72 сағатқа жететін азық-түлік қоры: Қазақстан және әлем неге дайындалып жатыр
Әлем елдері тұрғындарға кемінде 72 сағатқа жететін азық-түлік пен қажет заттар қорын дайындауға кеңес беріп жатыр. Кей мемлекеттер бұл мерзімді бір аптаға дейін ұзартуды ұсынады. Ал АҚШ әскери базаларын сыртқы көмексіз жұмыс істеуге дайындаса, Еуропа елдері паналау орындарын көбейтіп, эвакуация жоспарларын жаңартып жатыр. Мұның бәрі әлемде соғыс қаупі күшейгенін білдіре ме? Stan.kz елдердің дайындық шараларын зерттеп, 72 сағаттық қордың не үшін қажет екенін анықтап көрді.
Әлеуметтік желіде 72 сағатқа жететін қор жинау туралы жазбалар қызу талқыланып жатыр. Оған қоса, 17 қарашада әлем бойынша ауқымды кибершабуыл жасалып, соның салдарынан банктер мен интернет жұмысы бұзылады деген болжамдар да жарияланды.
Кей қолданушылар бұл ұсыныстарға алаңдаушылық білдірсе, енді бірі оның себебін түсінбей отыр.
“Әлем неге дайындалып жатыр, ағайын? Бірнеше күннен бері біраз елдің басшылары тұрғындарға кемінде 72 сағатқа жететін су, азық-түлік, дәрі-дәрмек, пауэрбанк, қолма-қол ақша, қолшам мен радио дайындауды ескертіп жатыр. Дүкендерде жұрт суды блоктап сатып алып жатыр. Неліктен?”, – деп жазды желі қолданушысы.

“Мен уайымшыл адаммын. Бірнеше күннен бері 72 сағатқа жететін азық-түлік пен су қорын жинау туралы ақпаратты қайта-қайта көріп жүрмін. Бәрі жақсы болады деп сенгім келеді. Бірақ ойыма түрлі нәрсе келе береді. Әсіресе балаларым үшін қорқамын”, – деп жазды тағы бірі.

Тағы бір қолданушы шамамен 19 ел осындай ескерту жасағанын айтып, “Тыныштық болса екен” деген тілегін білдірді.
“Бірнеше күннен бері, біраз елдің басшылары өз азаматтарына кемі 72 сағатқа жететін су, азық-түлік, дәрі-дәрмек, пауэрбанк, қолма-қол ақша, қолшам мен радио алып алыңдар деп ескертіп жатыр дейді. Әзірге дейін шамамен 19 ел солай ескерткен екен”, – деп жазды бірі.

Төтенше жағдайлар министрлігі не дейді?
Төтенше жағдайлар министрлігі қараша айында болуы мүмкін апатқа қатысты ешқандай ескерту таратпағанын мәлімдеді. Сонымен қатар ведомство тұрғындарға үйде үш күнге жететін ауызсу, азық-түлік және қажетті заттар қорын сақтауға не себепті кеңес берілетінін түсіндірді.
“Қазір Төтенше жағдайлар министрлігі қараша айында қандай да бір төтенше жағдай болуы мүмкін деген ескерту таратқан жоқ. Сонымен қатар тұрғындарға азық-түлік, су мен дәрі-дәрмек қорын шұғыл жинау туралы нұсқау берілген жоқ”, – деп хабарлады ведомство.
Қазақстандықтарға 72 сағатқа жететін қор не үшін қажет?
Сонымен қатар министрлік үйде қажет заттардың қорын сақтау туралы ұсыным бар екенін растады. Алайда бұл – алдын алу шарасы. Ол қандай да бір нақты қауіпке байланысты емес.
“Алдын ала үш тәулікке (72 сағатқа) жететін алғашқы қажет заттардың қорын дайындау – халықтың ықтимал төтенше жағдайларға, соның ішінде жер сілкінісі мен су тасқынына әзірлігін арттыруға арналған ұсынымдардың бірі”, – деді министрлік.
Министрлік ең алдымен, ауызсу қорын дайындау керегін айтты. Олардың мәліметінше, әр адамға тәулігіне шамамен үш литр су есептелуі керек. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасыға үш күнге 36 литр ауызсу қажет.
Оған қоса, үйде мынадай заттар болғаны дұрыс:
- консервілер, кепкен нан, нан қытырлақтары, жарма және ұзақ сақталатын басқа да азық-түлік;
- алғашқы көмек қобдишасы, таңғыш материалдар және отбасы мүшелеріне қажет дәрі-дәрмек;
- жеке құжаттар мен қолма-қол ақша;
- ұялы телефондар, қуаттағыштар мен пауэрбанк;
- қолшам және жылы киім.
Қараша айында алаңдауға негіз бар ма?
Министрлік жағдайды тәулік бойы бақылап, азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қадағалайтынын айтты. Сонымен бірге олар тұрғындарға қауесет пен расталмаған жарияланымдарға сенбеуге кеңес берді.
“Өзекті әрі ресми ақпаратты министрліктің ресми сайтынан, 112 Telegram-арнасынан және ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады. Сонымен қатар “Қазгидромет” пен басқа да мемлекеттік органдардың хабарламаларын бақылаған жөн. Төтенше жағдай туындап, көмек қажет болса, 112 нөміріне хабарласу керек”, – делінген жауапта.
Ал әлемдік тәжірибеде қалай?
Шын мәнінде, үш күндік қор дайындау туралы ұсыныс кеше пайда болған жоқ. 2025 жылы 26 наурызда Еуропалық комиссия “Дайындық одағы” (Preparedness Union) стратегиясын таныстырды. Құжатта Еуропалық одақ тұрғындарының төтенше жағдай кезінде сырттан көмек алмай-ақ кемінде 72 сағат өз қажетін қамтамасыз ете алуы үшін арнайы ұсынымдар әзірлеу көзделген. Стратегия табиғи апаттар, климаттық өзгерістер, кибершабуылдар, геосаяси шиеленістер мен әскери қақтығыстар сияқты түрлі қауіп-қатерді қамтиды.
Бұл бастама Еуропамен шектелмейді. Ұлыбритания үкіметі 2026 жылы 22 қазанда “Be Ready” атты үш жылдық науқанын бастады. Осылайша олар тұрғындарды төтенше жағдай кезінде үш күн бойы өздігінен күн көруге дайын болуға шақырды. Билік үйде ауызсу мен ұзақ сақталатын азық-түлік қорын ұстауға кеңес берді. Сонымен қатар қолшам, қосымша батарея, пауэрбанк, алғашқы көмек қобдишасы, радиоқабылдағыш пен үй жануарларына арналған азық сияқты заттарды алдын ала дайындау ұсынылған.

