Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жылына 2 миллион тонна мұнай өңдейтін жаңа мұнай өңдеу зауыты салынбақ

мұнай өңдеу зауыты
Фото: magnific.com

Қазақстанда жылына 2 миллион тонна мұнай өңдейтін жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов зауыттың құрылысы шамамен екі жылға созылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министр Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, жобаны жүзеге асыруға шамамен екі жыл қажет.

"Қазір отын жеткізуде іркілістер бар. Қазақстан ресурстық ел ретінде көршілес мемлекеттерді жанармаймен қамтамасыз ете алады", – деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар еліміздегі жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 18 миллион тоннадан 27,7 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Министрдің сөзінше, өндірілетін жанармай "Еуро-5" стандартына сай болады.

Бұдан бөлек, қуаты әлдеқайда жоғары тағы бір мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазір оған лайықты орын таңдалып жатыр. Алайда нақты шешімнің қашан қабылданатыны әзірге белгісіз.

Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы мұнай дауы 2020 жылы басталғанын жазған едік. Terminalex компаниясы серіктесі "БатысНефтеТрэйдтің" мұнайына қатысты шығынға ұшырап, кейін сот шешімімен қарызды өтеу есебіне шамамен 6 мың тонна мұнай алған. Мұнай бұған дейін Жамбыл облысындағы зауытқа жөнелтіліп, өңделіп, сатылып кеткен. Алайда бірнеше жылдан соң Жоғарғы сот бұрынғы келісімдерді жарамсыз деп танып, мұнайды бастапқы иесіне қайтару туралы шешім шығарған. Сөйтіп, бес жыл бұрын өңделіп кеткен шикізатты қайтару мәселесі жаңа дауға ұласып, қылмыстық іс пен мұнай базасындағы тінтуге дейін жетті.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 14:29