Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мобильді аударымдар тексерілгеннен кейін қазақстандықтардың шоттары бұғаттала бастаған: Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді

Ақша аудару
Фото: istockphoto.com

Мемлекеттік кірістер комитеті тексерістен кейін кейбір қазақстандықтардың банк шоттарындағы шығыс операциялары неліктен тоқтатылғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті банк шоттарының бұғатталуына қатысты ресми түсініктеме жариялады. Ақпаратта шығыс операциялары қандай жағдайда тоқтатылатыны және шектеуді қалай алып тастауға болатыны айтылған.

Комитет мәліметінше, шоттарының бұғатталуына камералдық бақылаудың өзі емес, салық төлеушілердің жіберілген хабарламаға уақытында жауап бермеуі себеп болған.

“Мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылауды тұрақты жүргізеді. Қазір ол екінші деңгейдегі банктердің мәліметтері (POS-терминалдар арқылы түсімдер) және мобильді аударымдар бойынша жүргізіледі. Егер бұл мәліметтер салықтық есептілік деректерімен сәйкес келмесе, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі”, – делінген хабарламада.

Комитеттің хабарлауынша, мұндай хабарламалар қыркүйек айында жіберілген.

Салық төлеушіге хабарлама оның жеке кабинетіне жеткізілген күннен бастап 30 жұмыс күні (45 күнтізбелік күн) ішінде жауап беруі қажет. Егер осы мерзімде жауап берілмесе, банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.

 

Хабарламаны қалай орындауға болады?

Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге хабарламаны орындаудың екі жолын ұсынады:

  • қосымша салық есебін тапсырып, тиісті салықтарды төлеу;
  • деректер арасындағы сәйкессіздіктің себептеріне қатысты түсініктеме ұсыну.

Комитет мәліметінше, салық төлеуші хабарламаға жауап бергеннен кейін шоттардағы шектеу алынып тасталады. Осыдан соң банк шоттары арқылы шығыс операцияларын қайта жасауға болады.

Хабарламаның бар-жоғын тексеріп, оған жауапты салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы жіберуге болады.

Еске салсақ, бұған дейін 2026 жылы банк аударымдарын тексеру нәтижесінде 115 мың қазақстандыққа салық органдарынан хабарлама келгені туралы жазған едік. Мобильді аударымдарға байланысты тексеріске іліккен қазақстандықтар декларация тапсыруы қажет. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 22:55