Әлеуметтік желіде тараған бір тізімде мұндай ұсынымдар 16 елде және Еуропалық одақта бар екені айтылады. Ал Newsweek басылымының картасында бұрыннан осындай кеңес беріп келе жатқан мемлекеттерді қоса есептегенде, 33 ел көрсетілген. Осы сандарға сүйеніп, “кемінде 19 үкімет тұрғындарға ескерту жасады” деген тұжырым тараған. Алайда бұл – әр елдің ұсынымы бір уақытта қабылданғанын немесе жаңа қауіпке байланысты жарияланғанын білдірмейді.
АҚШ-та да төтенше жағдайға дайындық әскери деңгейде күшейіп жатыр. Fortune басылымының мәліметінше, Пентагон АҚШ аумағындағы ірі әскери базалардың сыртқы көмексіз кемінде 90 күн жұмыс істей алуына мүмкіндік беретін жоспар әзірлеп жатыр. FORTRESS деп аталатын бастама аясында әскери нысандардың электр қуаты, су, жанармай және байланыс жүйелері бойынша тәуелсіздігін арттыру көзделген. Жоспарда шағын ядролық реакторлар, энергия сақтау батареялары мен дербес электр желілерін пайдалану да қарастырылған.
Дегенмен Пентагонның 90 күндік жоспары мен тұрғындарға арналған 72 сағаттық қордың мақсаты бірдей емес.
- Біріншісі – әскери базалардың сыртқы инфрақұрылым істен шыққан жағдайда да жұмысын жалғастыруына бағытталған;
- Екіншісі – табиғи апат, кибершабуыл, электр немесе су жүйесінің істен шығуы кезінде құтқару қызметтері көмекке жеткенше тұрғындардың негізгі қажетін қамтамасыз етуге арналған.
Сондықтан үш күндік қор жинау туралы ұсыныстарды “соғыс басталады” деген ескерту ретінде қабылдау дұрыс емес. Елдер әртүрлі қауіпке дайындалып жатыр: бір жерде басты қатер – табиғи апат, енді бірінде – кибершабуыл мен инфрақұрылымның бұзылуы, ал Еуропаның бірқатар мемлекетінде әскери қауіп те ескеріледі. Ортақ мақсат – төтенше жағдайдың алғашқы кезеңінде халықтың сыртқы көмекке толық тәуелді болмауы.
Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісіне байланысты “дабыл чемоданын” жинап қоюға шақырған еді.
“Дабыл чемоданында” құжаттар, ақша, алғашқы медициналық көмек жинағы, үш күндік тамақ, ауыз су, консервілер, жоғары калориялы тағамдар, гигиеналық құралдар, жылы киімдер, көрпе, керек-жарақтар (радио, фонарь, батареялар, сіріңкелер, құралдар, ысқырық) болуы қажет.