Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мұнай қоры тағы қанша жылға жетеді: “ҚазМұнайГаз” басшысы жауап берді

мұнай
Фото: magnific.com

Үкімет кулуарында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының төрағасы Асхат Хасенов Қазақстандық мұнай қашанға дейін жететіні туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Компания төрағасының сөзінше, "ҚазМұнайГаздың" расталған қоры 785 миллион тоннаны құрайды. 

“Есептеуді жеңілдету үшін қорды 800 млн тоннаға дейін есептейміз. Егер жылына 26 млн тонна өндірілсе, бұл 45 жылдан астам уақытқа созылады”, – деді Хасенов.

Ол ұлттық компания өзі қатысатын әрбір кен орнының қорын техникалық және экономикалық тұрғыдан бағалайтынын айтты. Оларды да мемлекеттік комиссия бекітеді. Хасеновтің айтуынша, ҚМГ геологиялық барлауды жалғастырып, ресурстық базаны толықтырып жатыр.

“Біз бұрғылап, ағындарды таптық және оны бірден қорға салып жатырмыз. Бұл үнемі жаңартылып отырады”, – деді ол. 

Айта кетейік, Хасеновтың айтып тұрғаны түгелдей елдің мұнайы емес, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Қазақстанға мұнай, алтын және өзге де пайдалы қазбалар қоры қанша жылға жететінін айтқан болатын. 

Еске сала кетейік, Қазақстанның Ұлытау облысындағы көлемі 1,1 мың шаршы шақырымнан асатын Құрылтай учаскесін игеру құқығы аукционға шығарылды. Жеңімпаз компания мұнда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, кемінде бір барлау ұңғымасын бұрғылауы керек. Ал мұнай немесе газдың ірі қоры анықталған жағдайда, инвесторға қосымша міндеттемелер жүктеледі.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 17:08