

Мысалы:

  • 100 мың теңге аударсаңыз – 500 теңге;
  • 250 мың теңге аударсаңыз – 500 теңге;
  • 500 мың теңге аударсаңыз – 1 000 теңге;
  • 1 млн теңге аударсаңыз – 2 000 теңге;
  • 2 млн теңге аударсаңыз – 4 000 теңге;
  • 3 млн теңге немесе одан көп аударсаңыз – 5 000 теңге.

Демек, бұрын 1 миллион теңгені басқа клиенттің картасына аудару үшін 500 теңге төлесеңіз, енді осы операцияның комиссиясы 2 мың теңгеге дейін өседі. Ал 3 миллион теңге аударғанда төлем 10 есе артады.

Өзгеріс барлық аударымға қатысты ма?

Жаңа тариф Halyk Bank бөлімшесінде әртүрлі клиенттердің карталары арасында жасалатын аударымдарға ғана қатысты.

Банктің банкоматы арқылы осындай аударым жасаған кезде комиссия бұрынғыдай 150 теңге болып қалады. Сондықтан жаңа өзгеріс барлық аударым түріне немесе мобильді қосымша арқылы жасалатын операцияларға бірдей қолданылмайды.

Айта кетейік, бұған дейін біз қай банк ақша аударулар мен шешулерге ең көп комиссия ұстайтыны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 16:44