Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда 6 мың тонна мұнайға қатысты дау: Сот бес жыл бұрын өңделіп кеткен шикізатты қайтаруды талап етті

Мұнай қоры азайды
Фото: pexels.com

Ақтауда бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан мұнай дауы ушығып кетті. Мәселе азаматтық соттан қылмыстық іске ұласып, полицияның мұнай базасына тінтуіне дейін жетті. Дау бес жыл бұрын өңделіп кеткен 6 мың тоннаға жуық шикі мұнайды қайтаруды талап етуден басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 2020 жылы басталды. Мұны журналист Михаил Козачков өз Telegram-арнасында жазды.

Сол кезде мұнай сақтау қызметін көрсететін Terminalex компаниясы серіктесі – "БатысНефтеТрэйд" компаниясымен қиындыққа тап болған.

"БатысНефтеТрэйдке" қатысты тергеу жүргізіліп, терминалда сақталған мұнайына тыйым салынған. Соның салдарынан Terminalex шығынға ұшырап, кейін сот бұл шығынды шамамен 1 миллиард теңге деп бағалап, қарызды өтеу есебіне мұнайды берген.

Қарыздың тағы бір бөлігін SK PETROLEUM ЖШС өтеген. Себебі бұл компанияның да "БатысНефтеТрэйд" алдында міндеттемелері болған. Осыған байланысты тараптар бітімгершілік келісімге келіп, нәтижесінде бұрын SK PETROLEUM-ге тиесілі болған мұнай Terminalex компаниясының меншігіне өткен.

Алайда бұл мұнай терминал резервуарларында сақталмаған. Шикізат Жамбыл облысындағы мұнай өңдеу зауытына жөнелтіліп, өңделіп, кейін сатылған. Іс материалына сәйкес, бұл процестің барлығын SK PETROLEUM компаниясының тең құрылтайшысы Сергей Титюк бақылап отырған және осы операция үшін сыйақы да алған. Ал өңделген мұнай өнімдерінің құны сол кезде 288 миллион теңгеге бағаланған.

Бірнеше жылдан кейін жағдай өзгерді. Жоғарғы сот бұрын күшіне енген бірқатар сот актілерін қайта қарап, олардың ішінде Terminalex пен SK PETROLEUM арасындағы бітімгершілік келісімді жарамсыз деп таныды. Осылайша сот бұрын берілген мұнайды бастапқы иесіне қайтару туралы шешім шығарған. Енді Terminalex компаниясы SK PETROLEUM алдында борышкер болып қалды.

Сот шешімінде шикі мұнайды қайтару қажет деп көрсетілген. Алайда ол мұнай бірнеше жыл бұрын өңделіп кеткендіктен, дәл сол күйінде қайтару мүмкін емес.

Осыған байланысты сот орындаушысы шешімді орындау объективті түрде мүмкін емес деген қорытынды жасаған. Бірақ SK PETROLEUM өкілдері Terminalex сот шешімін орындамай отыр деп полицияға арыз түсірген.

Нәтижесінде Ақтау полициясы қылмыстық іс тіркеп, мұнай базасында тінту жүргізген. Тергеу барысында резервуарлардағы мұнай мен мұнай өнімдері мөрленген.

Алайда Terminalex тарапы бұл уақытта мұнай базасының өзіне тиесілі емес екенін, нысан басқа компанияға сатылғанын, ал резервуарларда үшінші тұлғалардың мүлкі сақталғанын мәлімдейді. Соған қарамастан полиция қоймадағы мұнайға қатысты барлық құжатты талап етіп, оның SK PETROLEUM компаниясына тиесілі еместігін дәлелдеуді сұраған.

Кейін Ақтау қаласының тергеу соты полицияның бірқатар әрекетін заңсыз деп таныды. Атап айтқанда, сот қоймадағы мұнайды іс жүзінде тұтқындауды заңсыз деп есептеген. Соған қарамастан құқық қорғау органдары мұнай базасына қайта келіп, резервуарларды тағы да мөрлеген.

Айта кетейік, осы оқиғаға негіз болған "БатысНефтеТрэйд" компаниясының құрылтайшысы мен оның жақындары кейін контрабанда ісі бойынша сотталған.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 22 Маусым, 2026 11:44